«Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау тәртібі өзгерді
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №289 бұйрығына орай, «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау тәртібіне өзгеріс енгізілді.
Биылғы жылға дейін «Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу екі бағдарламаны құрады және де арнайы санаттарға арналған болатын. Тестілеуде сұрақтар психометриялық есептер мен ситуациялық кейстерге негізделе жасақталған және олар кандидат туралы толық көрініс береді. Бұл сипаттама үшінші кезеңде әңгімелесу өткізу кезінде конкурстық комиссиялармен ескерілетін болатын.
Жаңа өзгеріске орай, «Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу стресске орнықтылық, бастамашылдық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға және оны хабарландыруға бағдарлану, адалдық, өздігінен даму, жеделділік, ынтымақтастық және әрекеттестік, қызметті басқару, шешім қабылдау, көшбасшылық, стратегиялық ойлану, өзгерістерді басқару деңгейін анықтауға арналған тапсырмалардан тұрады.
Ескеретін жайттардың бірі, тестілеу растық деңгейін анықтауға арналған сұрақтарды қамтиды. Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуді өту мәні растық деңгейі бойынша кем дегенде 50 %-ды құрайды және тесттерді орындау үшін 100 минут уақыт беріледі.
Үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау нәтижесі бойынша растық деңгейі 50 %-дан төмен болса, ол азамат тестілеуден өтпеді деп танылады. Аталған тестілеуде белгіленген мәннен төмен нәтиже алған «Б» корпусының лауазымына үміткерлер 1(бір) айдан кейін ғана қайта тестілеуге қатыса алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін адамдарға тестілеу операторының қолы қойылған, мөрмен расталған тестілеу нәтижелері беріледі.
Шолпан ҚАЙНЕНОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Атырау облысы бойынша департаменті,
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.