Ауыз су арманға айналып жүрмесін…
Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. Есіме өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары теңіздің тасып, тұтас шаһар мен іргелес елді мекендерді басып кете жаздағаны түседі. Жалпы, Каспий арнасынан әдетте 10-15 жылда асып тұратын. Бірақ, 2000 жылдан бері су деңгейі көтерілген жоқ.
Әрине, оның түрлі себептері бар шығар. Әйтсе де, менің ойымша, «қара алтын» өндірушілер теңіз суын қабат қысымын ұстау үшін пайдаланып жүр. Сонау 1990 жылдан бүгінге дейін аймақта 587 млн. тонна мұнай мен 254,9 млрд. текше метр газ алынған. Соның салдарынан пайда болған бос кеңістікке әдетте су айдалады. Міне, Каспий мен оған құйылатын өзендерді осы мақсатқа қолдану жалғасуда.
- Кейбір деректерге қарағанда, айдынға ағатын Еділдің бір саласы Қиғаштың құбыр арқылы жеткізілетін суын Маңғыстауда жерасты қысымын қалыптастыруға жұмсайтын көрінеді. Ал, Каспийдің тағы бір сағасы Жайық Батыс Қазақстан облысында осындай әдіспен жер астына жұтылуда.
Мұның бәрі адамдарға қажетті ауыз су екенін ұмытпалық. Теңіздің қазақстандық бөлігінде сан алуан жануар мекендейтіні белгілі. Ғалымдар тек балықтардың 130 түрі бар екенін айтады. «Қызыл кітапқа» енгізілген құстар да жеткілікті. Демек, айдынды аяусыз пайдалану мұндағы табиғи тепе-теңдікті бұзып, сирек кездесетін сұлулықтың мүлдем құрып кетуіне соқтырады. Кейін оны қалпына келтіру – мүмкін емес шаруа. Немесе қомақты қаржыны қажет ететін қыруар шаруа атқару керек болады.
Арал теңізінің тағдыры ұмытылмауы тиіс. Ал, айдынның осындай күйге жетуіне табиғат пайдаланушылардың өздері кінәлі. Мәселен, Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар әлі күнге сақтандыру полисін жасақтаған жоқ. Оның сомасы 500 млрд. доллардан кем болмауы шарт. Өйткені, Қашағанды игеру теңізге тура қатер төндіреді. Теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің 20 млн. тұрғынының тағдыры таразыға тартылса, оған біздің ел де жауап береді.
Сондықтан, көлемі жөнінен дүние жүзінде ең ірі саналатын тұйық көлге қатысты трансұлттық компаниялардың міндеттемесі нақтылануы тиіс. Сайып келгенде, инвесторларға жауапкершілік жүктеу үшін жаңа заң шығарудың да керегі жоқ. Мұндай келісімдер әлемдік тәжірибеде бар. Ендеше, соны неге қатаңырақ қолданбасқа? Оған әлі де кеш емес.
Соның барысында мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіруші комиссияның ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев қазір шұғыл шарасын алмаса, енді санаулы жылдан соң бәрі кеш болатынын, одан әрі Жайықты толтырудың еш нәтиже бермейтінін ашық айтты.
Ал, «Су бастамалары орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы Мейрам Арыстанов баяндамасында соңғы жиырма шақты жылда Жайық-Каспий бассейнінде су алу бірнеше миллиард текше метрге кемігенін келтірді. Әйтсе де, Жайықтың неге соншама тайызданғанын түсіндіре алмады.
Жалпы, трансшекаралық су қорларын пайдалану және қорғау жөніндегі қазақстандық комиссия қазіргі құрамында күрделі мәселені шеше алмайды. Ол тіпті нақты жағдайды бағалай алмай отыр. Сондықтан, бұған дейін де түрлі басқосуда айтылып жүргеніндей, мемлекетаралық комиссия бірнеше жылдан бері күрделі мәселенің күрмеуін түпкілікті таратқан жоқ. Демек, осы құрылым мәртебесін кем дегенде Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне дейін көтеру керек.
Жалпы, кен орындарын игеріп жатқан компаниялар су көзін қорғаумен шұғылданып жатқан жоқ. Су жетіқат жер астынан алынған мұнай мен газдың орнын толтыру үшін кері айдалуда. Кейбір кемшіліктерді көзге шұқып көрсетсе, бұл инвесторларға жақпайды. Дереу заңға жүгінеді. Соңғы бірер жылда олар «Батыс Эко Қорғау» қоғамдық бірлестігін бірнеше мәрте сотқа берді. Бәрінде де біздің дұрыстығымыз дәлелденді.
Ал, биылғы 28 мамырда ТШО үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне Теңіз кенішіне баруды ұйымдастырды. Бірақ, қызықты қараңыз, ұшақты пайдалану барысында болуы ықтимал түрлі жағдайға бірлескен кәсіпорын жауап бермейді екен. Тіпті өліп кетсең де, өзің кінәлі саналасың. Мұндай талаппен келіспегендіктен, сапардан бас тартуға тура келді.
Ал, еліміздің Азаматтық авиация комитеті жолаушылардан мұндай қолхат алудың қате екендігін айтып отыр. Солтүстік Каспий жобасына қатысушы компаниялар сақтандыру полисін жасақтамағаны жөнінде жоғарыда айттық. Егер айдын төсінде тосын оқиға орын алса, онда барлық жауапкершілік тек елімізге артылғалы тұр. Өнім өндіруші инвесторлар құтылып кетуі мүмкін.
Билікке мұнай мен газ керек пе, әлде ауыз су қажет пе, осы аралықты айқындайтын уақыт келді. Қазіргідей тағылықпен біз мұның бәрінен де айырылып қалуымыз ықтимал. Ал, оған жол беруге болмайды. Осы орайда «Байтақ Болашақ» республикалық экологиялық альянсы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа үндеуінде ХХІ ғасырдың ортасына дейін теңіздегі барлық жұмысты тоқтатуды ұсынады. Бәлкім, сол кезде айдын төсіне зиян келтірмейтін жетілдірілген технология мен экологиялық таза әдістер өмірге келер?
Әзірге жер үстіндегі байлығымыз да біраз жылға жетеді емес пе? Оның үстіне, көмірсутегі шикізатын қажетті мөлшерде ғана алған абзал. Кеніштерді жабайылықпен игеру олардың қорын тез тауысады. Ал, айдында өнім өндіруді кейінге қалдыру теңіздің толығуына оң септігін тигізеді.