Ауыл көшіп барады қырдан асып…
Atr.kz/27 қазан, 2020 жыл. Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы халыққа жол тартты. Сөз жоқ, барлық сала қамтылды. Енді ел жүйелі жүзеге асуын күтеді. Әйтсе де, соның ішінде қазақтың алтын қазығы – ауыл мәселесі аса маңыздылығымен ерекшеленеді. Қазір жұртты не мазалайды? Оны шешу жолы қандай? Жастарды атакәсіпке қалай жақындатамыз? Осы орайда сала мамандарын ой бөлісуге шақыра отырып, топтама материал жариялауды жоспарладық.
«Ауыл шаруашылығын дамытпай,
бəсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауынан
1. ЖАЙЛАУДЫ САҒЫНДЫҢ БА, ЖАЛПАҚ ЖҰРТЫМ?
Көнекөздердің жадында шығар, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізу жөнінде бастама көтерілді. Сонда редакциямызға ғұмыры қолынан құрық түспеген қария келіп, «ау, шырақтарым, осыншама малға жайылыс қайда?» деп таңданысын жасырмаған. Байырғы шопанды сол кезде-ақ жайылым жайы мазалаған. Қазір ше? Жұрт жайлауын сағынды ма? Қыр төсі мыңғырған малға толды ма? Елімізде, соның ішінде аймақта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға не кедергі? Бұл сауалдарды облысқа белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВКЕ қойған едік.
Қой қайда қыстайтұғын Қарақұмды?
– Ауыл шаруашылығы проблемасын көптен бері қозғап келесіз. Осы саланың кәнігі маманы ретінде нендей жайға көбірек назар аудару қажет?
– Тұтас елімізді алып қарасақ, 180 млн. гектардан аса жайылым мен шабындық бар. Бұған қоса суармалы жерлер де жеткілікті. Соны тиімді пайдалана білсек, азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеміз. Артылғанын экспортқа шығарып, бұл бағытта ірі сауда саласын қалыптастыруға да болар еді. Əсіресе, төтенше ж а ғ д а й ке з і н д е м ұ н д а й ш а р у а н ы ң қ а н ш а л ы қ т ы маңызды екені көрінді. Алдағы уақытта да аумалы-төкпелі жағдай орнай қалса, тағамды тыстан таситындай күйге түспеуіміз керек қой. Міне, сондықтан, Президент халыққа Жолдауында агроөнеркəсіп кешені өнімін экспорттауды екі есе арттыра отырып, өзімізді де азық-түлік тауарларымен жеткілікті жабдықтауды міндет етіп қойды.
Б і л е с і з б е , о б л ы с территориясының 80 пайызын жайылым мен шабындық қ ұ р а й д ы . Я ғ н и , а й м а қ өнеркəсіпті саналғанымен, ауыл шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік мол. Мұнайгаз кеніштері қаншама көп болғанымен, мал бағуға да, егін егуге де орын бар. Осы ауқымды алқапты мақсатты пайдаланса, арзан да сапалы жергілікті өнімдерді өндіруге болады. Ауылдың ырысы да, байлықтың кірісі де осында. Алайда, қолдағы дерек бойынша, осындағы барлық санаттағы ауыл шаруашылығы құрылымдары əлгі жердің небəрі 35-40 пайызын ғана пайдаланып отыр. Бұлардың да көбі құмды, сазды, сонымен қатар шөл жəне шөлейт өңірде орналасқан.
Жалпы, Нарын, Айбас, Тайсойған, Бүйрек, Көрқияқ, Ортақыр, Қошалақ тəрізді шүйгінді аймақ шаруаны əуелден өзіне тартады. Бұлардан бөлек Қарағайлы, Ноғайбай, Ниетбай, Бура, Қарақұм тəрізді жайылым кешегі кеңестік кезде де шұрайлы саналатын. Шындығы сол, шопандар қыстап шығу үшін кейде таласып та қалушы еді. Ал, қазір көпшілігі бос жатыр. Обал-ақ! Əрине, мұның бірнеше с е б е б і б а р . А л д ы м е н , ш а р у а ш ы л ы қ т а р д а т ө р т түлік басы кеміген. Жағдайы жасалмаған соң жұрт мал бағудан шаршаған секілді. Қайтарымы жоқ кəсіпке қолын бір-ақ сілтегендер де бар.
Керегін дүкеннен-ақ ала салады. Ауылда қарттардың қатары кеміген, жастар қалаға кеткен. Бұл жөнінде əлі де айтуға болады. Одан əрі, жайылым тозған. Ауылдың маңы тапталғаны сонша, мал жайылатын жер жоқ. Ал, шаруа қожалықтарының кейбірі малын қашықтағы құнарлы жерге жаюға көңіл бөлмейді. Байырғы малбегілер табиғи жайылымдарды барынша тиімді пайдаланып, қыстың ақшұнақ аязы мен қарлы боранында ғана төрт түлікті қораға қамайтын. Тек қолдағы жем-шөбін сол кезде ғана беретін.
Биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Абай ақын «Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай» демеуші ме еді? Міне, көрдіңіз бе, бұрынғылар шөп қадірін білген. Оның мал тұяғымен орынсыз тапталмай, өсуіне мүмкіндік берген. Бүгін ше? Өкінішке орай, аталар əдісі естен шыққан. Жайлаудан үдере көтеріліп, күзеуге көшіп жүрген жанды көрмейміз. Ал, қысыжазы бір орында отырғандықтан жер тозбай ма? Құнарлы өсімдіктер азаймай ма? Олардың жаңарып өсуіне мүмкіндік берілмейді. Қазір жайылымды шағыр мен итсигек, сүттіген секілді арам шөптер басқан. Бұлар малға жағымсыз болғандықтан азыққа жарамайды. Жайлаудың эрозияға ұшырап, біртіндеп қолданыстан шығып жатқандығының басты себебі де сол.
С о н ы м е н қ а т а р , м а л шаруашылығын да ғылыми негізде ұйымдастыру қажет. Осы орайда талай жыл тер төккен ғалымдар еңбегі ескерусіз қалмауы керек. Президент Жолдауында агроөнеркəсіптің өркендеуіне кедергі жайларды атай келіп, «Аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл с а ладағы қордаланған мəселе» деді. Расында да, өзін ақтаған, талай сыннан сыр бермеген толымды тəжірибені неге жандандырмасқа? Сонау жылдары Атырау аймағында мыңғырған мал өргізіп, жайқалтып егін өсіргенімізді ұмытқанымыз қалай? Орталыққа тонналап тіл үйірген қауын-қарбыз бен тəптəтті ет-сүт жөнелткеніміз қайда? Дүкен сөрелері бос тұратын ба еді? Енді соның бəрін тыстан таситындай басымызға не күн туды? Бұл – өткенді аңсау емес, шынайы шындықты баяндау.
Бүгінгі күннің талабы – ұсақ құрылымдарды ірілендіру. Сол арқылы ғана іргелі инновациялық б а ғ д а р л а м а л а р д ы ж ү з е г е асыруға, жаңа технологияны жан-жақты енгізуге, озат тəжірибені кеңінен қолдануға мүмкіндік туады. Қаржыландыру мəселесінде екінші деңгейдегі банктер кішігірім қожалықтар ұсынатын кепілдік дүниеге қанағаттанбайды. Бұлардың лизингтік тəсілмен берілетін техникадан да, жеңілдетілген несиеден де көбінесе құр қалатыны сондықтан. Бұл жөнінде Президент Жолдауында «Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мəнінде, өлместің күнін көріп отыр» деп тура айтылған. Əзірге олардан лайықты қайтарым күту қиын.
Үкіметке алақан жаймай, алдындағы азығын алып жесе, соған да риза боласың. Бірақ, облыста «Құрманғазы», « М а қ а ш » , « С ү й і н д і к » , «Жарсуат», «Достан ата» тəрізді шаруашылығы біркелкі дамыған, жер-суы да жеткілікті шаруа қожалықтары бар. «Нұрлы дала» агрофирмасы да жақсы атқа ие. Міне, осы құрылымдардың қуатын қазіргіден де еселеп арттыруға болады. Ол үшін ұзақ мерзімді қомақты несиемен, қажетті лизингтік техникамен, жеткілікті субсидиямен қамтамасыз еткен абз а л . И н в е с т и ц и я т а рту ғ а жəрдемдескен жөн. Ол үшін қалталы жандарды əріптестік қатынас орнатуға қызықтыру қажет. Бұдан күтілетін қайтарым – аймақтағы ауыл шаруашылығы қ ұ р ы л ы м д а р ы н ы ң ө ң і р тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етуі өз алдына, артылғанын экспортқа шығарып, көп қаржы табуы.
Атырау өңірінде мұнайгаз өндірумен шұғылданатын отандық жəне шетелдік компаниялар көп екенін ескерсек, солармен екіжақты тиімді шарт жасап, тұрақты тұтынушы табуына мүмкіндік туар еді. Ең бастысы – аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі. Осы салаға арналған мол қаржының түпкі мақсаты да сол емес пе? Жайлау мыңғырған малға толса, дархан даланың сəні ғой, шіркін!
Еділбай қойы – ұлттық мәртебе
– «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп жатамыз ғой. Кешегі кесірлі дерт кезінде соның дауасы ретінде семіз қойдың құйрығын іздеп кеткеніміз де жасырын емес…
– Мен сізге мынадай жайды айтайын. Қытай, Біріккен Араб Əмірліктері, Иран мен Сауд Арабиясы секілді дамыған елдер біздегі қой етіне қатты қызығушылық танытып отыр. Қажет десе, қазақтың барлық қойын тиеп кетуге даяр. Бұл дегеніңіз – қып-қызыл ақша. Тіпті, мұнайдан түсетін табыстан асып кетуі ықтимал. Шетелдіктер қозы етін көбірек сұрайды екен. Емдік қасиетін бағалайтын көрінеді. Əрі əлемде бүгінде кəрі қойдың етін ешкім жемейді. Оның үстіне, қозының етінде холестерин болмайды, ол сіңімді саналады. Ал, өзіңіз айтқандай, пандемия кезінде дəрігерлердің өздері қойдың құйрығын пайдалануды ұсынды емес пе? Ал, оның дертке дауа екенін ата-баба əлдеқашан білген.
Осы орайда еділбай қойына қатысты көптен бері айтылып жүрген мəселенің шешімі табылмай келе жатқандығын жасыра алмаймыз. Аймақта оның генофонды толық жасақталды. Күллі республикаға танымалмыз. Рас, қол жеткенге тоқмейілсуге тағы болмайды. Өнімділігі мен тұқымдық қасиетін нарықтық т а л ап т а р ғ а с а й од а н ə р і жетілдірген жөн. Осы бағытта селекциялық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жə, бұл – ғылымға қатысты туындап отырған мəселе. Президент Жолдауынан соң ол оңтайлы жүзеге асар. Бізді толғандырып отырғаны – осы малымызды өзгелер иеленіп кету қаупі. Оған алыс-жақын шетелдіктер қатты қызығушылық танытуда.
Қазірдің өзінде көршілес Ресей шаруагерлері еділбай қойын отар-отарымен сатып алып жатыр. Күнделікті тұтынуы өз алдына, əрі қарай асылданд ы р ы п , т ұ т ы н у ш ы л а р ы н а қымбат құнымен ұсынуда. Келешекте тіпті атын иеленіп кетуі ықтимал. Сондықтан шапшаңдатып «Ұлттық еділбай қойы» мəртебесін алу керек. Оны тиісті құжаттармен заңдастырған жөн. Жалпы, малдың осы түріне ерекше назар керек-ақ. Əйтпесе, оның таза тұқымы біртіндеп құрып барады. Соны сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз.
Ал, республикада еділбай қойының нақты саны да белгісіз. Көзден таса қалу деген осы емес пе? Жа лпы, кеңе стік ке зде еліміздің ет өндірісінде қой өнімінің үлесі 30-32 пайызды құраған-ды. Сол шақта Қазақстанда 35 миллионнан аса қой болатын. Бүгінде республикада тек қылшық жүнді құйрықты қойдың еті ғана экспортқа шығарылады. Бұл тым аз. Статистикалық деректерге қарағанда, бізде қазір 18 млн. шамасында қой-ешкі бары айтылады. Əйтсе де, бұл дерекке күмəн келтіруге де негіз бар. Өйткені, тұтастай алғанда, төрт түліктің өзінің саны түрліше айтылады. Мұның себебі – жергілікті жерде мал санағы жүргізілмеуі. Оның өнімімен халық қалай қамтылған, қанша ет пен сүт кəсіпорындарға жеткізіледі – дəл мағлұмат жоқ. Көбі болжам ғана. Ең сорақысы – күнделікті жасалып жатқан жұмыстармен қабыспайтын жалған ақпарат берілуі. Бұл кімге керек? Кімді алдаймыз? Жоғарыға теріс мəлімет таратып, мақтау естігенімізбен, қалыптасқан жағдайды жұрт көріп отыр.
«Ауруыңды жасырғаныңмен, а ж а л ə ш ке р е » д е г е н д е й , базардағы ет қымбатшылығы жасырын еме с қой. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзімізді толық қамтамасыз ете алмай отырғанымызды кімнен құпия ұстаймыз? Ə н ш е й і н д е а у ы л д а н шыққандығын айтатын жоғары лауазымды жандар алыс елді мекендерде қашан болды екен? Астанадан арнайы келген шенеуніктер шаһар маңындағы бірер шаруашылықты көріп, сол арқылы ғана қорытынды жасай салады. Бұл үстірттік емес пе? Соның салдарынан жоғарыда қабылданып жатқан бағдарламаларда əр аймақтың нақты ерекшеліктері ескерілмейді.
Содан соң шикі құжат туындайды. Немесе шет елдің жылт еткен жаңалығын, бізге үйлеспейтін бастамасын көшіріп алып, осында енгізуге ұмтылады. Оның соңы қыруар қаржыны желге шашумен аяқталады. Президент Жолдауында осындай олқылық та айтылып отыр.
Әке таяғы ұлына мұра емес пе?
