foto 008 2

ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Жаңалықтар


Қазақ жазуын латын әліпбиі негізіне ауыстыру – әбден пісіп жетілген, мемлекеттік тіліміздің болашағына аса қажетті мәселе. Әліпбиді ауыстыру – мүлде қаражат шықпайтын шаруа емес. Бірақ, шығынды тым асыра бағалау – бекер сөз. Әліпбиді ауыстырудың ең толғақты, ең салмақты нәтижелері – жаңа әліпби қазақ жазуының кемшіліктерін жоюға мүмкіндік береді, тілдің дамуына, қолданысын кеңейтуге айрықша әсер етеді.

Balmagambetov Isatay

Оның үстіне, графиканы ауыстыру – халқымыздың тарихында бар тәжірибе.  Бұл сөзімізге 1929-1940 жылдар аралығын қамтыған тарихи реформа дәлел бола алады. Бұдан кейін де  латын  қарпі қоғамдық өмірден жоғалып кеткен жоқ. Ғылым мен білімде, терминологияда, медицина саласында кеңінен қолданылып келеді. Ал, тәуелсіздік алып, әлемдік қауымдастыққа тең мүше болған Қазақстанда латын әліпбиі бұрынғыдан да көп қолданыла бастады. Өздеріңізге белгілі, шетелдік тауарлар, құжаттардағы жазулар, мекеме, демалыс орындарының атаулары осы қаріппен жазыла бастағанын көзіміз көріп отыр.       

Қазіргі таңда 32 әріпке негізделген әліпбидің белгілі бір деңгейде тәжірибелік кезеңі басталды. Десе де, оның әлі де болса жетілдіретін тұстары бар деп ойлаймын. Ең алдымен, біз латын әліпбиінің халықаралық алфавит екендігін ескеруіміз қажет. Демек, біздің әліпбиіміз де халықаралық нормаларға толықтай сәйкес келуі керек. Айталық, әліпбидегі бес әріп – «і» – (і), «и», «й» – (I), «ұ» – (U), «ү» – (U’), «у» – (Y’) әріптерінің таңбалану мәселесін қайта қарауымыз қажет. Мысалға, пікір – pikir сөзі күнделікті қолданыста немесе қазақ тілін аса меңгермеген адамның тарапынан «пикир» болып оқылып жатуы әбден мүмкін. Сондықтан, «і» мен «и», «й» әрпінің латынша таңбалануының арасында айырмашылық болуы қажет.

Халықаралық стандарт дегеннен шығады, өз облысымыздың латынша жазылуында да мәселе бар. Асылында, «у» әрпінің халықаралық стандарттаудағы таңбалануы «u». Күнделікті қолданыста жүрген электронды пошталар mail. ru, inbox. ru-да, «у» – «u» болып таңбаланып жүр. Ендеше, шетелдердегі әріптестеріміз «Atyray’»-ды «Атырай» деп оқып отырса, таңдануға болмайды. Сондықтан, әліпбидің соңғы үлгісі әлі де болса жетілдіруді қажет етеді деп санаймын.

Рас, латын әліпбиі – халықаралық графика. Демек, латын – технологияның тілі.  Латын әліпбиін меңгеру жас буынның арасында аса қиындық келтіре қоймайды. Себебі, жастар жаңа технологияның тілін жақсы меңгерген. Күнделікті телефон, айпад, ноутбуктардың тілі жастар үшін көмекке келе алады. Жаңа әліпбиді балалар мектептен үйрене алады. Ендеше, әліпбиді үйретуде қиындықтарға тап болатын аудитория қандай? Әрине, бұл орта жастан асқан ересектер мен қарттар аудиториясы. Осы ретте мақсатты аудиторияға тіл оқыту орталықтары көмекке келуі тиіс.

Жаңа әліпбиді үйретуге екі апта мен бір ай аралығында курс-тар ұйымдастырылса және оқыту орталықтарының жұмысы қаламен ғана шектелмей, аудан, ауылдарды да қамтыса, нақты нәтижелерге қол жеткізер едік. Жұмысты жеделдету үшін ұялы телефонға жаңа әліпбиді онлайн режимінде үйретуге бағытталған арнайы қосымшалар жасалып, интернетке енгізілетін болса, тіптен тиімді болар еді. 

Ал, оқу орталықтарының қызметі ақылы бола ма? Бұл – өз алдына бөлек қарастыратын мәселе. Десек те, мұндай оқу орталықтарын ынталандыру мақсатында Үкімет тарапынан арнайы субсидия бөлінетін болса, бұл да нақты нәтижеге жұмыс істеудің бір форматы болар еді. Өйткені, қазір ағылшын тілін оқып-үйренуге мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр, ендеше, ана тіліміздің жаңа да аса қажет әліпбиге көшуі үшін осындай шаралар алынуы тиіс.

Әліпби ауыстыру тарихи жауапкершілік болғандықтан, латын графикасын меңгеруде де мұқияттылық керек. Жұмысты бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістікте насихаттаудан бастағанымыз дұрыс. Бір ақпараттық хабар кириллицамен берілсе, жанына сол нұсқаны латын графикасымен жариялау тәжірибесін енгізуге болады. Яғни, екі ақпаратты салыстыра оқу арқылы оқырманның да көзі жаттығы түседі, қаріптер де жадыңда жаттала бастайды. 2018 жылдың наурыз айынан бастап, «Аtyraý» газеті өзінің атауын латын графикасында жаза бастады. Сонымен бірге, газеттің ішкі беттерінің атаулары да латынша жазылуда. Бұл да болса, біздің белгілі бір деңгейде жасаған нақты қадамымыз болып отыр. Әліпби ауыстыру ешбір саланы айналып өтпейтіндіктен, бүгінгі күннен бастап кез-келген мекеме маңдайшаларын жаңаша жазып, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үлкен форматта көше таблоларына іліп,  көз үйрете бергеніміз де  өте маңызды.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған