ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында жалпы елдің экономика, ішкі және сыртқы саясатынан бөлек, халықтың әлеуметтік жағдайына үлкен көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ, денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту, халықты спортқа баулу, жұмыссыздықты азайтып, зейнетақы мөлшерін көбейту бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылуда.

 

Осыған орай жуырда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының сайлауалды тұғырнаманы іске асыру және бақылау бөлімі семинар ұйымдастырып, мұнда халықты әлеуметтік қамту, соның ішінде зейнетақы қорын молайту, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі облыста қаншалықты деңгейде іске асырылып жатқаны кеңінен сөз болды.

– Биылдан бастап депутаттардан тәлімгерлік топ құрылып, аталмыш тұғырнамада көрсетілген мәселелердің жергілікті жерде орындалуы қаншалықты деңгейде екендігіне бақылау жүргізіп, жасалып жатқан жұмыстарды зерттеп келеді. Кейбір шешімін күткен мәселелерді орталыққа ұсыныс беру арқылы реттеуді қолға алудамыз, – деді облыстық депутаттық тәлімгерлік топтың жетекшісі Өнербек Жанбала.

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың облыстық филиалының бөлім басшысы Айнұр Ғайнидің айтуынша, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызмет дүйсенбі мен сенбі күндері  09.00 – 14.00 сағат аралығында көрсетіледі. Аталмыш қызмет мерзімі тапсырған сәттен бастап он күн ішінде жүзеге асуда. Ендігі кезекте бұл қызмет электронды кезек жүйесіне енбекші.

– Жүктелген міндеттің бірі – мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейін алпыс пайызға арттыру. Алайда, Үкіметтен келген қаулыға сәйкес біздің облыста бұл көрсеткіш елу пайыздан аспайды. 2017 жылдан бастап зейнетақы мөлшері адамның еңбек өтіліне байланысты өсіріледі, – деді Айнұр Сәрсенбайқызы.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз