«ҚЫРАН – ҚИЯДА»

жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың
жаңа кітабы хақында

«Авторды сынау оңай, ал бағалау қиын» деген екен француз жазушысы, әрі философы Вовенарк Люк де Клапье. Сол Вовенарк айтқандай, бүгін жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың баспадан жаңадан ғана шыққан «Қыран – қияда» атты кітабына («Ағатай» баспасы) баға беріп көрмекпін.

 

Кәсібіміз журналист болғандықтан, жаңалықты елден бұрын білгіміз кеп тұрады. Осы кітаптың баспаға дайындалып жатқаны жөнінде де елдің алдымен естігендердің бірі болуымыз керек. Сонда жазушымен телефонмен тілдескенде, ол: «Менің басты мақсатым – кейіпкерімнің образын жан-жақты ашып, тұлғалық болмысын жасап шығару», – деген болатын. Міне, енді сыртқы мұқабасы көз тартарлықтай көркем су жаңа кітапты қолға алып оқып отырып, автор өзінің діттеген мақсатына жеткенін түсіндік.
Кітаптың басты кейіпкері – Мақсым Шафихұлы Ізбасов. Повестен гөрі, бір романның жүгін көтерерлік кітаптағы бүкіл оқиға желісі осы бір кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Әрине, кітапта басқа да адам бейнелері шеберлікпен ашылған: олардың портреттік бет-бейнесі, мінез-құлқы, сезім-түйсігі, өзі өмір сүріп отырған қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптаса алғандығы жазушының қаламымен шебер суреттелген. Бейне сол кейіпкерлермен күнбе-күн кездесіп, сөйлесіп, олардың жан-дүниесін де терең білетіндей сезінесіз өзіңізді. Көргені де, түйгені де мол Шафих ақсақал, баладай аңғал, қарапайым Ақбал апа, қазақ әйелдерінің үлгісіндей сұлу да парасатты Тамара, тіптен сонау бағзы жаугершілік заманындағы батырлар образы – бәрі де шынайы сомдалған. Алайда, бағамдап қарасаңыз, олардың бәрі де бір ғана басты кейіпкердің төңірегінде, сол кейіпкердің образын сомдауға қызмет жасап отырғанын да аңдайсыз. Бұл да жазушы шеберлігінің бір қырын көрсететіндей.
Тағы да классиктерге жүгініп көрсек, «Шағын ғана әдебиет туындысын жасау үшін аса үлкен тарих қажет», – деген Докеймс. Ал, бұл кітаптағы оқиға желісі сонау ХІХ ғасырды, кеңестік дәуірді және бүгінгі күнді қамтыған бір тін арқылы жалғасып, сабақтасып жатады. Қаламгер өткен шақ пен бүгінгі шақты алма-кезек шарлап, оқырманын жетелеп отырады.
Повесть бас кейіпкер, студент Мақсымның Алматыдағы институттан ауылға оралып, оны әкесі Шафихтың әуежайда күтіп алып тұрған сәтінен басталады. «Әуежайдан шыққан орта бойлы тығыншықтай әдемі жас жігітке құшағын айқара ашып қарсы жүрді… Әке: «Ұлым, Мақсымжаным», – дегенде жуан даусы күндей күркіреп шықса да, аяқ жағы тарғылданып, қарлығыңқырап барып тоқтады. Ол қаптап келген қалың жаудан тайсалмаған, қайтпаған. Өзі алғыр, республика, облыстан кеудесімен көк тіреп, бәрін қыратындай болып келген басшылардан қаймықпаған. Талай қиындықтан шайлықпаған жүрек құрғыр жалғыз ұлын сағынып көргенде сыр беріп, елжіреп кетті ме?!». Осы шағын ғана эпизодтан әкенің алай-түлей көңіл-күйін, ұлына