ЖаңалықтарШаһар шырайы

Балықшыдан тұтынушыға дейін…

Елбасының қазақстандықтарға Жолдауында елімізде еңбек өнімділігін арттыру және экспортқа шығарылатын өңделген өнімнің көлемін ұлғайту міндеті алға қойылған болатын.

dqef

Бұған республикамыздың агроөнеркәсіп кешенін өркендетудің 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында басымдықтар беріліп отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын тауар өндірушіден өңдеуші салаға айналдыру бағытында балық өнеркәсібін де уақыт пен заман талабына сай дамытуға баса назар аударылған.

Мұны жақында ел Үкіметінде өткен алқалы жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев атап өтті. Оның мәлімдеуінше, осыған байланысты салалық министрліктің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жанынан білікті мамандар мен сарапшылардан тұратын жұмысшы тобы құрылған. Топтың құрамына «Қазақ балық шаруашылығы» қауымдастығының, республикалық балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, «DASKO Consulting Group» компаниясы, т.б. ұйымдар мен атқарушы билік құрылымдарының өкілдері енген. Қазірдің өзінде жұмысшы топ Қазақстанда балық шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі салалық бағдарламасын дайындауды қолға алып отыр.

Бұған бүгінгі таңда балық шаруашылығы саласында қалыптасқан күрделі ахуалдың себепші болғаны шындық. Мәселен, біздің елімізде балық өнімдерін тұтынудың жан басына шаққандағы көрсеткіші жылына 10,7 келіден келсе, дамыған мемлекеттерде 26,8 келіні құрайды. Осының өзінен-ақ, республикамызда балық өнімдерінің қаншалықты аз өндірілетінін аңғару қиын емес. Мұндай жағдайға жетуіміздің басты факторының бірі – бұл салада «көлеңкелі бизнестің», яғни «су маржандарын» заңсыз жолмен аулап, өңделген балық өнімдерін жасырын түрде сатып-өткізу болып келгені рас. Сарапшылардың бағалауынша, жеңіл жолмен табылған «олжаның» үлес салмағы жария, яғни заңды түрдегіден үш есеге көбейіп кеткен. Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегімен салыстырғанда, соңғы мезгілде еліміз бойынша ресми түрде ауланған балықтың көлемі 2, ал тауарлы балық аулау көрсеткіші 3,5 есеге дейін кеміген. Осыдан-ақ республика тұрғындарының сұранысын балық өнімдерімен толыққанды қамтып, қажеттілікті қанағаттандырудың қаншалықты қиынға түсетінін бағамдауға болады.

Соның өзінде, былтыр Қазақстаннан шетке шығарылған балық өнімдерінің қаржылай көлемі 54 млн. АҚШ долларын құрап, мал шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемінен асып кеткен. Соған қарағанда, өндіріс көлемін арттыру, ішкі нарықты толтыру, импорт алмастыру мен экспорт көлемін ұлғайтуда балық шаруашылығы әлеуетінің қаншалықты жоғары, мүмкіндігі мол екендігін бағамдау қиынға соқпайтын тәрізді.

Осыны ескеріп, бағдарламада көзделгеніндей,болашақта балық шаруашылығын төмендегідей төрт бағытта дамыту қарастырылған. Біріншісі – нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру. Екіншісі – балық шаруашылығын басқару жүйесін жаңғырту. Үшіншісі – бизнесті кешенді қолдау. Төртіншіcі – ресурстарды тиімді пайдалану.

Тарқатып айтсақ, мұндағы басқару жүйесін жаңғырту кезеңі келешекте жүзеге асырылуы жоспарланып отыр-ған жалпы цифрландыру үрдісінің маңызды бір бөлшегі саналады. Нақтылай түссек, бұл балық өнімдерінің балықшыдан тұтынушыға дейін жетуін бақылау жүйесін қолданысқа енгізу дегенді білдіреді. Оның үстіне, дәл осы жүйе біртіндеп балықтың «көлеңкелі айналымының» үлес салмағын азайтып, деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Осылайша, «бизнесті кешенді қолдау» жергілікті ашық су қоймаларынан тоған шаруашылықтарын, Каспий теңізінен балық аулау кооперативтерін (әлеуеті 20 мың тоннаға дейін), сонымен қатар, тұйықталған сумен жабдықталған шағын шаруашылықтар (мүмкіндігі 5 мың тонна «су маржанын сүзу) ұйымдастыруды қамтиды. Назар аударарлық бір жайт, осындай шаруалармен шұғылдануға ниетті кәсіп иелерінің балық питомниктеріне керекті құрал-жабдықтар мен техникаларды, сонымен бірге, тоғанды-тауарлы шаруашылықтарды сатып алу шығындарын ішінара өтеуге қазынадан қайтарымсыз қаржы беру (субсидиялау) көлемі 25 пайызға дейін көтеріледі деп күтілуде.

Ал, «ресурстарды тиімді пайдалану» бөлімінде табиғат байлығының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету мен тұтыну көлемін тұрақтандыруға көбірек көңіл бөлінеді. Осы тұрғыда, «бізде балық аулаудың шығыны аз тәсілдерін өндіріске енгізіп, бұрыннан қолданыста болып келген теңізден балық аулау кәсіпшілігін жандандырып, қайта қалпына келтірудің мүмкіндігі де жеткілікті» деген пайымдарын алға тартады сарапшылар. Бұл орайда теңізден әр маусымда 12 мың тоннаға дейін балық аулауға болады екен. Әрине, мемлекеттік бағдарлама аясындағы осы және өзге мәселелер төңірегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін отандық ғалымдардың көмегіне жүгіну қажеттігі туындайды.

Сайып келгенде, он жыл мерзімді қамтитын бағдарлама толықтай жүзеге асырылғанда 200 млрд. теңгеге дейін дайын өнім өндіріп, экспорттық тауарды 50 мың тоннаға жеткізіп, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашудың мүмкіндігі бар. Бұл үрдісте ежелгі кәсібінен нәсібін табуға дағдыланған атыраулықтардың да өзіндік үлесі болары кәміл.

Дәулетқали Аруев

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button