– Сонау жылдары зейнет жасына жеткен аға шопандар өз ісін жалғастыруды ұлдарына аманаттап жататын…
– Бұл кеңестік кездегі əдемі үрдіс еді. Атақты малбегілер көптің көзінше, салтанатты жағдайда ұлына таяғын тапсыратын. Əрине, символикалық көрініс қой. Бірақ, соның өзі мұрты жаңа тебіндеген бозбаланың бойына күш-қуат беретін. Сол шақтың бəрін жамандай бермей, озығын алып, тозығын тастау керек. Мəселен, шопандар тойын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің слетін өткізу, озат тəжірибені насихаттау қажет емес пе? Бұдан неден ұтыламыз? Керісінше, жастардың бойында ата-баба кəсібіне қызығушылық тумай ма? Тіпті шопандар бригадасын қайта құрып көрсе қайтеді? Уақыт өзге, талап басқа ма? Президент алдымызға қойып отырған бір ғана міндет бар. Ол – өзімізді азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету. Ендеше, осы межеден көріну үшін барлық тəсілді таразыға тартып көрген жөн. Əйтсе де, анау жылы өзім куə болған бір көрініс есімде сақталып қалыпты.
Сонау уақытта Құрманғазы атындағы асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін шаруашылықтың өрістегі отарын аралап жүргенімізде шағын денелі жігіт аттан түсіп амандасты. Бəкене бойына қарап бастапқыда шопанның баласы шығар дегенбіз. Сөйтсек, Нұралы Қонтиев деген аға шопан екен. Бұрын орталықта түрлі жұмыс атқарыпты, тракторшы да болған. Бірақ, отбасы тірлігіне үйлеспеген. Басқа тартса, аяққа жетпейтін жарытусыз жалақы да тұрмысын түзеуге септігін тигізбеген. Ақыры əйелі Светамен ақылдасып, өз еркімен мал бағуға шығыпты. Ұлы Абайдың «Өз қайратыңа сүйеніп еңбек ет» деген сөзін өмірлік қағидасы етіп алыпты. Алдында бір отар тоқты, табысы тұрақты. Оған да, міне, он жылдан аса мезгіл өтті.
Бүгінде Нұралы атақты шопан атанды. Аталық қой бағып жүр. Жазғы демалыста балалары көмектеседі. Жайлау төрінде асыр салып, таза ауа жұтып, олар да мəз. Үстінде үйі, астында көлігі, алдында төрт түлігі. Кімнен кем? Жалпы, журналистер осындай абзал адамдар туралы көбірек жазғаны жөн. Өзгелерге өнеге болсын. Президент Жолдауында ауылда кəсіби мамандардың жетімсіздігі айтылды. Ащы ақиқат. Таңертеңгілік өріске беттеп, кешкілік кейін қайтатын төрт түліктің соңында жүргендерқарттар ғана. Жастар жылыстап кетіп жатыр. Қазір келешегі күңгірт деген желеумен шағын елді мекендерді көшіруде. Бала саны жетпейтінін сылтауратып, мектептер жабылуда. Спорт кешендері мен мəдениет үйлері туралы айтпаса да болады.
Экономикалық тұрғыдан қайтарымсыздығы көлденең тартылып, жол да салынбайды, ауыз су мен табиғи газ да тартылмайды. Содан соң бұларда адам қалар ма? Жаһандану заманында жастарды байлап та ұстай алмайсың. Олар қаладағы қатарларын көріп отыр. Бəрі де соларға ұқсағысы келеді. Расында да, құрбыларынан қай жері кем? Ендеше, елді мекендерге қолды бір-ақ сілтемей, қайта көтермелеудің қамын жасау қажет.
Анау Азғырдың кең даласында төрт түлікті түгел өргізуге мүмкіндік бар. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін. Қазір мұндағы ауылдардың инфрақұрылымы да дұрысталып келеді. Ара-тұра ат ізін салғанда аңғарғанымыз — халық көшуге құлықты емес. Демек, осы жағдайды пайдаланып, жастарды өскен ортасына қоныстандыру қажет. Мүмкін бірер жыл еңбек еткен соң əрі қарай білімін жалғастыруға жəрдемдескен жөн бе? Сөйтіп, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап алуға болар. Оның үстіне, осындағы жұрт жеріміздің сақшысы емес пе? Шекарашылар секілді еліміздің шебін қырағы күзетпей ме?
- Қысқасы, қыруар жұрттың қыр асып, қалаға көшіп кетпеуін қарастырайық. Жағдайларын жасап, өркениет өріне қол жеткізсе, ауылдағылар байырғы қоныстан кетпес. Жайлауда өскендер жусан иісін сағынбай қалай жүрер? Ата таяғын аманаттап алар ұл да табылар. Президент Жолдауында айтылған нақты тапсырмалар нәтижелі жүзеге асса, әлі де тірлікті түзеп, түтінді түзу ұшыруға мүмкіндік мол.