
Азия біріншілігінде атыраулықтар алдан көрінді (+ФОТО)
Иорданияның Амман қаласында бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі аяқталды.
Жарыста ел намысын қорғаған боксшылардың қатарында атыраулық боксшы Гауһар Зарден қыздар арасындағы сында 48 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Ол осылайша облыс тарихында қыздар арасында тұңғыш рет жүлдегер атанып отыр.
Медаль саны бойынша еліміздің командасы Өзбекстан мен Үндістан құрамаларын алға жіберіп, үшінші орынға табан тіреді. Команданың қоржынында 13 алтын, 14 күміс, 17 қола жүлде бар.


Одан өзге, тағы бір жерлесіміз Нұрасыл Бауыржан Черногория елінде дәстүрлі түрде өткізілетін XXXI «Адриатикалық маржандар» жастар арасындағы халықаралық бокс турнирінде қола жүлдегер атанды. Ел құрамасы бұл бәсекеде командалық есепте жеңімпаз атанды.
Ел мерейін асырған жүлдегерлерді жанкүйерлер әуежайдан зор қошеметпен күтіп алып, құттықтады.
– Мен үшін Азия біріншілігіне қатысудың өзі үлкен жетістік деп білемін. Қарсыласым осал болған жоқ. Спортпен айналысып жүргеніме төрт жыл болды. Әлемдік додаға алғаш рет шығып отырған соң, тәжірибемнің де жетпей жатқан тұстары болды. Алдағы уақытта жарқын жеңістерге жетіп, еліміздің атын шығаруға тырысамын, — деді Гауһар Зарден.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


