ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ

Бүгінде әсемдік әлемінде өзі танылмаса да, өнері танылып жүрген ол– Құрманғазы ауданына қарасты Балқұдық селосының тумасы. «Бала кезден ұлттық әдет-ғұрып, қазақы салт-сана, мәдениет пен әдебиет жаныма жақын болды. Сондықтан, осы күнге дейін өзімді өнер адамымын деп есептеймін. Өнерге ең алғаш қадамым ауылымда өзіме бас киім тігуден басталды. Ол кезде матаның да қазіргідей көп түрі жоқ. Қатты қағазды пайдаланып, үкіні бантиктен жасадым. Қыз ұзатылғанда сәукеле кисе, жасы ұлғайғанда оны біртіндеп кимешекке ауыстырады. Бұл дегеніңіз, қазақтың әр киімінің өз мәні, тарихи маңызы бар деген сөз», - дейді жас шебер.

 

Он сегіз жастан бастап театр жұмысына араласып, актриса болуды армандаған ол ата-анасы келісімін бермеген соң, дизайнер мамандығын таңдаған. Ою ойып, текемет тоқуды жақсы көргендіктен, Ақтөбе облыстық қуыршақ театрында көрмелерге қатысып, театр директоры Әсия Құрманалинадан тәлім алады. Сөйтіп, мол тәжірибе жинақтап, өнерін шыңдайды.

2005 жылы Атыраудағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына келіп қызметке орналасады. Сөйтіп, өңірге белгілі «Жайна» ән-би ансамблінің өнерпаздарына арнап киім тігумен айналысады. Бұл туралы Әсел: «Осы өнер ұжымына арнап тіккен бас киімдерім көптің көңілінен шыққан соң, өзімше жігерленіп, шабыттана түстім. Бұдан басқа Н.Жантөрин атындағы филармония, Махамбет атындағы драма театры секілді өнер ордаларымен байланысымды үзбеймін. Бас киім тігуден басқа, тоқыма тігіннен кәде-сый әзірлеп, матадан әртүрлі қолөнер бұйымдарын тоқумен де айналысамын. Студент кезімде өлең де жазып, қолымнан қалам түспейтін. Қазір отбасылы болып, сурет салудан да қол үздім. Дегенмен, бас киім тігіп, көпшілік тапсырысын орындап жүрмін. Атап өтердей демеушім жоқ, әзірше зайыбымның көмегіне сүйенемін. Өз басым, өнерімді жарнамалап жатпаймын. Кім келіп қызметіме жүгінсе, ешкімнің тауын қайтармауға тырысамын», – дейді.

Иә, Атырауда сән ательелері баршылық. Бірақ, жасыратын несі бар, арнайы бас киім тігетін шебер болмағандықтан, ондағылар алматылық, астаналық дизайнерлердің көмегіне жүгінеді. Бір өкініштісі, Атырауда бас киім цехы жоқ. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ соңғы кезде қаржының шеті көрінсе болғаны, дизайнер болып шыға келетіндер көбейді. Бірақ, көбінде талғам аз. Әселдің бір ерекшелігі, әдеттегі эскиз (сұлба) дегенге жүгінбейді, бойына суретшілік өнер дарығандықтан, қандай ою қай жерде орналасуы керектігін ой көзімен көріп тұрады. Ол өз жұмыстарына көбіне-көп дублирин материалын пайдаланады.

Базарға бара қалсаңыз, әсіресе, Наурыз мейрамы қарсаңында қазақы бас киімдер бағасы 5-10 мың теңгеден бастап, тым биікке шарықтайды, бірақ сапасыз, материалы да арзан. Ал, Әсел тұтынушымен саудаласып жатпайды, қалаған бәсіне дайындап береді. Айталық, №6 балабақша бүлдіршіндеріне арналған бас киім сондай келісім негізінде дайындалды. Одан кейін №24 мектептің 16 биші қызына арнап киім дайындап, олар нәтижесінде бас жүлдеге ие болғаны бар. Міне, осындай сахна саңлақтарының жетістіктерінде Әселдей шебердің қайталанбас қолтаңбасы қалғаны қандай бақыт!..

С.БАЙДАЛИН.

Суреттер автордікі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз