Жаңалықтар

АЗАМАТТЫҢ КЕМЕЛ КЕЗЕҢІ

 

Александр Филиппович 1955 жылдың 15-ші маусымында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын санитарлық дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Оның содан кейінгі еңбек, өмір жолы біздің өңірімізбен тығыз байланыста өріліп келеді.

1978-1989 жылдары аралығында облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемелерінде еңбек етті. Атап айтқанда, Атырау қалалық, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау стансаларында, облыстық ішкі істер басқармасының медициналық қызметі саласында жауапты да лауазымды қызметтер атқарды. 1989-1999 жылдары Атырау қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, 2001 жылдан «Дезинфекция» акционерлік қоғамының бірінші тете-президенті.

А.Ф.Думлер1989 жылдан бері республикамызда алғашқылардың қатарында құрылған «Видергебурт» неміс ұлттық-мәдени орталығының жұмысына басшылық жасауда. 1995-1997 жылдары облыстағы Қазақстан халқы кіші Ассамблеясы төрағасының орынбасары, 1999-2000 жылдардан бері Қазақстандағы немістер қауымдастығының Атырау облысындағы өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Ол– үшінші сайланған Атырау қалалық  мәслихатының, төртінші және бесінші сайланған Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Адал, абыройлы қызметі, халықтар достығын нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін Александр Думлер Атырау қаласының Құрмет грамотасымен, екінші дәрежелі «Достық» орденімен, «Ассамблеяға – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

— Кіндік қаныңыз Қарағанды өңірінде тамып, өскеніңізбен, сіздің алғаш еңбекке араласып, ел қатарлы азамат атанғаныңыз, абырой мен бедел биігіне көтерілгеніңіз, үлкен жүректі адам, жақсы жолдас, шынайы дос, сенімді әріптес, ізіңізден ерген ізетті ініге қамқор да ақылшы аға  болып танылған жеріңіз осы киелі Атырау топырағы. Шыны керек, етене, емен-жарқын араласып-құраласып кеткендіктен бүгіндері барша атыраулықтар өзіңізді осынау қазыналы өлкенің төл перзентіндей көреді, сыйлайды, құрметтейді, қадірлейді, — деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.

— Өзіңіздің парасат-пайымыңызбен, іскерлік, ұйымдастырушылық, ұйытқы болушылық қарым-қабілетіңізбен, өмірлік ұстанымыңызбен көпшілік үлгі тұтып, өнеге алатындай, Атырау елі ардақтыларының санатындағы бірегей тұлғалардың қатарына қосылдыңыз. Сол себепті де сіз, құрметті Александр Филиппович қандай марапат, сый-құрметке де лайық, тамаша жансыз. Ендеше, мынау мерейтойлы жасыңыз құтты болсын. Атыраулықтардың атынан алғыс сезімім мен ризашылығымды білдіремін, алдағы өміріңізге де сәттілік пен табысты қадам тілеймін!

Осылайша, жүрекжарды лебізін жеткізген облыс әкімі мерейгерге өзінің атынан жазылған Алғыс хат пен гүл шоғын ұсынды. Бұдан соң мерейтой иесін құттықтаған Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Сағындық Лұқпанов әріптесіне ҚР Парламент сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың атынан жазылған Құрмет грамотасын табыстады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button