Атырауда жыл кәсіпкері анықталды (+ФОТО)

img 20201225 wa0084 Жаңалықтар

Бүгін Атырауда кәсіпкерлікті дамытып, саланың дамуына айрықша үлес қосып жүрген үздік бизнес өкілдерін марапаттау салтанаты өтті. Облыс әкімдігінде ұйымдастырылған шараға өңір басшысының орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, отандық кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап айтты.

  • Биыл пандемияға байланысты көптеген қиындықтар орын алды. Кейбір шағын және орта бизнес өкілдері  жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Осындай қиындықтарға қарамастан, облыстағы кәсіпкерлер арасында ел экономикасының дамуын тоқтатпай, халықтың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсетуде өзіндік үлесін қосты. Пандемияға қарамастан мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылған жұмыс та аз емес. Облыс бойынша 3300 жұмыс орнын сақтап, жаңа 680 жұмыс орнын ашуға мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бірінші толқынның алғашқы кезеңінде халықтың ортасынан табылып, өкпені жасанды желдету аппараттары мен қорғаныш құралдарымен, дәрі-дәрмектермен қамтыған кәсіп иелері аз емес. Мұндай қолдаулардың аудандарда да белсенді түрде жүзеге асқанын айрықша айту керек. Сондықтан, осындай белсенді кәсіпкерлердің зор еңбегі үшін алғыс айтамыз, – деді Әлібек Ибатоллаұлы.

Биылғы үздіктер қатарынан танылуға облыстағы 30-ға жуық кәсіпкерден өтініш түскен. Жылдың карантиндік режиміне байланысты жүзден жүйрік атанған мықтылар  бұл жолы 3 номинация бойынша марапатталды.

Пандемия қиындықтарын ескере отырып,  биыл кәсіп ашып жетістікке жеткен кәсіпкер Бақытжан Дариева мен «FUTURE SPORT» аутизм, психикалық сөйлеу мен ойлау қабілеті тежелген балаларға арналған абилитациялық адаптивті спорт орталығының директоры Самал Жұмашева «Бизнес жобаның жаңашылдығы» номинациясы бойынша лауреат атанды. Ал, «SHUTTLE Express» ЖШС директоры Абзал Артықбаев аталған номинацияның жеңімпазы болып танылды.                   

Пандемия кезеңінде тұрақты жұмыс жасап, халыққа әлеуметтік көмек көрсеткен кәсіпкерлер арасынан «Жыл меценаты – 2020» номициясының лауреаттары анықталды. Олар – «Идеал Маркет» ЖШС директоры  Әсет Мамбетов және «Транс – Ойл ББ» ЖШС директоры Болат Бушанов. Ал, «Дина» сауда өндірістік компаниясы ЖШС құрылтайшысы Төкен Жұмағұлов «Жыл меценаты 2020» номинацияның жеңімпазы деп танылды.

Сонымен қатар, «Сыдих Сервис» ЖШС директоры Қанат Сыдихов  пен «Умирзак Сервис» ЖШС директоры Марат Өмірзақов «Жыл кәсіпкері – 2020» номинациясының лауреаттары қатарынан көрінді. Ал, басты аталым «Жыл кәсіпкері –2020» атағы «Брандо» ЖШС құрылтайшысы Махмут Миралиевке табыс етілді.

Бұдан басқа, жыл бойы елдің өркендеуіне қосқан жемісті еңбектері үшін 8 кәсіпкер  облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

img 20201225 wa0087
img 20201225 wa0086

Болат БУШАНОВ,

«Транс – Ойл ББ» ЖШС директоры:

Ел басына күн туса…

  • Ел басына қиын күн туғанда халықтың ортасынан табыла білу – азаматтық парызымыз. Сондықтан, коронавирус инфекциясы кеңінен тарала бастағанда қол қусырып, қарап отыра алмадық. Бұл кезеңде науқастарды емдейтін  ақхалаттыларға айрықша қолдау қажет болды. Осы тұста біз «неге дәрігерлерге көмек көрсетпеске?» деген ойға келіп, шұғыл тұрде «Престиж» қонақүйін дайындап, 3 ай бойы 45 дәрігерді осында орналастырдық. Оларды тамақпен қамту жұмыстарын да мойнымызға алдық.
  • Сонымен қатар, ауруханалардағы 120 медицина қызметкерін түскі және кешкі тамақпен қамтамасыз еттік. Мұның барлығы азаматтық парызым екенін тағы да басым айтқым келеді. Алайда, осы еңбегімізді елеп, бүгінгі жиында «Жыл меценаты – 2020» номициясының лауреаты қатарынан табылып жатқаныма ризамын. Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмек те аз емес. Соның нәтижесінде біз барлығы 1500 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.
img 20201225 wa0090
img 20201225 wa0092
img 20201225 wa0085
img 20201225 wa0089
img 20201225 wa0091
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз