«Қазағымның қадірі елден ұзағанда білінеді екен…»
Драматург—жазушы, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы, Махамбет атындағы сыйлықтардың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан ОТАРБАЕВ:
Роман-повестері, әңгімелері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған драматург-жазушы Рахымжан Отарбаев жақында ғана Германияда арнайы жобаны жүзеге асыру мақсатында шығармашылық іссапарда болды. Туындылары неміс тіліне аударылып, аталмыш тілде екі кітабы жарыққа шықпақ. Гете елінен олжалы оралған қаламгермен сұхбаттасудың орайы келген еді.
— Германияға сапарыңыз жөнінде естідік, қуандық. Бұл жоба қандай мақсатты көздейді? Қаламыңыздан шыққан дүниелердің неміс тіліне аударылуы – қазақ әдебиеті үшін де орасан зор мәртебе. Екіжақты келісім қалай, қашан жүзеге асқан еді?
— Германиядағы Гете институты әлемнің 140 елінен филиал ашқан екен. Соның бірі — Алматыда. Былтыр күзде олар маған хабарласты. Алматыға Мюнхенде тұратын немістің үлкен жазушысы Герт Хайденрайх келіпті.
— Ол кісіге Сіздің аударылып тұрған әңгіме, повесть, романдарыңыз туралы айттық. Екі кітабыңызды көрсеттік. Ол «Сатқын», «Қытайдан жеткен сәлемдеме», «Мона Лиза» деген әңгімелеріңізді оқыды да: «Осы жазушымен танысқым келеді» деді. Сіз қайдасыз?- дейді телефон тұтқасында тұрған институт қызметкері.
— Мен Атыраудамын, жазушымен кездесуге қарсы емеспін. Алматыға барайын ба?-дедім.
— Герт Хайденрайх мырзаның өзінен сұрап көрейік,-деп алдағы уақытта хабарласатындарын айтты. Сәлден соң тағы телефонға шақырды.
— Ол кісі «бұл жазушының туған, өскен жерін көргім келеді» деп отыр. Оның сәтін қалай келтіруге болады?-дейді әлгі қызметкер кәдімгідей абыржып.
— Оның еш қиындығы жоқ. Атырауға келіңіздер, мен күтіп аламын,-дедім.
Алматыдан үш адам келді.
Гете институты филиалының басшысы Варвара фон Мюнхгаузен, филиалдың үйлестірушісі Шолпан Қызайбаева және алыстан келген құдайы қонақ – жазушы Герт Хайденрайх. Танысып, білісіп, сөйлестік. Сол күні кеште үйде қонақ болды. Әлемдік әдебиет, мәдениет, өркениеттің бүгінгі таңдағы дамуы жөнінде көп әңгімелестік. Шәй ішіп отырғанда: «Ертең мүмкіндік бола ма? Жайықпен жүзгім келеді» деді. Қала әкімі Серік Шәпкеновке қыдыртып келу үшін жаңа катерін беру жөнінде қолқа салдым. Ертемен тұрып Жайықта қыдырттым. Тағы да әңгіме мәдениет, өркениет жайында өрбіді. «Адамзат өркениеті қайда кетіп барады? Рухани дүниенің жұтаңдығы қайда апарып соғуы мүмкін?» деген секілді жалпы адамзаттық тақырыптарды қозғадық. Кітаптары әлемнің бірнеше тіліне аударылған, өзі дүние жүзін түгел дерлік шарлаған, Африкада да тұрған, жасы 73-те болғанымен өте тың, философиялық орамдармен жазатын жазушы. Жайықты, Каспийді көріп таңырқап, өте разы көңілмен аттанды.
— Германияға іссапарыңыз қандай жоба аясында жүзеге асты? Сізден басқа қазақтың қандай ақын—жазушыларының кітаптары немісшеге аударылып, шығарылмақ? Іссапар барысында неміс жазушыларынан нені үйрендіңіз, олар Сізден нені алды деп ойлайсыз?
— Жоғарыда айтып кеткен Гете институтының Алматы филиалы менімен жаңа жылдан кейін тағы да хабарласты. Аталмыш институт биыл жаңа, үлкен жобаны қолға алып, жүзеге асырмақ екен. Ол жоба бойынша Қазақстаннан бір жазушының туындылары неміс тіліне аударылып, Германия баспаларынан кітабы шығарылады және ол Германияға бір айға шығармашылық іссапарға жіберілуі тиіс. «Таңдау Сізге түсіп отыр. Бару-келу, орналасу, жатын орны, тамақ — тегін, Қазақстаннан бір адам, Варвара мен Герт Сіздің келуіңізді қалап отыр» деді үйлестіруші. Мен бір айға бара алмайтынымды, жазып жатқан дүниелерім бар екенін айтып он бес күнге ғана баратын болып келістім.
Сөйтіп, наурыздың 1-15 аралығында Германияға іссапармен бардым. Аталмыш елдің жеті қаласында болдық. Атап айтсақ, Майндегі Франкфурт, Берлин, Подстам, Геймар, Нюрнберг, Лейпциг, Мюнхен. Баспа жүйесімен таныстым. Берлинде үш баспа жұмысымен танысып-білісіп, басшыларымен сұхбаттастым. Мен олардан, олар менен көп нәрсе үйрендік. «Бас» романы бір баспагерге, «Шыңғыс ханның көз жасы» повесі мен әңгімелер бір баспагерге беріліпті. Оны жіберген, аударған – Әлібек Әлжанов. Ол бұрын осы елде елші болып қызмет атқарған. Марио деген баспагер: «Сіздің романыңыз маған түсті, сол жөнінде әңгімелессек» деп келді. «Романды оқыдыңыз ба?» дедім оған. «Әлі оқи қоймап едім» деді ол. «Оқымасаңыз қалай әңгімелеспекпіз? Әуелі оқып алыңыз, сосын әңгімелесейік» дедім. Үш күннен кейін әлгі Марио келіп: «Романды шығарам. Осы күзге дейін шығады» деді бірден. Оқыпты, роман өте ұнапты.
Екінші баспагер де «Шыңғыс ханның көз жасын» оқып, өте жоғары пікір айтты. «Әңгімелеріңіз түсті, аздау екен. Толықтырып, 7-8 әңгіме қоссаңыз. Сонда «Шыңғыс ханның көз жасы» деген атпен шығарам» деді. Немістер – өте тәртіпті сүйетін, кестеде белгіленген жоспардан ауытқымайтын халық.
Жазушы Герт Хайденрах Мюнхеннен Берлинге ұшып келіп, қасыма, қонақүйге жайғасты. Қонақасы берді. «Екі кітаптың да алғысөзін өзім жазамын» деді.
— Әдеби кездесулер өтті ме? Неміс жұрты қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді біледі екен? Сізден басқа Азия елдерінен ақын-жазушылар болды ма?
— Гетенің туған қаласы Веймарда, туған, өскен, өмір бойы тұрған үйінде кездесу өтті. Қазір музейге айналыпты. Бұл жерге әдебиет жанашырлары, ақын-жазушылар келді. Романның, повесть-әңгімелерімнің неміс тіліне аударылған нұсқасын таратып үлгерген екен. Романды, повесті, әңгімелерді оқығандар неше түрлі сұрақтың астына алды. «Фауст» поэмасының сюжеті бойынша дастандарды негізінен шығыс ақындары көп жазды. Бірақ, ең жоғары бағаланған нұсқа – Гетенің «Фауст» дастаны. Аталмыш поэманы жазған саяжайына, оңаша үйіне апарды.
Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін Лермонтов орысшаға, оны Абай қазақшаға аударғанын, қазір ән қылып айтып жүргенін олар білмейді, тіптен хабарсыз. Мен екі шумақ өлеңнің екі халық арасындағы алтын көпір екенін барынша айттым. Германия Демократиялық Республикасы кезінде кеңес жазушыларының кітабы көптеп шығыпты, қазір шығып жатқан ешкім жоқ. Тек Айтматовты ғана айтты. Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы қайта-қайта айттым. Оны бір адам ғана білді. Әрине, өте өкінішті!
