Азамат бақыты
Atr.kz/3 мамыр, 2020 жыл. Ойыл бойында осыдан жүз жыл бұрын Ақшатау деп аталатын ауыл болды. Онда алғашында бар-жоғы 10-15 қана үй бар-ды.
Сол ауылға іргелес Қамыскөлге отызыншы жылдардың басында Нарын бойынан қоныс аударып, Аяпберген Науанов атты оқыған-тоқығаны мол білікті азамат келді. Ол әуелгісінде Тайсойғанда, кейін Қамыскөлде шаруа жастар мектебін ашып, оқимын деген жастың белін буып, өз алдына әкелді. Бұрынғыдай құран сүрелерін емес, қара танып, қағазға өз ойын түсіре алатын жаңа толқын тәрбиеледі.
Сол кезде сырттан келген ұстаздың беделі аса жоғары еді. Талай бала тәрбиелі тәлімгерге еліктеді, тәмсілін тәбәріктей қабылдап, ұқсап бақты. Соның бірі осы ауылдағы беделі біраз еркектен кем түспейтін, аузында айтары бар, тентекті тезге салып, жақсыны өрге сүйрейтін кемеңгер қара кемпір – Сұлукеннің ұлы – Уәли ЖАЙЫҚОВ болатын.
Уәлидің әкесі тағдыр талайымен тым ерте қайтыс болды. Бірақ қашан да қолы ашық, ертелі-кеш есігі жабылмай, дастарқаны жаюлы, самаурыны қайнаулы тұратын қара кемпір (ауылдастары оны осылай атайтын) ауылдың сыйлысы еді. Құдай қосқан қосағынан қалған бір ұл, бір қызын (қыз Уәлиден 14 жас үлкен, аты – Қауын) заман ағымына сай тәрбиеледі. Уәлиді мектепке беріп, одан соң Көкжардағы мұғалімдер дайындайтын үш айлық курста оқытты. Бір басқышты бастауыш мектеп мұғалімі атанған ол сол Науан мектебінде төртбес жыл сабақ берді.
Бұл кезде Уәли Өтепбергенұлы баржоғы 14-15-тердегі жасөспірім бала еді. Жастайынан әкеден айырылып, тек анасының ғана тәрбиесін көрген Уәкең халықтық салт-дәстүрді өте жақсы білетін. Бұл туралы оның сол бір жылдардағы (19331934) шәкірті Теңел Жұмабаев кейіннен «Жасаған оған сымбаттылықты да, өнерді де аямай берген. Тәкаппарлығы да бар-ды. Олпы-солпы жері жоқ, тура сүгірет дерсің. Мектепте дене шынықтыру, сурет, әннен сабақ берді. Турникте ойнауы таң қалдыратын, тіпті ойыңа келмейтін қимылдар жасайтын.
Аяғына коньки байласа, шаңғы тепсе, тағы суретшілігі де жақсы еді,» деп жазды. («Атырау» газеті, 18.08.1992) Ағаның өнерлілігі жайлы жеделдес інісі Орынғали Қарасаев «Уәли ең алдымен әнші еді, халқымыздың қара өлеңдерін, әсіресе асқақ дауысты Мұхит Мерәліұлының әндерін ерекше шабытпен орындайтын. Тыңдаушысын бей-жай қалдырмай үлкен ләззатқа бөлейтін, жұрт Уәкеңнің әнін аңсайтын.
Сонымен бірге ол шебер домбырашы еді және әр күйдің тарихын, қандай күйшінің репертуарынан екендігін тебірене айтатын. Оның репертуарында күйлер көп болатын» десе, Қазақстанның халық артисі Ысқақ Иманқұлов өзінің бір естелігінде «Мен елуінші жылдарға шейін Гурьевте У.Жайықовтан өткен күйші жоқ деп есептейтінмін» деп жазыпты. Бұл шеберлік оның үлкен өмірдегі алғашқы қадамының да осы саладан басталуына себеп болды.
У.Жайықов 1937 жылы Гурьевтегі жұмысшылар факультетін бітірген соң Гурьев облыстық атқару комитетінің өнер бөлімін басқарды. Қосымша облыстық драма театрына жетекшілік етті. Бұл әуелден өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жігерлі жас үшін бойындағы бар қабілетін өзге әріптестері өнегесімен байыта отырып, өрісті еңбек етуге мүмкіндік береді. Бұрынғы театр студиясы мүшелерінің кәсіби ұжымға айналып, өнер отауының аяғынан тік тұруына көп еңбек сіңірді.
Мәскеудің «Нефтяник» театрынан Сусанин (режиссер), Тарасов (суретші) және тұтас группа шақырылып, солардың көркемдік көмегімен жаңа ұжым қалыптасты. Сол кезде облыстың біраз өнерлі жастары Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің салтанатты ашылуына қатысып, шеберлік танытты. Осы шамада Гурьев өз алдына облыс атанып, бұрынғы жұмыс одан бетер өрістеп, жаңа қимылдар басталды. Өкінішке орай, сол 1939 жылы елімізде Финдермен соғыс тұтанып, 24 жасар Уәли Жайықов ел қорғауға алынды.
Алғашында Петрозавод майданындағы сегізінші армияның жеңіл артиллериялық полкінің атқыштар взводы командирінің көмекшісі қызметінде болды. Соғысты аяқтап, енді елге қайтамын деп тұрғанда Германиямен арадағы қырғын басталды да, Волхов майданының екінші негізгі армиясы құрамында қайтадан ұрысқа кіреді. Мұнда автоматшылар взводы командирінің көмекшісі болса, артынша Сталинград майданының пулемет ротасында, кейін екінші Украина майданы құрамында, Венгриядағы шешуші ұрыстарға қатысады. Бұл 1945 жылдың қаңтарындағы жай еді. Осы жолы Уәкең қатты жараланып, жарты жылдай әскери госпитальда жатты.
Міне, осы кезде көптен күткен жеңіс сағаты соғып, жерлесіміз капитан шенінде елге қайтты. Ажалмен арпалысқан алты жылда Уәли Жайықовтың көргені де көп, қиындығы да мол жолдан өтті. Сол жылдардан бір елес. Марқұм Сұлукен апай жалғыз ұлының 1942 жылдың күзінде Сталинград қаласын азат ету ұрысына кірер тұста жазған мына бір хатын өзі бақилық дүниеге аттанғанша сандығында сақтап, анда-санда оқып та қоятын. Онда «Апа! Қазан аузы жоғары, қармақ суда. Елге ораламыз ба деген үміт бар. Сенің мені шексіз сүйіспеншілікпен баққан оң еңбегің мәңгілік мойнымда, ол өлмейтін борыш», деп жазылған-ды.
Анасы сол үшбу сәлемді бойтұмардай сақтап, жалғызын жатпай-тұрмай күтіп жүргенде, 1943 жылы «Ұлыңыз қан майданда ерлікпен қаза тапты. Осындай ұл тәрбиелегеніңізге мың да бір рахмет!» деген «қара қағаз» да келіпті. Абырой болғанда артынша бұл хабар жалған болып, кейін Уәлидің өзі кездейсоқ қысқа демалыс алып, елге келіп кетсе керек. Әрине, соғыс жүріп жатқан шақта әскери қызметшінің демалыс алып, тылдағы туған жұртына келуі некен-саяқ жағдай.
Бірақ, Уәкеңе осындай мүмкіндік туса қайтерсіз. Оның өзі былай көрінеді. Финдермен болған соғыстың қақаған қысы. Ұрыс кезінде командирге оқ тиіп, оның жүріп-тұруына қиындық туады. Айнала қалың орман. Міне, осы кезде Уәли аға командирді қос шанаға ұзыннан салып, соғыс қимылдары линиясынан алып шығып, санитарлық бөлімге тапсыруды ойлайды. Әлгіндей, қыс күшінде тұр.
Айнала бораған оқ. Әйтсе де, қалай еткенде де, командирді межелі жерге жеткізген дұрыс. Әр сәт сайын қиындық туындайды. Мұны түсінген командир «Маған қарама, өз жаныңды сақта, жүре бер!» деп қайтақайта ескертсе де, екі тәулік бойы жорғалап, ақыры межелі орынға да жетеді, командирін өз қолымен санитарлық бөлімге тапсырады. Арада үш-төрт жыл өтеді. Немістермен соғысып жатқан майдан шебіндегі штабқа жоғарыдан генерал шеніндегі штаб мүшесі келді деген хабар жетеді. Құлақ салса, аты-жөні бұрыннан өзіне фин соғысынан таныс командирдің ныспысына келеді.
Бұл генералдың тегін нақтылайды. Жоқ, жаңылмапты, өзі сүйреген шанадағы генералдың атыжөні. Әйтсе де, көңілде күдік бар. Өйткені, бұл кездескенде оның әскери шені төмен болатын. Екіншіден, сондағы ауыр жарақаттан оның аман қалуы тіпті де қиын-ды. Сонда да болса, қызығушылығы үдеген бұл тиісті басшылықтан рұқсат алып, генералдың қабылдауына келеді. Блиндажға жайғасқан екен. Әскери ізет көрсетіп, өзін мәлім етеді. Жоқ, бұл жаңылмапты. Сол баяғы командир, аздап толысқан, есейген жасқа сай байсалдылығы басым. Дегенмен, алғашында ол мұны танымады. Жерлесіміз әңгімеге араласып, өзінің қай жылы, қандай жерде ұрысқа түскені, жаралы генералды өлімнен алып қалғаны, санитарлық бөлімге жеткізгені жайлы әңгімелейді.
Осы кезде генерал орнынан ұшып тұрып, Уәкеңді құшақтай алады. Көзінен жас тамшылап, бұны құшып сүйе береді. Айналасындағыларға дау-сын қаттырақ шығарып, «Сіздер білесіздер ме? Егер мен бұл күнде тірі жүрсем, осы жігіттің арқасы. Рақмет саған!» деп өзінің алғысын жаудырады. Сол арада екеуі өткенкеткенді еске алады, кең отырып, далалық күрең шайды сіміреді. Қоштасарда генерал өзін өлімнен алып қалған қазаққа тағы да алғысын жаудырып, «Енді менен не тілейсің, қолдан келер көмегім әзір» дейді.
– Ешқандай тілек жоқ. Тек сіздің тегіңізге келетін атауды естігесін, сол ма, әлде басқа ма, деп келгенім ғой, — деп жөніне көшеді. – Оныңа рақмет! Сонда да болса, бір өтінішіңді айтсаңшы? – Апырай, ә! Осы кезде ауылдағы анасы есіне түсіп, «Елде еш сүйеніші жоқ анам бар еді. Мүмкіндік болса, сол кісіні бір көріп келсем бе деп едім…» деп артын анықтап айта алмады. Шындығында солай-ды. Ортаға төрт жыл түсті. Ай жарым, екі айда келетін хаттан басқа еш хабар жоқ. Жуық маңда соғыс та бітер емес. Шіркін-ай, асыл ананы аймалап, бір көрер күн болар ма екен. Бір сенім, бір күдік… Генерал нақты жауабын айтпады.
Бар-жоғы иығынан қағып, шығарып салды. Әйтсе де, шенді басшы сөзіне тұрды. Соғыстың қайнап жатқан кезі болса да, бұған бір айға мұрсат беріп, туған ауыл, Ойылдағы Ақшатау мен Қамыскөл, Көкжарын аралап, сағынышын басты. Кейін екеуі хат жазысып, араласып, оның Киевтегі үйінде де қонақ болды. Сол Украинадағы пионер лагеріне барған қызы Раушан ауырып қалғанда, аталған қарулас досы жүгіріп жүріп көмек берді. Оны Раушан осы күні былайша түсіндіреді. Онда мен бесінші сыныпта оқимын. Жолда пойызда ауырып қалғанымды ауылдағы әкеме телефон арқылы хабарлағанмын.
Ол кісі қалайда Киевке жету керектігін, онда өзінің қарулас досының күтіп алатындығын айтты. Әдейі «жедел жәрдем» қызметін шақырып қойған екен, ауруханаға салды. Күндесін күнде хабарласып, айыққасын қаланың тарихи, көрікті жерлерін көрсетті. Арнаулы көлікпен елге қайтарды. Осы арада қазақтың «Бір күн танысқа – қырық күн сәлем» деген мақалы оралады. Уәли Жайықов елге оралған соң басында үш жыл облыстық, кеңес атқару комитетінде кадр жөніндегі секторды басқарса, 1948-1957 жылдар арасында Есбол, Новобогат аудандарында аудандық кеңес атқару комитеттері төрағасының орынбасары, төраға қызметтерінде болып, бұдан әрі Қызылқоға аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланады.
