
Азаматтыққа алғашқы қадам
Атырау қаласында Конституция күні аясында 16 жасқа толған жеті жасөспірім өмірлеріндегі ең маңызды құжат – жеке куәліктерін қолдарына алды. Бұл олардың ересек өмірге жасаған алғашқы әрі жауапты қадамдары болды.

Салтанатты рәсім Мемлекеттік Гимннің шырқалуымен басталды. Жас азаматтарға жеке куәлікті Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов табыс етіп, жеке куәліктің әр адамның ел алдындағы мәртебесін айқындайтын басты құжат екенін атап өтті. Ол бұл күні олардың ересек өмірге қадам басып, азаматтық жауапкершіліктің жаңа белесіне өткенін айтты. Жеке куәлік тек құжат қана емес, ол әр азаматтың мемлекетіміздің толыққанды мүшесі екендігінің айғағы екенін жеткізді.
–Бұл құжатты алу құқықтарыңызды қорғау мен міндеттеріңізді орындаудың бастамасы. Ел болашағы сіздердің қолдарыңызда, сондықтан білім алып, еңбектеніп, Отанымыздың дамуына үлес қосады деп сенемін, — деді ол.
Алғашқы ресми құжаттарын қолына алған жастардың жүзінде қуаныш та, жауапкершілік те қатар сезілді. Өйткені бұл сәт олардың азаматтық мәртебесін айқындап қана қоймай, мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де нақтылай түсті.
Солардың бірі – Алмагүл шағынауданындағы №34 мектептің оқушысы, биыл XI сыныпқа өткен Бекет Ахмет.
–Бүгін мен үшін ерекше әрі есте қаларлық күн болды. Маңызды құжатты қолыма алып, ересек өмірге қадам басқанымды сезіндім. Арманым – инженер мамандығын игеріп, ағылшын тілін жетік меңгеріп, адал еңбек етіп, Отан игілігіне қызмет ету. Ел мүддесіне үлес қосу әрбір адамның парызы деп санаймын, — деп өз толқынысын жеткізді.
Шара «Atazan_azamat_kz» атты ауқымды патриоттық челлендж аясында өтті. Бұл бастама Ата Заңымыздың тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің алтын қазығы екенін жас ұрпақтың жадында жаңғыртып, азаматтық сана мен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған игі қадам болды.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