Қазақша күрестен облыстық турнир өтті
Жуырда «Нұрсая» спорт кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің жүлдесі үшін қазақша күрестен облыстық іріктеу турнирі өтті.
Турнирді «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров ашып, ата салтымызбен ұштасқан асыл дініміздегі спортпен айналысып, денсаулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
«Денсаулық – аманат. Алла Тағаланың адамзатқа берген саулық сынды зор нығметіне қиянат жасамай, аман сақтау – адам баласы үшін ұлық міндет. Елдің түкпір-түкпірінде спортпен айналысып жүрген спорт саңлақтары үшін республикалық сайыс ұйымдастыруды қолға алып отырған Бас мүфтидің бастамасының мәні де осында – салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпаққа жақсылықты үлгі ету», – деді бас имам сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Баппен қоса бақ та шабатын байрақты бәсекеге 21 палуан қатысып, 20 мамыр күні Астанада өтетін республикалық турнир жолдамасы үшін өзара тартысқа түсті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды қызылқоғалық Наурызбек Өтеуовтің еншісіне бұйырды. Ал, жүлделі екінші орын мәресінен тағы да қызылқоғалық Мәлік Төлеуішов көрінсе, жылыойлық Береке Қоңқақов үшінші орынға ие болып, республикалық турнирге жолдама алды.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Суреттер islam-atyrau.kz сайтынан алынды