«ШАҢЫРАҚ» ТАЛАНТТАРДЫ ІЗДЕЙДІ

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында аталған құрылымның жас ғалымдар, бизнес өкілдері, этномәдени бірлестіктер арасында түрлі конкурс жариялап жатқаны белгілі. Солардың бірі – «Шаңырақ» деп аталатын журналистика саласындағы шығармашылық конкурс.

«Басты мақсат – этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту. Ел бірлігін дәріптей отырып, этносаралық қатынастар мен мәдениетаралық диалогтар саласындағы мемлекеттік саясат жетістіктерін көрсету, қазақ халқының және Қазақстанда тұратын этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және де отандық журналистиканың дамуына қолдау көрсету» дейді ұйымдастырушылар.

Білгеніміздей, конкурсқа журналистер, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылым, мәдениет қайраткерлері, сарапшылар және жеке авторлар қатыса алады.

Айта кетерлігі, конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде конкурсқа қатысушылардың жобалары өңірлік деңгейде іріктеліп, сұрыпталғандардың жұмысы екінші, яғни республикалық кезеңге жіберіледі. Жеңімпаздар қазан айынан кейін анықталады.

Бекітілген талаптарға сәйкес, конкурс бірнеше номинация бойынша өткізіледі. Мәселен, отансүйгіштікті нығайтудағы мемлекеттік рәміздердің мәні, мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, қазақстандық қоғамда этносаралық татулықты нығайту, қазақстандық этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту, этномәдени бірлестіктердің қызметін насихаттау бағытындағы үздік мақалалар, теле, радиобағдарламалар анықталатын болады. Конкурсқа үстіміздегі жылғы 1-ші қаңтар мен 15-ші қыркүйек аралығында жарияланған материалдар ғана қатыса алады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы іргелі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, бейбітшілік пен бірлік идеясын жүзеге асыруда және қоғамдық келісімді сақтауда ел өміріне түбегейлі жаңалық енгізген құрылым болды. Конституциялық органға айналып, парламенттік өкілдік кепілдігін иеленген Ассамблея  «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы», «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын» қабылдады. Бұл құжаттардың қабылдануы жиырма жыл ішінде Ассамблеяны этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруда беделді құрылымға  айналдырды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз