Атырауда Отан қорғаушылар күні аталып өтті (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

img 20220508 wa0015 ФОТОГАЛЕРЕЯ

Биыл – шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті Қазақ жерін қорғайтын Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толды. Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін дәріптейтін мейрам.

Сұлтан Бейбарыс  алаңындағы мерекелік шара әскерилердің Г.Свиридовтың «Метель» әуеніне билеген вальсін тамашалаудан басталды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің офицерлері өздерін жаңа қырынан танытты. Әдемі ырғақты вальс толқынында би билеген 40 жұптың қайталанбас қимыл қозғалыстары қала тұрғындары мен қонақтарына есте қаларлықтай керемет сезім сыйлады.

Концерт «Жас ұлан» әскери ән байқауының жүлдегері, 41433 әскери бөлімінің аға лейтенанты Айдар Негаевтың орындауындағы «Ұландар шеруі» әнімен жалғасты. Сондай-ақ, 51051 әскери бөлімінің кіші сержанты Эльвира Аязбаева «От лейтенанта до генерала» әнін нақышына келтіріп орындады.

Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрі жиналған жұртшылықты өнерімен де, сәнді костюм киген жарқын бейнесімен де баурап алды. Дирижер, 3-сынып сержанты Рауан Урекешовтың сүйемелдеуімен орындаған оркестрдің «Байқоңыр маршы» тыңдарманды ерекше күйге бөледі. Ал, оркестрдің музыканты Нұрберген Жолдасқалиевтің ашық аспан астында шырқаған әуеніне жиналған жұртшылық та әуелетті. Өйткені, Ескендір Хасанғалиевтің отаншылдық  рухты көтеретін «Атамекен» әнін жай ғана тыңдау мүмкін емес.

Концерттік бағдарламаға Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері Айбар Ғаниұлы, Назым Шаймарданова, Қуандық Нұғмаров, Жанат Ермағанбетова, Алеся Құрмет үлестерін қосты. Олар «Синий платочек», «Журавли», «Офицер жан-жары», «Кестелі орамал», «Жас қазақ» әскери-патриоттық әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, көрермендер «Жұлдыз» ансамблінің «Вальс», «Катюша» билерін жылы қабылдады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз