Жарнама
Жаңалықтар

БАҒА ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

 Баршамызға белгілі, ақпанның 11-інде Үкімет басшысы Серік Ахметов жиын өткізіп, мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге  бағаны  қадағалауды тапсырды. Бұл ретте өңірлерде жұмыс тобынан құралған арнайы штаб құрылып, әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында іс-шаралар жасақталды. Бақытжан Әбдірұлының айтуынша, аймақтар ұсынып отырған мәліметке қарағанда, жағдай қалыпты деңгейде. Бағада өзгеріс жоқ. Тек валюта айырбастау пункттерінде ғана өсім байқалады. Дегенмен, азық-түлік пен жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру жайы  күн тәртібінен түспеуі тиіс. 

— Шұғыл түрде алынған соңғы ақпарға сенсек, кей өңірлерде азық-түлік бағасының өсімі бар. Мәселен, Қызылордада шай 100, құс еті 70, айран 40, жұмыртқа 3 теңгеге өссе, Павлодарда ет өнімдерінің бағасы шарықтап кеткендігі анықталып отыр. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында да осындай фактілер орын алған. Ал, АҚШ доллары курсы бойынша Ұлттық банк бекіткен шекті бағадан Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау өңірлерінде өсім бар,-деді Бақытжан Сағынтаев. Ол мұндай жағдайды ретке келтіру үшін ресми көрсеткішті емес, шынайы жағдайды баяндау керектігін тағы бір мәрте ескертті. Себебі, ғаламтор желісі әр адамның қалта телефонында бар, мұндайда шындықты жасыру мүмкін емес. «Біз бір-бірімізді алдап емес, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Жұртшылықтың бәрі сауатты. Проблеманы айтпау – дұрыс емес. Ресми деректе бәрі қатып тұрғанмен, әлеуметтік желілермен маған келген суреттерде жағдай мүлде басқаша. Мүмкіндікті пайдаланып, заңсыз әрекет жасағандар жазасыз қалмайды», — деп қадап айтты Б.Сағынтаев. 

Сондай-ақ, Үкімет басшысының бірінші орынбасары әкімдіктер мен Ұлттық банк филиалы басшылығы бірлесіп, заңды түрде жұмысты қатайту керектігін жеткізді. Ал, бірлесіп атқарылып жатқан шаруалар мен алынған шаралар легін қалың бұқара білуі тиіс. Облыс әкімдерінің ірі көтерме сауда орталықтарымен келісімге келіп, Меморандум жасақтағанын, тексеріс жүргізгендерін жұртшылық көруі керек. «Біз жабық түрде жиындар өткізуіміз мүмкін, бірақ, бағаның тұрақты күйде екенін халық сезінуі қажет», — деді Бақытжан Әбдірұлы. 

Рас, еліміздегі тұрақтандыру қорындағы азық-түлік көлемі 43 мың тоннаны құрайды.  Кейбір аймақтар осы қордағы өнімдерін пайдалануды бастап кетті. Ұлттық банк шешімін қабылдады, ендігі міндет – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарда. 14 ақпанда Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін кеңейтілген отырыста өңірлердегі жағдай айтылады. Сол себепті, облыс әкімдері басқаратын арнайы штаб сапалы жұмыс жасауы керек. Бұл ретте түсіндіру шараларының алар орны ерекше. Ірі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мұның тиімді тұстарын халыққа жеткізуі қажет. Бұл жағдай Қазақстан мен Белоруссия арасындағы сауда қатынасында біздің елге оң әсерін тигізгенін әрбір жан білуі керек. Курс өзгеруінің импортқа да ықпалы тигенін отандық өндіруші айтқаны абзал. «Нан бағасы өспейді. Арзандатылған бағамен дән алу мәселесі қаралып жатыр. Азық-түліктің негізгі түрлері өзімізден шығады. Сондықтан,  бағаны өсіруге негіз жоқ. Әрине, бір-екі күн ішінде пайда табамын деп мүмкіндікті пайдаланып жатқандар да жоқ емес. Арнайы штаб осыны реттеуі тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев. Бүгінгі таңда ешқандай өзгеріс болмайтынын қайталаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары қажетті қор сақталғанын жеткізді. Соңғы мәліметке сенсек,  300 мың тонна көлемде қорымыз бар. Сол себепті, алаңдауға да негіз жоқ. 

Бақытжан Әбдірұлы табиғи монополия субъектілеріне тариф көтерілмейтінін атап көрсетті. Газ бойынша да баға әзірге бірқалыпты деңгейде қала бермек. Содан кейін аймақтарда жедел түрде қолға алынған іс-шаралар барысы тыңдалды. 

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтқанындай, ақпанның 11-інде өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов ірі көтерме сауда орталық жетекшілерімен шұғыл жиын өткізіп, аудандарға нақты тапсырмалар жүктеліп, арнайы штаб құрылды. «Газды «Теңізшевройл» ЖШС-нен теңгемен сатып алып отырмыз. Сондықтан, бағада өзгеріс болмайтынына сенімдіміз. Облыста 84 жанар-жағармай бекеті болса, оның 37-сі «Гелиос» пен «Қазмұнайгаз» бекеттері де, қалғандары шағын жекеменшік мекемелер. Бұл мәселеде шешілмеген жайттар да жоқ емес. Тұрақтандыру қорында 3700 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сақталған, қалада 59 нысанда жыл басынан бері сенбі, жексенбі күндері жәрмеңке өткізу арқылы өнімдерді шығарып жатырмыз. Валюта курсында 30 теңгедей айырмашылық бар екендігі айтылып қалды. Қолдағы мәлімет бойынша Атыраудағы жиырмадан астам екінші деңгейлі банк филиалдары мен 11 шағын жекеменшік айырбастау пункттеріндегі жағдай қалыпты. Бұл бағыттағы шаралар аясында ірі сауда орындары басшыларымен Меморандумға отыру  ниетіміз  бар.  Жұмыс  жалғаса береді. Мамырға дейін газ бағасын көтермеу туралы шешімді құптаймыз. Себебі, бұған дейін де жеке тұлғаға 15 пайыз, заңды тұлғаға 22,2 пайыз өсім болған еді», — деді Ғұмар Ислямұлы.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев ресми ақпараттардан бұрын халықтың пікіріне құлақ асу керектігіне тоқталды. Әкімдікте жүздеген қызметкер еңбек етеді. Селекторлық кеңесте олар да бағаны қадағалау шараларына атсалысуы керектігі сөз болды. 

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button