«Қазгидромет» РМК Атырау филиалы директорының орынбасары жымқырған ақшасын қайтарып берді
Атырауда «Қазгидромет» филиалы директорының орынбасары жымқырған ақшасын қайтарып берді. Қылмыстық іс Атырау қалалық №2 сотта қаралған.
Сотта анықталғандай, сотталушы А.А. «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары бола тұра, 2017 жылдың қазан айында филиал директорынан қызметтік қажеттілікке байланысты деген сылтаумен, Каспий теңізі Маңғыстау облысы акваториясына экологиялық мониторинг жүргізу үшін іссапарға рұқсат алған. Сөйтіп ол қарамағындағы 10 қызметкермен бірге 10 күндік сапарға шығуы керек болатын. Алайда сотталушының қылмыстық ойы туындап, ол теңізге шығатын кемеге қажет 2 млн. теңгені құрайтын 16 мың литр дизель отынын өзінің танысына сатып жіберген. Кейін іссапарға барудың қажеттілігі жоғын айтып құтылған.
Дәл осындай қылмыстық жоспарын ол тағы да екінші мәрте жүзеге асырып үлгерген. Салдарынан, жәбірленушіге жалпы мөлшері 4 млн. 463 мың тенге көлемінде мүліктік залал келтіріпті.
Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушы қылмыспен келген мүліктік залалды жәбірленуші тараптың пайдасына толық өтеп берген. Сондай-ақ ол кінәні мойындау турасындағы процестік келісім жасауға ерікті түрде ниет білдірді.
Сот үкімімен процестік келісім бекітілді. Аталған келісімге сәйкес, сотталушы А.А.-ға 2 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айқара Ғұмар
Фото nur.kz сайтынан алынған