Азия чемпионаты – Атырауда!

азия чемпион 2 Жаңалықтар

Атырау қаласында тұңғыш рет таэквондодан ІХ Азия чемпионаты басталды. Бір аптаға созылатын спорт мерекесін  Атырау облыстық әкімдігі мен Дүниежүзілік таэквондо федерациясы ұйымдастырды. Азия чемпионатына әлемнің төрт бұрышынан 25 команда, 500-ге жуық спортшы мен мыңға жуық көрермен қатысуда.

азия чемпион 2

Осы шараға орай, Жайық жағалауында этноауыл бой көтерді.WТF таэквондосы облыстық федерациясының президенті Арман Тоғаевтың айтуынша, этноауыл чемпионат қонақтары үшін арнайы жасалды.

«Атырау»  спорт кешеніндегі салтанатты жиынды  Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашты.

– Бүгін Атырау қаласында үлкен дода басталды. Осы деңгейдегі жарыстардың өткізіліп отырғаны – біз үшін үлкен абырой. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал басшылығы нәтижесінде осындай шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы арқасында  бүгінде қоғамдық-келісім, саяси тұрақтылық, бейбітшілікті сақтап, әрбір қазақстандықтың өзінің жоспарларын, бала-шағасына артқан үміттерін толық орындауға мүмкіндігі бар.

азия чемпион

Елбасымыз қазақстандықтарды тұрақты түрде спортпен айналысуға шақырады  және осы істе үлгі болып келеді. Халықтың тұрақты түрде спортпен айналысуы атыраулықтардың арасында 25 пайызды құрады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық қалаларында, облыс орталықтарында, ауылдық жерлерде спорттық нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салынып жатыр. Соның нәтижесінде спорттың қай түрімен болса да айналысуға барлық жағдай бар. Спорт тек дене тәрбиесі ғана емес, бұл – рухты тәрбиелеу, бұл – өзіңді өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп беруге дайындау, өзін-өзін шыңдау.

азия чемпионаты

Олимпиадалық спорт болып табылатын таэквондо спортының бүгінгі жарысына қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар келді. Біз сіздердің өз дайындықтарыңызды көрсете отырып, жүлделі орындардан көрінулеріңізге тілекшіміз.  Қазіргі таңда әлемдік жарыстардан жүлделі орындарын алып, көк байрағымызды  әлемдік аренада желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүрген жастар көп. Атап айтсақ, өзіміздің атыраулық азамат, Пекин олимпиадасының жүлдегері Арман Шылманов. Ол жастарға үлгі болып, өз өнерін жастарға жеткізу бағытында аянбай қызмет атқарып келеді. Осы жарысты ұйымдастырушыларға, қатысушыларға, жанкүйерлерге, баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкілі үміттеріңіз ақталып, жүлделі орындардан табыла беріңіздер, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Азиялық таэквондо Одағының президенті Лю Ки Сокке де спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа қазылық ету үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 42 төреші келді. Додада ел  намысын қорғайтын  он салмақ дәрежесі бойынша 20 адам бақ сынайды.

Абай Ақмұрзиев

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз