
Қазақстан бәсекеге қабілеттігі жағынан нешінші орында?
Аtr.kz/29 мамыр, 2019 жыл. Швейцарияның Лозанна қаласындағы Халықаралық менеджментті дамыту институтының әлемдік бәсекеге қабілетті зерттеу орталығы 2019 жылғы рейтингін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық мәліметінше, Қазақстан биылғы рейтингте 34-орыннан көрініп отыр. Қазақстаннан кейін тұрған 29 елдің ішінде Италия, Испания, Түркия және Ресей бар. Рейтингтің бірінші бағанында — Сингапур, екінші орында — Гонконг, үшінші орында — АҚШ, төртінші орында — Швейцария, бесінші орында — Біріккен Араб Әмірліктері орналасқан.
Ал ең төменгі орындарға Бразилия, Хорватия, Аргентина, Моңғолия және Венесуэла жайғасқан. ТМД елдері ішінде бізден кейін Ресей 45-ші, Украина 54-орынды иеленді. Биыл зерттеулер 63 мемлекетте жүргізілген болатын. Еске сала кетейік, өткен жылы еліміз бұл тізімде 38-орыннан көрінген еді. IMD рейтингі бәсекеге қабілет деңгейін анықтау үшін әлем елдерінің экономикалық даму деңгейін, ел үкіметінің тиімділігін, бизнес тиімділігі мен инфрақұрылымдық даму көрсеткіштерін басшылыққа алады.