деген махаббатын анық сезінесіз. Сол сәтте тап сол әуежайда, тап сол кейіпкерлердің қасында тұрғандай әсер аласыз. Кейіпкерлердің эмоциялық көңіл-күйін дәл суреттеу – автордың өзіндік машығы. Шафих ақсақалдың «өзім өмірден өткенде ұлым ізімді жалғай ала ма?» деп толғанып, іштей аласапыран ойларға берілуі, аяулы әкесі өмірден өткенде Мақсымның қайғырып, күйзелуі, сол сәтте достарының оны сергіту үшін өздерінше амал жасаулары, жары Тамараға деген сүйіспеншілік сезімі, басшылық қызметтен әлдекімдердің шеттетуімен кеткенде сағы сынғандай болғаны – міне, осы эмоциялық күрделі ішкі сезім қайшылықтарын жазушы тап басып бере білген.
Көркем шығармадағы Мақсымның арғы атасы Рысалы батыр туралы тараулар оқиға желісін күрделендіре түседі. Осы өткен ғасырдағы тарихи оқиғаларды баяндай отырып, автор генеалогиялық «тек» мәселесін көтереді. Рысалы батырдан тараған текті ұлдың, одан әрі Шафих әкеден алған тәлім-тәрбиесі оны қоғам, ел, әулет, отбасы алдындағы жауапкершілігін жете білетін, азаматтық биік болмысты тұлға боп қалыптасуына алып келеді.
Осы жерде жазушы отба-сылық институт мәселесіндегі айрықша маңызды ұлттық тәрбие, ұрпақ сабақтастығы тәрізді жайттарды еш ұрандамай-ақ, қарапайым, шынайы оқиғалар арқылы әдемі бейнелей отырып, ұтымды жеткізе білген. Қазақ халқының тәрбиесіндей мықты тәрбие жоқ та шығар?! Бір ғана отбасын мысалға алған жазушы осы арқылы қазақ отбасыларының қалай қалыптасатынын, қазақ халқында әкеден балаға мирас болып отыратын сабақтастықты көрсетеді. Кітап сонысымен де құнды, қазақтың барша қаракөз жастарына үлгі берерлік дүние. Шафих ата келіні Тамараны туған қызынан бетер сыйлап, еркелетіп, жақсы көрсе, оның да әкесіндей болған қайынатасына деген құрметі айрықша.
Кітапта юмор да, диалогтар да кейіпкерлер болмысын ашу үшін орнымен қолданылады.
Повесте Рысалы батыр бейнесі мүлде басқа қырынан ашылады. Ол тек жаужүрек батыр ғана емес, қара қылды қақ жарған әділ, мейірімді жан. Бірде Рысалы батыр түрікменнің ахалтекесін қазақ жылқысымен будандастыру мақсатында бір үйір малды айдап әкетеді. Сол жорықта жаудың жап-жас сұлу батыр қызы жылқыны бермеймін деп бұларға жалғыз шауып, айқасып жүргенде жарақаттанып, қолға түседі. Тұтқын қыз елге келген соң Рысалы батырды ұнатып қосылады да, өмірге екі сәби келеді.
Бірақ, қыз кезінде түрікменнің бір батырына айттырылып қойған, оның көңіл қосқан қалыңдығы екен. Міне, сол түрікмен қалыңдығын іздеп келеді. Ғашығын іздеу үшін ел кезіп, жер кезіп, арып-ашып төрт жыл бойы сарсылған. Рысалы қыздың қарсы болғанына қарамастан оны күйеуіне қосып, еліне қайтарады. Осындай тарихи оқиғалар арқылы автор ерлік пен елдік, туған жері мен елін сүйер патриоттық сезім мен нағыз ерге тән кесек мінезді насихаттайды. Осындай батыр бабалардың сынығы – басты кейіпкер Мақсымның да бүгінгі тәуелсіз еліміздің экономикасын, мәдениеті мен халықтың әлеуметтік жай-күйін көтеру жолында тер төгіп жүрген қайраткерлігін сол тектіліктің заңды жалғасы деп қабылдайды.
Кейіпкер тек отбасында жақсы жар, үлгілі әке ғана емес, ол – ел қамын ойлап, қайтсем туған жеріме азаматтық үлесімді қосамын деп шарқ ұрған азамат. Отандық мұнай компанияларында, ірі-ірі өндірістік мекемелерде басшылық тізгінін ұстай жүре, қазақ мұнайшыларының жағдайын жақсарту, ел байлығын еселеу жолындағы тынымсыз ізденісі, биік мұраттарын жүзеге асыру жолында өзіне де, өзгеге де жоғары талап қойып, тыным таппауы – нағыз ерге тән қасиет емес пе? Бұл орайда ол елім деп еңіреген құдды Рысалы атасы тәрізді.
Міне, жазушы басты кейіпкердің осындай құнды қасиеттерін ашып көрсетеді. Қазақ азаматының осындай биік тұлғалылық, азаматтық дәрежеге көтерілуіне қазақ халқының ұлттық тәрбиесі, оның өскен ортасы, Шафих әкедей кесек бітімді жаннан алған өнегесі, ананың мейірімі, көргенді отбасында өскен жарының адалдығы мен ақылдылығы, тіптен айнымас достары Кенжеғали, Хәлелдердің пейілдері де әсер етеді. Кейіпкер өз бойындағы тамаша қасиеттерді дамытумен болады, бұл повестің өн бойынан да байқалады. Ал, кітаптың соңғы тарауларындағы қазіргі аудан әкімі боп тұрғанда атқарып жатқан әр алуан істері сол еліне деген перзенттік сезімінің жемісі іспетті.
Кітаптың аса бір құндылығы, әдеттегі көркем әдебиеттегідей кейіпкерлер суреткер қиялынан тумаған. Олардың бәрі де – нақты өмірде бар, нақ қазіргі уақытта қасымызда жүрген жандар. Басқа бір жазушы болса, мұндай нақты деректерге құрылған оқиғаларды әрі кетсе публицистикалық мақала дәрежесінде баяндап берген болар еді, Өмірзақ Қажымғалиев оны көркем әдебиет биігіне апара алды. Сол себепті де, кітап қызықты әрі жеңіл оқылады, тілі көркем де шұрайлы. Әдебиетте кейіптеу (образ) арқылы кейіпкерлер бір-бірінен дараланып, оқырманның есінде қалады. Мысалы, автор қолға түскен түрікмен қызының сұлулығын «ай десе аузы, күн десе көзі бар» деп әсірелемейді, «Жорық кезінде алған жарақатынан құлан-таза жазылып, жол киімін ауыстырып, қыз киімін кигенде ажарлы өңі құлпырып, сұлуланып шыққан», – деп қысқаша ғана портретпен оқырманның көз алдынан кетпестей етіп қояды. Сондай-ақ, Тамараның ажарын суреттегенде «Ақылдылықтың белгісіндей қастары керіліп тұр. Бұл тыржиып ашуға беріле бермейтіндіктің белгісі», – деп аз ғана сөзбен портретін сала біледі. Тіптен сонау Алматыдағы өжет те пысық Қапия апа туралы әрекідік айтылса да, ол кейіпкер де шығармада есте қаларлық образдардың біріне айналған.
Әдебиет ғұламалары «Әдебиеттің негізгі міндеті – оқиғаны идеяға айналдыру» деген екен. Ендеше, Өмірзақ Қажымғалиев қаламгерге қойылатын басты міндетті түгел орындады десе де болады. И.Шевелев: «Кітап – авторға берілетін соңғы үкім», – деген болатын. Сондықтан, жазушының барша оқырмандары оған жақсы «үкім шығарады», яғни шығармашылық ізденіспен жазылған жаңа туындысына лайықты бағасын береді деп ойлаймыз.

Сәулеш ШӘТЕНОВА,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз