Ауыл шаруашылығы саласында алдағы жылдары 23 жоба жүзеге асады
«Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 100,9 пайызды құраған. Бұл туралы облыс әкімдігіндегі бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша өткен жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат мәлімдеді»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Облыстың ауыл шаруашылығы саласында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім бар. Ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі 100,9 пайызды құрады. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы -100 %, мал шаруашылығы -100,9 %, ет өндірісі -101,4%, сиыр сүті -104,6% құрап отыр»,-деді А.Саламат.
Сондай-ақ, басқарма басшысының сөзінше, осы жылы 180 мәрте жәрмеңке ұйымдастырылып, ал, көкөніс бағасы өткен аптаға қарағанда 15 пайызға арзандаған. Баға тұрақтылығына жергілікті өнімдердің пісуі де оң ықпал етуде.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов бағаны тұрақты ұстап тұру үшін барлық іс-шараларды қабылдау керектігін айрықша ескертті. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бұл мақсатта қомақты қаржы бөлініп келе жатқаны айтылды. Көптеген азық-түлік өнімдерінің сырттан жеткізілетініне тоқталған ол ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлу жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар, басқарма басшысы 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, 23 жоба жүзеге асатынын мәлімдеді. Оның ішінде 6 жобаны биыл іске қосу жоспарланса, бүгінгі таңда 4-і жұмыс жасауда. Олардың қатарында жылыжайлар, сүт өндірісі цехы, мал бордақылау мен жаңбырлатып суару алаңдары бар.
Айталық, Атырау қаласындағы «Иманбаев» және «Отбасы» шаруа қожалықтарының жылыжайлары, жылына 72 тонна ет өндіретін «АТЫРАУ-ЧИФТЛИК» мал бордақылау алаңы іске қосылып, «Асыл Агро» және «Жұмағалиева» ШҚ-ның жаңбырлатып суару қондырғылары жұмыс жасауда.
Ал, Махамбет ауданындағы «Жұмағалиев» шаруа қожалығына қарасты жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Жылыой ауданында сүт өндіру цехы, Атырау қаласындағы жылына 235 тонна ет өндіретін «Джумагалиева» ЖК және «Jan&Adil» ЖШС мал бордақылау алаңдары алдағы уақытта халық игілігіне берілмек.
Жиында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов баға тұрақтылығын бақылауда ұстауды баса тапсырды. Оған қоса, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндіретін өнімдердің көлемін арттыруды, ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жетілдіріп, жаңа жұмыс орындарын құруды жүктеді. Сондай-ақ, азық-түлік, жем-шөп және халық жаппай тұтынатын тауарлардың бағасына тұрақты бақылау жасап, мониторинг жүргізуді міндеттеді.