ЖҮРЕКТІ СЫЗДАТҚАН «СОҚЫР АНА»

Ұлды ұлықты, қызды қылықты етіп тәрбиелеуде отбасындағы үлгі-өнеге мен тәлімді тәрбиенің орны ерекше. Осының айқын дәлелі ретінде ата-бабаларымыз «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» дейді. Олай болса, бүгінгі жас баланың болашақта жақсы адам, тәрбиелі азамат болып қалыптасуына оның отбасының, білім беретін мектебінің қосар үлесі ұшан-теңіз.

Қалаға таяу жатқан Ракуша ауылындағы Махамбет Өтемісов атындағы орта мектеп – көненің көзіндей, бір қабатты ғана шағын үйде орналасқан. Қазір мұнда осы ауылдың 400-ге тарта баласы білім нәрімен сусындап жатыр. Мектеп директоры Фариза Ізмағамбетовадан білгеніміздей, аталған білім ордасында мәдени-көпшілік шараның түрі өтеді. Бүгінгі «Балалы үй – базар» атты шараға да оқушылар тыңғылықты дайындалыпты.
…Мектеп жасындағы ер бала анасының өз сыныбына келіп, жағдайын сұрағанына үзілді-кесілді қарсы болды. Тіпті, анасына дауыс көтеріп ұрысты да. Өйткені, сыныбына анасы кіріп келе жатқанда балалар мұны: «Мамасының бір көзі жоқ!» – деп, мазақтай бастады. Осы сөзге намыстанған ұл анасына қатты жекіп, енді оның сыныптастарына мүлде көрінбеуін бұйырды.
Жылдар жылжып, бала ержетті. Мектеп бітірді. Үлкен қалаға оқуға түсті. Сол жақта үйленіп, бала-шағалы болды. Сырттай қарағанда сүттей ұйыған өнегелі отбасы. Бір күні есіктің қоңырауы соғылады. Есікті ашып қараса, сол баяғы бір көзі жоқ өзінің анасы екен. Сонша жылдан бері өзегі өртеніп, баласын сағынып келіп тұрғаны. Ұлы мен оның отбасы мүшелері «Бұл кім, бұл кім?» деп арғы бөлмелерден келе қалады. Осы сәт көптен көрмеген бауыр еті баласы – сол үйдің иесі анасын таныса да, жарына қарата: «Балаларды әрі алып кетші, қорқып жүрер…» – деп, өз анасын өзі өңменінен итереді. Сорлы ана жылап-жылап, амалсыздан кері кетеді.
Ауылына әрең жеткен кейуана сарыуайымға салынып, төсек тартып жатып қалады. Оны енді құдайы көршілері күтеді. Олар өзара ақылдасып, қаладағы жалғыз ұлына жеделхат жолдайды. Ұлы өзінің шаруаларын тиянақтап, ауылға жетіп болғанша анасы көз жұмады. Марқұм көз жұмарында баласына тілдей хат тастайды. Онда ол бір көзінің неге болмағанын бастан-аяқ баяндайды. Отбасымен қыдырып келе жатқан олар үлкен көлік апатына ұшыраған көрінеді. Сол жерде баланың әкесі тіл тартпай кетеді де, кішкене баласының бір көзіне зақым келеді. Өлім мен өмірдің арасында жатқан ұлына анасы өзінің сау көзін береді. Міне, содан бері анасы бір көзсіз қалыпты…
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» демекші, анасының хатын оқыған ересек ұл аңырап жылап, жерге отыра кетеді. Бірақ, бәрі кеш еді…
«Соқыр ана» қойылымы шараны тамашалаған барша жанның – үлкен-кішінің бірдей жүрек қылын шертіп, жанарына жас үйірілтті. Атап өтерлігі сол – мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Темірғалиева, мұғалім Қуаныш Тұрғанбаев, оқушылар Жеңісбек Қали, Сымбат Мәдениетова және басқалары өздерін сахнада нағыз әртістерше ұстады. Ал, «Балалы үй – базар» шарасын арнайы мемлекеттік тапсырыс бойынша ұйымдастырушы «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының төрағасы Жеңіс Аронұлы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Абат Кенжеғалиев ұлттық дәстүр, салт-сана, өткен мен бүгін жайында әсерлі әңгімеледі. Сонымен бірге олар аталған шараның өз деңгейінде өтуіне оқушылар мен ұстаздардың үлкен үлес қосқандарын баса айтып, мектеп басшысы мен мектептің кітапхана қорына бағалы кітаптарды сыйға тартты.
Жалпы қазақ халқы сәби өмірге келген күннен бастап оны «Алланың берген баға жетпес сыйы» деп, түрлі ырым-жоралғы – тымаққа салу, шілдехана жасау, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, тілашар, мүшел жас тойын жасаған ғой. Соның бәрін оқушылардың рет-ретімен әңгімелеп, түсіндіріп бергені шара қонақтарын сүйсіндірді.
«Балалы үй – базарды» мектеп директоры Фариза Мүбәракқызы қорытындылап, барлық қатысушыға ізгі тілегін білдірді.

Лиза СЕЙТІМОВА,
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз