ЖаңалықтарМедицинаСарапTime

Ауыл медицинасының ахуалы қандай?

Atr.kz/24 шілде, 2020 жыл. Атырау қаласындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға байланысты кешенді шаралар жүзеге асуда. Қордаланған мәселелер де біртіндеп шешімін тауып жатыр. Ал, осынау сын- сағатта шалғайдағы елді мекендер медицинасының ахуалы қандай? Қауіпті індетке қарсы күресте, тұрғындардың денсаулығын сақтауда қандай шаралар алынуда?

Қызылқоғадағы қызмет қолжетімді ме?

Халқымыздың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Дүниежүзін жайлаған бұр дертпен күресіп, оны жеңуде аймақтардағы азаматтардың да саулығына бейжай қарауға болмайды. Бұл ретте ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары әлі толық қолжетімді емес. Оларға қарапайым дәрі-дәрмектің өзі жетпей жатады. Осы мәселеге тереңірек үңілу мақсатында мұнайлы мекеннің шалғайдағы өңірінің бірі – Қызылқоға ауданындағы ахуалға зер салдық.

Қызылқоға ауданы әкімінің кеңесшісі Абылай Ахметовтың ай­туынша, өңір облыс орталығынан шалғай орналасқан. Соған қарамастан эпидемиологиялық жағдайды одан әрі ушықтырмай, дертті ауыздықтау үшін бірқатар шаралар қолға алынуда. Аудан тұрғындарының саулығы үшін ең ал­дымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатындағы 12 мобильдік топ құрылды. Орын алған құқық бұзушылықтар үшін дер кезінде қажетті шаралар қолға алыну­да. Ал, аудан халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары – күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Десек те, бірінші қажеттіліктегі дәрілердің жетіспеушілігі әлі байқалады.

– Бүгінгі таңда ауданда 11 дәріхана жұмыс жасайды. Дәріханалардың басым бөлігі көршілес Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы фармацевтикалық компаниялар­мен келісім-шарт жасақтап, қажетті дәрілерді жеткілікті мөлшерде тасымалдауда. Аудан халқы жап­пай дәрі сатып алуға көшкен кез­де дәрі тапшылығы болғаны рас. Қазір бұл мәселелер шешімін тауып, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету өз деңгейінде жүзеге асыры­луда. Бірақ, бірінші қажеттіліктегі дәрілер әлі де жетіспейді. Бұл рет­те аудандық аурухана жанындағы провизорлық стационарға қажетті дәрі-дәрмектерге облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұраныс берілді, — деді Абылай Амандықұлы.

Д ә р і — д ә р м е к т а п ш ы л ы ғ ы туындаған кезде «BRANDO» ЖШС құрылтайшысы Махмут Мералиев тұрғындарға 30 мың шприц және осынша дана парацетамол дәрісін тегін таратты. Сонымен қатар, 200 дана нимисил, эффералган, ципролет, сума­мед секілді бағасы қымбат дәрілерді жеткізіп берді. Елу оттегі баллонын ұсынуы да дер кезінде көрсетілген зор қолдау болды. Бұдан басқа, «Қызылқоға – құтты мекенім» қоғамдық қоры 10 дана импульсті оксиметрді аудандық емханаға ұсынды. Аталған қоғамдық қордың қолдауымен 500 дана цеф­триаксон, 160 дана парацетамол тұрғындарға тегін таратылып, үш оттегі баллоны берілді. Енді тыныс алу­ды жеңілдететін 20 құрылғы әкелінбек. Мұның барлығы округ­терге бөлініп, беріледі.

Мамандар жетіспейді

Қызылқоға ауданы әкімдігі өкілінің айту­ынша, бұрын ашылған 7 орынды провизорлық бөлімше инфекциялық бөлімшеге ауысты­р ы л д ы . А й м а қ қ а коронавирусқа күдікті, пневмония, жұқпалы р е с п и р а т о р л ы қ вирустық инфекция дертімен науқастардың көптеп келуіне байла­нысты аурухананың үшінші қабатындағы терапия мен екінші қабатындағы күндізгі ста­ционар бөлімдеріндегі жоспарлы ем қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл нысан 30 орынды провизорлық бөлім болып қайта жасақталды. Қазіргі таңда аурухана оттегі баллонымен жеткілікті деңгейде қамтылып отыр. Төрт дана конденсатор құрылғысымен, екі портативті пульсоксиметр, 12 қол пульсоксиметрімен жабдықталды. Қазір қауіпті індетпен күресте денсаулық сақтау орындарында қажетті жабдықтармен қамту мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Ал, ауданда медицина кадрларының тапшылығы бар ма?

– Қазіргі таңда ауданда анесте­зиолог, инфекционист дәрігерлерінің жоқтығы – басты мә с е л е . Рентгенолог-дәрігер зейнеткерлікке шығып, жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, Мұқыр дәрігерлік амбулаториясына – екі, Тасшағыл дәрігерлік амбулаториясына – бір жалпытәжірибелік дәрігер қажет. Ауданда бір дана өкпені жасанды желдету аппараты бар. Алайда, анестезиолог маманның жоқтығынан қазір оны пайдалану мүмкін бол­май отыр. Бүгінде провизорлық бөлімшеде аурухана директорының бұйрығымен төрт дәрігер (үш жалпытәжірибелік дәрігер, бір невропатолог), сегіз мейірбике және осынша тазалықшы жұмыс жасай­ды, — деді сұхбаттасушымыз.

Аудандарда – мобильді бригадалар

Бүгінде елімізде 2300 әмбебап мобильді бригада жасақталды. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл ретте ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды. Қызылқоға өңірінің 10 округі бойын­ша аудандық емхана мен дәрігерлік амбулаторияларда мобильді топ құрылып, ауылдардағы үй жағдайында ем қабылдап жатқан тұрғындарға бару жұмысы ұйымдастырылды. Олар­ды автокөлікпен қамтуда аудандық әкімдіктен жеті көлік бөлінді.

Қазіргі таңда вирус жұқтырған бірқатар науқас ауруханалардағы орын тапшылығының салдарынан үй жағдайында емделуде. Осы орай­да мобильді топтың қажеттілігі өте жоғары болып тұр. Сондықтан, қолға алынған бұл қызмет түрі басқа аудан­дарда да біртіндеп жүзеге асуда. Мәселен, Жылыой ауданының әкімдігінің баспасөз хатшысы Ербол Маратұлының хабарлау­ынша, «Теңізшевройл» ЖШС-нің төрт қызметтік автокөлігі коронави­рус індетімен күресу үшін аудандық аурухананың мобильді тобына пайдалануға берілді. Оның біреуі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, «корона-такси» қызметін атқарады.

Медицина қызметкерлерімен бірге науқастардың үйіне шұғыл жетіп, ем- дом көрсетуге құрманғазылықтар да іске белсене кірісті. Аудан әкімдігінің ха­барлауынша, олар қызметтік көліктерін ауруханаға ұсынды. Ендігі уақытта кезекші көлік ретінде бөлінген бұл транспорт арқылы дәрігерлер шақырту бойынша науқастың үйіне шұғыл түрде жете алады.

Желдей ескен жалған ақпар

Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Жылыой аудандық ауруханасында медициналық қызметкерлер ақша жинап, жеке бастың қорғаныш құралдарын өздері сатып алуда, оларда қажетті жабдықтар жетіспейді» деген ақпараттар тарады. Ауыл-аймақтағы медицинаның жайының мүшкіл екендігіне қатысты бұл әңгімені Жылыой аудандық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев жоққа шығарды.

– Бұл – әлеуметтік желіде еш негізсіз тараған әңгіме. Осы мәселе бойынша заң шеңберінде жауап беруге дайын­мын. Туындаған мәселелерді шешуде қолдан келген көмекті көрсетеміз. Коро­навирус инфекциясына қарсы күреске жұмылдырылған ақ халаттыларға тиісті үстемеақылары да талапқа сай төленуде, — деді Нұрбек Үкібаев.

Ауыл-аймақтардағы жасалған жұмыстарды бағамдап қарасақ, шешімін таппаған мәселелер бар. Аудандардағы дәрі-дәрмек тапшылығымен қатар, үйде қалып оқшауланған науқасқа ине салар мейірбике оңайлықпен табылмайды. Кадр тапшылығы мәселесін облыстың бас дәрігері онлайн-брифингтің бірінде ақ халаттылардың өздерінің де сырқаттанып қалып жатқанымен түсіндірді. Десек те, облыс халқының басым бөлігін аудан тұрғындары құрайтынын ескерсек, қауіпті індетпен қарсы күресте бұл аймақтардағы проблемалар да шұғыл шешімін табуды қажет етеді.

 Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button