Өзбекстаннан бір адам келді, осы жоба аясында. Абдулла Шер деген ақын ақсақал. Аудармашы, өнер қамқоршысы, есімі үлкен әріппен жазылатын азамат Сүлеймен Шадкам жанымда он бес күн бойы болды. Аударма жасады. Барған бойымызда Германиядағы Қазақстан елшілігінде кездесу өтті. Болат деген елші азамат өте бір білімді, жақсы жігіт екен. Жақсы әсер алдық.
Сүлейменге айтып Мұстафа Шоқайдың бейітіне бардым. Берлинде, 1941 жылы Виктория ауруханасында қайтыс болған ғой. Құлпытасына «Ол қазақты жанындай сүйетін еді» деп жазылған. Жанында тағы бір зират бар екен. Ол 1935 жылы қайтыс болған, аты-жөніне қарағанда қырғыз иә қазақ, екеуінің бірі. Мюнхен қаласында да «Түркістан легионының» белді мүшелері Қарыс Қанатбаевтың, Дәулеткерей Тағыберді мен Асқар Бапыштың бастарына барып, дұға оқып, тәу еттім. Онда Мұстафа Шоқайға «у берді» деп сезіктенетін Каюмхан да жатыр екен. Оның ұлты – өзбек.
Тарихи жерлерді араладық. Подстамда Фридрих Великий деген корольдің сарайын тамашалаудың сәті түсті. Байлықтың, атақтың уақыттан жеңілгенінің куәсі болдық. Мюнхенде 120 қазақ шаңырағы, Берлинде 30 шақты қазақ отбасы тұрады екен, кездесуге уақыт болмады.
— Немістерді жалпы тәртіпсүйгіш, уақыттың қадірін білетін ұлт деп жатады ғой. Сіз қандай әсерде болдыңыз?
— Олар – қалыпқа түсіп қалған, бір ізбен жүретін жұрт қой. Анау-мынау эмоцияны сыртына шығара бермейді. Содан ба екен, менің қыңыр-қисық сөздеріме күліп, таңсық көріп, қасымнан шықпайды. Мендегі ой еркіндігі ұнады оларға. Іштері қатып қалған. Оларды көргенде «Қазақ ел екен ғой» дедім. Бұрындары алыс-жақын шет елге шығып, араласқаным рас. Алайда, қазаққа көңілім толмайтын. Аңқау, ақкөңіл, далбаңдаған, арсың-күрсің мінездерін сынайтын да едім. Бірақ, он бес күн Германияда болған уақытымда қазағымның сол мінезін сағындым, табиғи қалыптан айнымайтын, бала мінезін!
Ол жерде ақша культке айналған. Олай болған жерде адами факторға орын бола ма? Негізі қай ұлтта болмасын, руханият культке айналуы керек. Немістер жұмыскер халық екен, ақшаның жолында жан дүниелері қатып кеткен. Германияға барып тұрғысы келген адамның қолына құжат ретінде толтырылған қағаз береді. Қалтаға күнделікті керек-жараққа жұмсайтын ақша салады. Пәтерақысын төлеп тұрады. Оқитын болса, оның да ақысы мемлекеттен төленеді. Үш күнге дейін еңбекке жарамсыздық бетшесін ашпайды. Шындықты пір тұтады, өтірік айтпайды. Басқадан да соны талап етеді.
Табиғаты көркем, жасыл желекпен көмкерілген. Адамға не керектің бәрі жасалған. Бірақ, іші мен сырты бір қалыптан ауытқымайды. Мүмкін, менің шығармаларымдағы ой еркіндігі ұнаған шығар, екі бірдей кітабымды шығарайын деп жатыр. Бұл маған ғана емес, қазақ әдебиетіне көрсетілген құрмет деп білемін.
Гүлзада Ниетқалиева