Айыппұл есіргеннің есін жиғызды
Атырау қаласының №2 соты облыстық көліктік бақылау инспекциясының екі қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Пара алғандары үшін олардың әрқайсысына 3 млн. теңгеден айыппұл салынды.
«Сот өкілдері аталған қызметкерлерге қатысты істің мән-жайын анықтау кезінде көліктік бақылау қызметінің бас маманы Атырау-Астрахан тасжолының бойында ресейлік нөмірмен кетіп бара жатқан жүк көлігінің салмағын өлшеткен. Салмақ өлшеу барысында жүк көлігінің бір жағына түскен ауыртпалық тиісті мөлшерден асып кеткен. Осы олқылық үшін инcпектор жүргізушіден алдымен 5 мың теңге сұраған. Сосын ол соманы 75 мыңға дейін көтерген. Жүргізуші болса сол сәтте ақшасының жоқ екендігін айтып, келесі күні хабарласып, қолында қажетті қаржының бар екендігін жеткізеді. Инспектор оған облыстық инспекция көлігінің жүргізушісін жіберген. Ал, параны беру процесін ресейлік жүргізуші шағымданған тәртіп сақшылары қадағалап отырған», — деп хабарлайды №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.
«Шағын көлемде пара алды» деген жауапкершілікті қарастыратын бап бойынша облыстық көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің әрқайсысына 3 млн. теңгеден айыппұл салынды. Сонымен қатар, олар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын болды.
Азамат Базарбаев