Қазалыда пакетке оралған нәресте табылды
Аtr.kz/4 мамыр, 2019 жыл. Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы — Әйтеке би кентінде полтиэтилен пакетіне оралған нәресте табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұрғындар көшеде іңгәлаған нәрестенің дауысын естиді. Сол сәтте оны көшедегі мысықтар жеуге оқталған екен. Соны байқаған тұрғындар дереу көмек шақырған. Тіпті нәрестенің кіндігі де кесіліп үлгермеген. Тұрғындар жедел жәрдем шақырып, тәртіп сақшыларына хабар берді. Қазіргі таңда көшеден табылған нәресте аудандық аурухананың перзентханасына жатқызылды. Оған дәрігерлер Рамазан деп есім қойып үлгерді.
Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Бақытгүл Алишеваның айтуынша, алған анализдер бойынша нәрестенің денсаулығы қалыпты, оның салмағы 2 келі 700 грам. Қызылорда қаласындағы сәбилер үйіне өткізу мақсатында құжаттар дайындалып жатыр. Қазалы ауданының әкімдігі аталмыш оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.