Мейірімін төккен медбике

Безымянный 1 Жаңалықтар

Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Ауру жаныңа батып тұрғанда ең жақын адамға емес, ақ халатты жандардың көмегіне жүгініп жатамыз. Осындай сенімді үлкен жауапкершілікпен атқарып өткен Ұлжан Құрмашқызын ауыл адамдары әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Ауырған адамның жанына жәрдемші бола білген Ұлжан осы қызметті отыз жыл абыроймен атқарды.

Безымянный

Әсіресе, науқас адамды сөзімен де, мейірбан жүзімен де емдей білетін медбикенің уақытпен санаспай жұмыс істейтіні тұрғындардың есінде.

Жастайынан өнерге құштар болып өскен Ұлжан әуелетіп ән де салатын. Ауылдағы, кейінірек аудан орталығындағы көркемөнерпаздар үйірмелеріне де үнемі белсене қатысып, жергілікті драма топтары ұйымдастырған қойылымдарда жиі рөлдерді сомдайтын. Бұрынғы кезде ауданның басшы органдарының ұйымдастыруымен алыс елді мекендер мен малшы ауылдарын аралап, концерттер қойып, сауда және дәрігерлік қызмет көрсету мақсатында үгіт бригадалары жиі шығушы еді. Ал, Ұлжан мұндай топтың үнемі ұйымдастырушысы болып, басы-қасынан табылатын.  Оның өмірдегі таңдаған мамандығы басқа болса да, көңілі өнерге тым жақын болған. Қолы қалт еткенде қоғамдық жұмыстардан қалмайтын. Жасы ұлғай-ған кезінде де әжелер ансамблінің белді ұйымдастырушысы атанған.

1965 жылы он сегіз жастағы бойжеткен ауданда алғаш рет ашылған, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бақыт Көбенов ұйымдастырған медицина училищесіне түсіп, оны 1967 жылы медбике мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан бастап отыз жыл бойына бір орында табан аудармай аталған орталық ауруханада қызмет етті. Бірге қызмет еткен ұжымдастары «оны өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарайтын, қолы шипалы маман» деп мақтайтын. Бірақ, ісіне жауапты медбике мақтаған сайын кішірейе түсетін. Өзі кең, көпшіл еді.

Ұлағатты бір әулеттің үлкен шаңырағы болған Андрей мен Ұлжан бақыттың базарын кешіп өмір сүрді. Олар қайда барса да жұптары жазылып көрген емес. Жазғы еңбек демалыстары кезінде бірқатар ел мен жерді аралап көрді.

Ұлжан отбасының ардақты анасы, үлкен жүректі тірегі, жан жылуы да бола білді. Сол үшін де шаңырақтарынан қонақ үзілмейтін. Шаңырақтың отағасы Андрейдің әкесі мен немере ағасы Байғабыл мен Ығылман аталарға және Нәзира анаға сүйікті келін, Андрейдің туған бауырлары Нұрлан мен Шарханға  және Асыланға қайырымды жеңге, келіндері Ұлмекен мен Сәулеге және Шолпанға өнегелі абысын бола білген Ұлжан бұл күнде арамызда жоқ.

«Кейінгі кезде Нәзира ана дүниеден өткелі үлкен шаңырақтың да ардақты анасына айнала бастап еді. Бірақ, дендеп алған ауру оны асыл арманына жеткізбей алып кетті. Тірі болса, анамыз 1 мамырда 70 жасқа толар еді. Оның үстіне биыл әкеміз Андреймен отасқандарына – 50 жыл» – деп күрсінеді абзал ананың соңында қалған балалары. Бүгінде Ұлжан ананың тәрбиесін көрген ұлы мен үш қызы бір-бір әулеттің түтінін түтетіп отырған салиқалы тұлғаларға айналды. Ұл-қыздары барда,  Ұлжан Құрмашқызының көзін көргендер тұрғанда мейірімді медбикенің есімі ұмытылмақ емес.

Нұргүл Насыр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз