Азаматтық форумда атыраулық белсенділер марапатталды
Астанада өткен Қазақстанның XI Азаматтық форумы аясында Атырау облысынан қайырымдылық саласындағы құрметті атақпен Ибрагим Алипов, Нұрлан Жунасов, Амандық Сабазов, Фатима Төлеева және Анар Шугупан марапатталды. Ал ҮЕҰ арналған сыйлықақыны Фатима Төлеева, Ләйлә Сұлтанбаева иеленді,- деп хабарлайды atr.kz тілшісі
«Таңдау” премиясы 12 ҮЕҰ берілсе, қайырымдылық саласындағы құрметті атақты 100 адам жеңіп алды. Олардың арасында 55-і бизнес, 23-і ҮЕҰ өкілдері және 22 волонтер бар. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған премияға еліміздің түрлі аймақтарынан келген 79 ҮЕҰ ие болды. Олардың ішінде сегізі аудандық ҮЕҰ.
Іс-шарада мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров елдегі көптеген оң өзгерістердің бастамашысы азаматтық қоғам екенін атап өтті.
«Белсенді азаматтық қоғам еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына ерекше үлес қосуда», — деді вице-министр.
Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева құттықтау сөз сөйлеп, алғашқы Азаматтық форум 20 жыл бұрын өткенін атап өтті.
«Біз бүгін өзгеміз, өзгердік, мықты және жетілген азаматтық қоғамға айналдық. Бүгінде бұл залда белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар отыр. Елдің дамуына, әр үйдің әл-ауқатына үлес қосатындардың барлығына шын жүректен алғыс айтқым келеді. 20 өңірлік форум — Қазақстанның XI-ші Азаматтық форумының басты айырмашылығы. Маған елдің 20 аймағында форумдарды көру бақыты бұйырды. Олардың әрқайсысы лайықты деңгейде өтті», — деді Бану Нұрғазиева.
Форумның екінші күні ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен пленарлық отырыстар өтті.