«Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасының әрбір нысаны ерекше бақылауда» — Алексей Цой
ҚР Денсаулық сақтау министрі «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылуымен танысу үшін Атырауға келген болатын. Министр жұмыс сапары аясында мұнайлы өңірде салынып жатқан құрылыс қарқынын жоғары бағалады, — деп хабарлайды atr.kz
ҚР Президенті тапсырмасымен, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысына «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысу үшін келді. Ағымдағы жылы осы бағдарлама аясында 66 мың адам тұратын 16 ауылдық елдімекенде 22 жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,9 миллиард теңге бөлінді.
— Қазіргі таңда 5 ауылдық елді мекенде 5 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, 4 ауылдың кіреберіс және кентішілік жолдары жарықтандырылды, сондай — ақ Миялы ауылындағы спорт кешеніне күрделі жөндеу жүргізілді, — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жоба аясындағы таныстырылымда.
Жұмыс сапары аясында Алексей Цой Исатай, Махамбет және Индер аудандарының әлеуметтік нысандарын аралады. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрі шалғай ауылдардағы инфрақұрылым құрылысының барысымен танысты.
— Ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында бүгін Атырау облысындағы инфрақұрылымдық нысандар, мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар құрылысымен таныстық. Біз нысандардың қалай жұмыс істейтінін көрдік, ауылда медициналық көмек пен білімнің қолжетімділігі жоғары, жақсы деңгейде екеніне көз жеткіздік. Атырау облысында «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылуы жоғары деңгейде. Бұл бағдарламаның әрбір нысаны Үкіметтің ерекше бақылауында, — деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында 153 ауылдық елді мекенде 300 мың адам немесе облыс халқының жалпы санының 45% — ы тұрады.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесі мен моделіне сәйкес, облыста 40 тірек, 38 спутниктік, 15 стратегиялық елді мекен мен 60 ауыл іріктеліп алынған.