БҰРҒЫ ҰШЫНДАҒЫ БЕРЕКЕ
Атырауда Геолог күнін мерекелеуге жиналған жұртшылық алдымен өзінің есімі берілген орталық көше бойында орнатылған Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының акт залына жиналды. Салтанатты шараны Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының төрағасы, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек ҚУАНДЫҚОВ жүргізді. Айтпақшы, бұдан тура бес жыл бұрын Атыраудағы бастамашыл топтың ұсынысымен құрылған бұл ұйым бүгінде қайта тіркеуден өтіп, республикалық мәртебеге ие болып үлгерген.
Ал, жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ баршаға аймақ басшысының ыстық сәлемін жеткізді. Расында да, өңірдегі Майкөмген, Мұнайлы, Қараарна, Майтөбе, Қаратон, Қарамай, Қарашүңгіл, Жақсымай, т.б. атаулар осындағы «қара алтын» қорымен байланысты. Қарашүңгілден басталған қазақ мұнайының тарихы ғасырдан аса уақытты қамтиды. Соғыс жылдары Мақат кәсіпшілігі майдан қажетін өтеді. Доссор мұнайының сапалылығы соншалық, ол сол күйінде танкілерге құйылды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қатарға қосылған кеніштер – қазақстандық геологтардың кәсіби біліктілігі мен ерен еңбегінің жемісі. Бүгінде әлемде ең үлкен саналатын он кеніштің екеуі – бізде. Сайып келгенде, Теңіз бен Қашаған кен орындары Қазақстанды дүние жүзіндегі көмірсутегі шикізаты мол мемлекеттердің қатарына қосады.
Жиналғандар алдында Сафи Өтебаев, Таумыш Жұмағалиев, Салтанат Балғымбаев, Асабай Хисметов, Мақаш Балғымбаев, Орынғазы Есқазиев, т.б. геологтар есімдері ерекше ілтипатпен аталды. Солардың ерен еңбегі нәтижесінде ашылған алаңдардан әлі өнім өндірілуде. Турасын айту керек, тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында кездескен экономикалық қиындықтардан да елімізді мұнай-газ кәсіпшілігі құтқарды. Қазірде бұл сала мемлекетіміздің одан әрі дамуында аса маңызға ие. Елбасы геологиялық іздестіру шараларына ден қойып, барлау жұмыстарына аса мән беріп отыр. Осы орайда инновациялық технологияны енгізу міндеті қойылды. Қазір республикада 15 геологиялық зерттеу институты жұмыс жасайды. Ақырында, Мемлекет басшысы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға геологтардың да сүбелі үлес қосары кәміл.
Атыраудағы шара өзгеше өткізілді. Ол өңірдегі қазақ мұнайының қара шаңырағы саналатын «Ембімұнайгаз» мекемесінде ұйымдастырылды. Бір-бірімен көптен кездеспеген байырғы геологтар бас қосты. Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтын тәмамдаған, ұзақ жыл Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында еңбек еткен Мәтжан Қарымбаев Құлсарыдан арнайы келіпті.
Өз кезегінде әріптестерін «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ құттықтады. Оның айтуынша, республикада дәлелденген көмірсутегі шикізатының мол қорына ембілік геологтар сүбелі үлес қосты. Аға ұрпақ Теңіз, Кеңқияқ, Өзен, Жетібай, Қаламқас, т.б. кеніштерді игерді. Енді оны бүгінгі мамандар жалғастыруда.
Құрманғазы Орынғазыұлының айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы республикадағы кен орындары жан-жақты зерттелді. Оның нәтижесі Елбасы мен салалық министрлікке хабарланды. Сөйтіп, геологиялық іздестіру шараларына қажетті қаражат бөлінді. Сейсмикалық жұмыстар қолға алынды. Ғылыми қызметтер жүзеге асырылды. Мәселен, Атыраудағы «Каспиймұнайгаз» институты заманауи жабдықтармен жарақтандырылды.
Жалпы, өңірде өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасына дейін тек тұзүсті қабат қана бұрғыланды. Ал, бүгінгі жинақталған геологиялық мәліметтер 5-9 мың метр аралығынан өнім алуға болатындығын көрсетеді. «Ембі-мұнайгаз» мекемесі алдағы уақытта геологиялық барлау жұмыстарын өрістетпекші.
Салтанатты шарада Қазақстан мұнайшы-геологтар республикалық қоғамы төрағасының орынбасары, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Қосан Тасқынбаев осы ұйымның өткен жылы атқарған жұмысына шолу жасады. Бүгінде қоғамның бастамасымен «Жас геолог» қоры құрылыпты. Бұл жастардың осы мамандыққа қызығушылығын тудырмақ. Бұл бағытта Индустрия және жаңа технология құрамындағы Геология комитетімен бірлесіп бірқатар шаралар жүзеге асырылыпты. Халықаралық байланыстар орнығып келеді. Қазақ геологиясына сүбелі үлес қосқан майталмандар туралы естеліктер жариялануда. Биыл Астанада Қазақстандағы геологиялық барлау мәселесіне арналған бірінші халықаралық форум өтті. Мамырдың соңында үшінші мәрте «АтырауГео-2015» ғылыми конференциясы ұйымдастырылады. Мақат кенішінің 100 жылдығына орай кітап шығарылмақ.
Басқосуда, сондай-ақ, Марабаев атындағы республикалық мұнайшылар қоры Атырау филиалының төрағасы Болат ӨТЕБАЕВ, ардагер-геолог Мұрат ИЛЬЯСОВ сөйледі. Салтанат соңы көркемөнерпаздар концертіне ұласты. Ардагер геологтар мен бірнеше еңбек озаттары марапатталды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.