Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстан құрамасы тарихи жеңісіне қол жеткізді

Аtr.kz/4 мамыр, 2019 жыл.  Нұр-Сұлтан қаласында шайбалы хоккейден өтіп жатқан Әлем чемпионатының бірінші дивизионының А тобындағы  төртінші ойын күнінде Қазақстан құрамасы Беларусьпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, екі құрама аталмыш топтағы мықтылар қатарында саналады. Қазақстан хоккейшілері алдымен Словенияны 3:2 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Литваны 3:1 есебімен жеңді. Беларусь құрамасы да барлық қарсыласынан басым түсті.

Екі құрама бұған дейін 11 мәрте кездескен болатын. Оның бірде-бірінде біздің хоккейшілер жеңіске жете алған жоқ. Сондықтан бүгін жеңіс Қазақстан құрамасына бұйырса ол тарихи ойын саналатыны сөзсіз еді. Бүгінгі кездесуде біздің жігіттер алғашқы болып есеп ашты. Оны Никита Михайлис 6-минутта шебер орындады.

Одан кейін 16-минутта Талғат Жайлауов мергендік танытты. Бірінші кезеңді қазақстандық хоккейшілер 2:0 есебімен жеңіспен аяқтады. Дегенмен, Беларусь құрамасы тарапынан 27-минутта Артем Демков және 45-минутта Никита Феоктистов шайба соғып, таразы басы теңесті. Ойын соңына дейін 2:2 есебі сақталып тұрды. Сондықтан кездесу овертаймға ұласты.

Овертаймда біздің жігіттер жеңіс шайбасын соқты. Осылайша, Қазақстан құрамасы тарихи жеңісіне жетті. Сондай-ақ, алдағы жылы үздіктер ойнайтын А дивизионында бақ сынауға мүмкіндік алды. Естеріңізге сала кетелік, ҚР құрамасы аталмыш дивизионда соңғы рет 2016 жылы ойнаған болатын. Тағы бір жолдама Беларусь құрамасына бұйырды.

Төртінші ойын күнінде, сонымен қатар Литва Оңтүстік Кореяны — 2:1, Словения Венгрияны 6:0 есебімен жеңді. Соңғы тур ойындары 5 мамыр күні өткізіледі. Бұл күні Словения мен Литва, Беларусь пен Оңтүстік Корея, Қазақстан мен Венгрия құрамалары кездеседі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button