Айгүл Үлкенбаева: «Қазақтың домбырасына теңесетін дүние жоқ»
Балабақшада естіген әуенін домбыраға салып ойнауға талпынатын бүлдіршін, кейін мектеп қабырғасында «апалы-сіңлілі Үлкенбаевалар» болып домбыра тартатын.
Араға онжылдықтар салып, сол Үлкенбаевалардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Нариманқызы дәстүрлі орындаушылардың арасында алғашқы болып Республика Сарайында жеке концертін берген-ді. Бұл 2002 жыл еді.
«Айгүл Үлкенбаева – қазіргі әуен сүйетін әлем тегіс танып, тегіс тамсанатын ғажайып талант иесі, ерен өнерпаз, орындаушылықтың ерен шебері» деп Әбіш Кекілбаев бағалаған күйші: «Сұлулығы мен әуездігі, терең философиялығы жөнінен қазақтың күйіне теңесетін дүние жоқ деп ойлаймын. Оның тілі баршаға түсінікті. Қай елдің тыңдарманы болмасын, оны керемет әсермен қабылдайды,» дейді.
Жуырда Атырауға келген күйшімен жүздесіп, сұхбат алудың сәті түскен еді. Музыкант жаңа ғана жарыққа шыққан күй-альбомы туралы әңгімелеп, домбыра тақырыбында сыр шертті.
– Әрине, сіз үшін домбыраның сапасы, дыбысы, құрылымы аса маңызды. Осы ретте қасиетті аспап туралы айта кетсеңіз. Қалай таңдайсыз, кім жасайды дегендей?
– Қазіргі уақытта қолымда республикамызға белгілі Сұлтан Мұсаев, Жолаушы Тұрдығұлов, Ердос Рахымбеков сияқты аспап жасаушы шеберлердің қолынан шыққан домбыралар бар. Жасалған материалына қарай аспаптардың дыбыстары да әр алуан болып келеді. Мысалы, домбыраны негізінен қызыл ағаш, үйеңкі, жаңғақ, палисандр – «темір ағаш» дейміз, қайың және т.б. материалдардан жасайды. Мендегі домбыралар да осы материалдардан жасалған.
– Қайсысы жаныңызға жақын?
– Өзіме ұнайтын қызыл ағаштан жасалған домбырам бар еді. Дыбысы тұнық шығатын.
Осы домбырама байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде Ұйғыр театрында «Студенттік көктем» фестивалінің қазылар алқасында болғанмын. Кешке концертке шығатын домбырам мен киімдерімді көлігімде қалдырған едім. Сайыстан соң шықсам, көлігімнің терезесін сындырып, домбырамды ұрлап әкеткен екен. Бұл оқиға маған өте ауыр тиді.
Жалпы, дыбыс бояуы мен дыбыс күшіне, ұшқырлығына, дыбыс ауқымы мен дыбыс тербелісіне байланысты әр аспаптың өз орны бар ғой. Мәселен, қайыңнан жасалғаны шағын ұжымдармен, оркестрмен бірлесіп орындауға ыңғайлы. Ал, палисандр домбыра музыкалық шығармалар мен әртүрлі композицияларды орындауға жақсы үйлесімді. Көбінесе үнтаспалар жазуға осы домбыраны қолданамын.
Келесі бір домбыра – үйеңкіден жасалған Сұлтан Мұсаевтың туындысы. Бұл аспапты шебер 1993 жылы Д.Қонаев атамызға арнап сүйекпен өрнектеп, әсемдеп жасаған екен. Бір жағдайлармен аспап Қонаевқа ұсынылмайтын болып, ол маған хабарласқанда, мен ойланбастан алдым.
– Сіз шетелдерге жиі шығасыз. Сапарларыңызда қай домбыраңызды серік етесіз?
– Бірде Лондонға барғанда, қайың домбырам ауа райына қарай құбылып, жаңбырлы климатта дыбысы ұшпай, «тұншығып» қалды. Содан кейінгі сапарларымда палисандр аспабымды алып баратын болдым. Бұл материалдың бір ерекшелігі, әртүрлі климатқа шыдамды, ауа райына өзгермейді, гастрольдік сапарларыма өте ыңғайлы.
– Ұлттық домбыра күні қарсаңында жаңа күй-альбомыңыз жарық көріпті. Құтты болсын!
– Рахмет. Домбыра күні күйшілерге ғана емес, исі қазаққа үлкен қуаныш болып отыр. Қазақпен бірге жасасқан домбыраның қайтадан жаңғыру дәуірі басталады деп білеміз. Домбыра күнінің арнайы мереке боп атап өтілуі оның дәрежесін биікке көтеріп, ұлттың мәңгілік мұрасына айналдырып отыр. Бұл жас ұрпақтың домбыраны құрметтеуіне, руханиятымызға деген сүйіспеншілігін арттыруға, ұрпақтар сабақтастығының әрі қарай жалғасуына оң ықпал етеді.
Бұл альбомым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шықты. Жобаны бір жыл бұрын бастағанмын. Астананың 20 жылдығына және күй атасы Құрманғазының 195 жылдық мерейтойына арнадым.
– Топтамаңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Жаңа альбомым бес дискіден, үш CD және екі DVD тұрады. Алғашқы екі альбомда XIX-XX ғғ. күй маржандары жүйеленіп ұсынылды. Тыңдарманға қабылдауға жеңіл болу үшін альбомдарға екпіні мен техникалық күрделілігі жағынан, әуендік сипаты жағынан төкпе стилінен «Кеңес», «Ел айрылған» секілді халық күйлерінен бастап, Құрманғазы, Баламайсан, Дина, Дәулеткерей, Махамбет, Мәмен, Әлікей, маңғыстаулық Абыл мен Есір, Есбай күйлерін, Сыр бойынан Мырза, Қазанғаптың, шертпе стилінен Сүгір күйлерін және ХХ ғасырдағы М.Әубәкіров, Қ.Ахмедияров, Ш.Әбілтаев, Н.Үлкенбаев сынды күйші-композиторларының шығармаларын екі күй-альбомға тең бөліп енгіздім.
– Қазақ эстрадасында домбыраны джаз-рок тобымен импровизация жасаған тұңғыш музыкантсыз. Домбыра мен басқа аспаптарды үндестіру бағытындағы ізденістеріңіз жаңа топтамаңызға енді ме?
– Әрине, мұны тыңдарман сұранысына ие болғандықтан кіргіздім. Халық композиторларымен бірге Е.Үсеновтің «Кербез сұлу» сияқты күйлерін ритм-тобымен орындауым үш күй-альбомда берілді. Сондай-ақ, үш СD-дегі күйлер рояльдың, гитара, ұрмалы кахон аспабының сүйемелімен орындалды. Осы альбомдағы барлық туындылар – домбыраның өзге де аспаптармен үндестігін, мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жасалған шығармашылық ізденістерімнің нәтижесі.
Бұл альбомдағы аудиоматериал толығымен төрт альбомда сандық бейнеформатта (DVD) ұсынылып отыр. Сонымен бірге, төрт альбомда Астана қаласында берген «Айгүл-күйге бар әлем тамсанады» (2013) атты жеке концертім де енді.
Соңғы бес бейне альбомда (DVD) менің шығу тарихын әңгімелей отырып тартқан күйлеріме арналған ұлттық телеарнаның «Інжу-маржан» атты жобасының екі хабары енді (2017).
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Бақыт Тұрмағамбетова,
өнертану ғылымының кандидаты, музыкатанушы.