Жарнама
Жаңалықтар

«БҰЛ – ҰЖЫМЫМЫЗДЫҢ ЖЕҢІСІ»

— Алдымен, Мұрат Жақыпұлы, жүлде құтты болсын! Еңбектің лайықты бағалануы қашан да көңілге қуаныш ұялатып, қызметтік өрлеуге бастап, ерік-жігер береді емес пе?
— Иә, әрине, үлкен рахмет! Бұл жүлде жеке менің емес, тұтастай аурухананың үлкен ұжымының еңбегін бағалау деп білемін. Тіпті, бұл сыйлыққа ұсынылып, осындай марапатқа кенелетінімізді алдын-ала білмеуіміз қуанышымызды еселей түседі. Біз осынау шара туралы шыны керек, хабардар болмаған едік. Ең алдымен маусым айында шақырту алдық, сосын айтылған уақытта Астанаға «Тәуелсіздік сарайына» бардық.
Жалпы, бұл алқалы шараға мұрындық болған «Ұлттық бизнес рейтинг» –Мемлекеттік статистика органдары көрсеткіштері негізіндегі Қазақстан кәсіпорындарын рейтингілеудің мемлекеттік тәуелсіз бағдарламасы.
Осы басқосуда отандық экономиканы дамытуға үлес қосқан сала басшысы ретінде «Қазақстанның даңқы» орденімен марапатталдым. Сондай-ақ, озық технологияларды дамыта отырып, тиімді жұмыс жасаған мекеме ретінде «Қазақстанның көшбасшысы-2013» қабырға медалін иелендік. Сол секілді, біздің аурухананың бөлім меңгерушісі Айжан Сағиева қызмет жолындағы жетістіктері мен саладағы ұзақ жыл жасаған еңбегінің нәтижесінде «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалінің иегері атанды. Ал, бас медбике Гүлмайда Есмағамбетоваға «Жылдың маманы» дербес сертификаты табысталды.
Атап өткенімдей, бұл біздің ұжымымыз үшін зор қуаныш. Науқастар санын азайтып, ел саулығын түзеу жолындағы еңбегіміздің осындай жоғары дәрежеде құрметтеліп, бағалануы – үлкен мерей, болашақ күнге зор сенім сыйлайды.
— Жалпы, бұндай марапатқа қай көрсеткіштер бойынша қол жеткіздік деп ойлайсыз?
— Біздің аурухананың өз алдына бөлек мекеме болып шыққанына бес жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығындағы еңбек жолымызға қарасақ, көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Ауруларды анықтау көрсеткішіміз жоғарылап, қаржылық жағдайымыз да жыл санап түзеліп келеді. Салаға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткішіміз де жақсы.
— Медицина сынды салаға қажетті қымбат құрал-жабдықтар әдетте шетелден алып келінеді. Осы ретте отандық мамандар олардың тілін меңгере алмай, құралдардың тұрып қалатыны жасырын емес. Бұл мәселе сіздің ауруханаңызда қалай шешілуде?
— Өзгелер секілді біздер де медициналық құралдарды алыс-жақын шет елдерден алдыртамыз. Алайда, екі мекеме арасындағы келісім талаптарына сай, қондырғыны жеткізіп беру, оны ауруханаға әкеліп орнату, ол құралмен жұмыс жасайтын маманды арнайы курстан өткізу соның ішіне енгізіледі. Сол себепті, біз медициналық құрылғыға тапсырыс берген сәтте-ақ, болашақта онымен жұмыс жасайтын маманды арнайы оқытуға жібереміз.
— Осы тұста мамандарға қатысты сауал туындап отырғаны. Сіздің ауруханаға қажетті маман жеткілікті дәрежеде ме? Оқуды жаңа бітірген жастарды жұмысқа алу жайына қалай қарайсыз?
— Қазіргі таңда ауруханада қызмет ететін мамандардың 90 пайызын жастар құрайды. Мамандар толығымен жеткілікті. Әрине, жастарды еңбекке тартып, қызметке алмасақ, олар қайдан кәсіби деңгейін көтере алады. Сондықтан, арнайы дипломы бар мамандармен сөйлесіп, бет алысын байқаған соң, жұмысқа алуға тырысамыз. Былтырғы жылы осындай екі жасты қызметке қабылдадық, қазір олар жақсы жұмыс нәтижелерін көрсетуде. Жасыратыны жоқ, медицина саласы мамандарының жалақысының аз екені айтылып жүр. Десек те, мүмкіндігімізге қарай, жастардың әлеуметтік жағдайын түзеуіне, жұмыс көрсеткішіне сай лайықты ақы алуға болатындығын көрсету мақсатында ынталандырып отыруға тырысамыз.
— Соңғы уақытта көз ауруларына шалдыққан науқастардың «жасарып» бара жатқаны аз айтылып жүрген жоқ…
— Расында да, осы уақытқа дейін көбіне егде жастағы адамдар көз ауруларына жиі шалдығады деп келген болатынбыз. Қазір олай емес. Кішкентай балалардың катаракта, туабітті ауруларға, көз айналасындағы жас түтікшелерінің бітелуіне шалдығуы жиілеп барады. Осы аурулар санын азайту, не оларды дер кезінде емдеу мақсатында лазерлік және жіпсіз ота жасау ісін жолға қоюдамыз. Біздің саламызға қатысты ауруды арнайы құрылғының көмегімен ғана анықтамаса, ұзақ уақыт бойы білінбей жүре беруі әбден мүмкін. Сондықтан, диагностикалық кабинеттерді көбейту-жоспарымызда. Негізінде, жылына бір рет тексеруден өткізіліп тұрған дұрыс екендігін тағы бір мәрте атап өткім келеді.
— Көз ауруларын қарайтын облыстағы бірден-бір мекеме болғандықтан, бағаның қолжетімділігі жайын да сұрамай қала алмаймыз? Сіздің ойыңызша, ауруханаға келуді, жылына тексерістен өтуді кез-келгеннің қалтасы көтере ала ма?
— Менің ойымша, ауруларға көрсетілетін қызметіміздің бағалары қол жетімді. Жоғары санатты маманның ақыл-кеңесін алу 500 теңгеден басталады. Ал, ультрадыбысты ота жасау ересек адамдар үшін 72 мың теңге. Бұл көршілес Ресей еліндегі бағадан 2-3 есе төмен. Ал, толық тексеруден өту 15 мың теңге.
— Соңғы уақытта халық арасында көз ауруханасы жекеменшікке өтеді екен деген әңгіме бар. Осының ақ-қарасын тарқатып өтсеңіз.
— Жалпы, пилоттық режимде шаруашылық жүйеге көшіп келеміз. Бірақ, бұны дұрыс түсінген жөн. Ол аурухананың қызметі 100 пайызға ақылы болады деген сөз емес. Яғни, Үкіметтен бөлінетін қаражат та, мемлекеттік кепілдік мөлшер де сол күйінде қала береді. Бұл жеңілдік қарастырылған топқа көрсетілетін тегін көмек түрлерінің сақталатындығын білдіреді.
— Сонда бұл жүйе не өзгеріс әкеледі?
— Ешқандай. Жұмысымыз сол күйі жалғаса бермек. Бірден бағаны шарықтатып, барлығын ақылы ету жоспарда жоқ. Тек, мүмкіндіктерімізді молайту мақсатында тағы да қондырғылар алып, соларға сай қосымша ақы алынуы мүмкін. Бұл реформаның ең басты мақсаты – медициналық мекемелерде қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады.
— Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button