Кейін осы ауданда, артынша Махамбетте аудандық кеңес атқару комитетінде төраға, төрағаның орынбасары, мұнайшылардың «Орал» қосалқы шаруашылығында директор қызметтерін атқарды. Ол қайда, қандай лауазымда жүрсе де, сол өңірдің әлеуметтік, экономикалық дамуына бар күш-жігерін, білігі мен білімін арнады. Адамдармен жұмыс істей білді, шаруашылығына араласты. Уақыт тынысымен еңбек етті. Оның күнделікті жұмыста алға ұстайтын мақсаты – турашылдық, қандай шаруаны да байыбына барып, соған сай нақты шешім шығару, қиын сәттердің бәрінде жол таба білу.
Сөйлесетін адамдарына өзінің ғажайып шешендігі, билігі арқылы тыңдаушысын ұйытып, өзін тыңдата алатындығы еді. Көз көргендер ол өткізген қандай да бір жиыннан құрғақ нұсқау емес, жанға жайлы ләззат, қызыл сөздің мәйегін таңдаймен татып шыққандай болатын. Ол өмір бойы лауазым көлеңкесіне ерген жоқ, адамдар, жаңа қоғамдағы замандастарымен жұмыс істеді. Осы арада ол кісінің іскерлігін танытатын мына бір жайды еске алуға тура келеді. Ол Уәкеңнің Қызылқоға ауданы орталығын Қарабаудан Миялыға көшіруі еді. Өйткені, Қарабау аудан шаруашылықтарынан, темір жолдан қашық. Тұрмысқа қолайсыз – отын-суы, әсіресе, ауыз суы өте тапшы.
Көктемгі су тасығанда Ойыл өзені Қарабауға жетпейді, осыдан кеп жекенің малына жайылым жоқ. Осы жайларды ескере келген бірінші басшы мәселені облыс, республика басшылығына жеткізді, екі жыл бойы айналысты. Ақыры 1959 жылдың көктемінде У.Жайықов өтінішін мақұлдаған Үкімет қаулысы шығып, 8 маусымда аудан орталығындағы барлық мекеме бір күнде Миялыға қоныс аударды. Әрине, жаңа жердегі қиындық та жетерлік. Ең бастысы – аталған мекемелерді орналастыратын арнаулы ғимарат, адамдарға қажетті баспана. Бірақ, өмірде көрген-білгені мол, бәрін ақылмен шешетін У.Жайықов бұл қиындықтан да шыға білді.
Ең бастысы – адамдарды абыржытпай, шаруашылықты ақсатпай ауданның әлеуметтікэкономикалық өсуіне қалыпты жағдай жасады. Бұл оның іскерлігі еді. Расында да Уәли аға қызмет бабында аса сабырлы, болмашыға күйіп-піспейтін, мінезге бай, әріден ойлап, дұрыс шешім жасайтын кемел басшы-ды. Осылайша терең ой, маржандай төгілген қара сөз, қарапайымдылық пен іскерлік, әріптестерімен жұмыс істей алатын асыл аға 1972 жылдың қысында 57 жасында ауыр науқастан көз жұмды. Оны сөз танитын замандастарының бәрі «Гурьевтің қара биі» деуші еді.
Қанды қырғын ортасында алты жыл жүріп, мұз төсеніп, қар жастанған қарт жауынгердің денесінде жау оғының 25 жарақаты бар-ды. Ол Отан алдындағы еңбегі мен ерлігі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» ордендері, бес жауынгерлік медаль және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Отбасында Ғалымжан, Сәлімжан, Роза, Раушан, Әміржан, Маржан, Бақытжан, Бауыржан атты ұл-қыздар өсіріп, тәрбиеледі. Әміржан дүниеден ертерек кетті. Қалғандары бар, өңіріміздің әр шалғайында жүріп жатыр. Мамандықтарына сай түрлі жұмыстар атқарып, құрметке бөленгендер. Бәрі де отбасылы, бала, немерелер сүйген бақытты ата-ана, әжелер. Қазақта Ұлы Абайдан сөз артылған жоқ.
Ендеше оның «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген данышпандық ойын еске алсақ, Уәли ағаның бойында осы қасиеттердің қай-қайсысы да молынан сақталынған және олар асыл ағаны адамдық биіктіктің ең жоғары сатысына көтерер еді. Олай болса, аталған биіктіктің өзі азамат бақыты деген сөзбен теңестірілетін шығар. Өмірөзеннің ақыры да сол бақытқа апарады емес пе?
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, Ақпарат саласының үздігі
*PR