АБАЙ МҰРАЛАРЫ – АТЫРАУДА

Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ойшыл-аудармашы Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай сонау Семей қаласындағы ұлы ақынның «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайынан «Хакім Абай ұлағаты» деп аталатын жылжымалы көрме Атырауға келді. Оның жәдігерлері облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қойылды.

Алдыңғы күні жұмысын бастаған жылжымалы көрме бір ай бойы мұнайлы мекен тұрғындарына ашық болады. Шығыстан жеткізілген жәдігерлер қатарында кезінде Абай Құнанбайұлының қолданған асатаяқ, қамшы, домбыра, сыбызғы, кісе белбеу, торсық, т.б. күнделікті тұтынатын бұйымдары бар. Бұлардың кейбірін кезінде ұлы ақынға замандастары сыйға тартқан.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мұндай шараның жастар санасында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда үлкен маңызы бар екендігін атап өтті. Семейдің «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының басшысы Жандос Әубәкіровке облыс әкіміның Алғыс хаты табыс етілді.

Сонымен қатар, жергілікті ақын-жазушылармен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттерімен кездесу барысында да ақынның әдеби мұрасының маңыздылығы атап айтылды. Абайдың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, жастар арнау өлеңдерін оқыды.

Амандық АБДОЛОВ.

Суреттер Ә.ӘбілғазиевТІКІ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз