
Ауыл әкімдері біліктіліктерін арттыруда
Атырау облысында ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы басталды. Оның аясында 53 ауыл әкімі біліктілігін арттыруда.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы аясында Мемлекеттік басқару академиясы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдерін біліктілікті арттыру бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама жергілікті басқару міндеттерін тиімді орындау, ауыл халқының өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті негізгі құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Бағдарлама практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану салалары бойынша сарапшылармен кездесу және оффлайн, онлайн форматта 240 академиялық сағат оқытуды қамтиды, олардың 100 сағаты «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы тарапынан ұсынылған. Бұдан өзге, жұмыс барысында ең көп жол берілетін кемшіліктерді ескере отырып, практикалық кейстер және оларды тиімді шешу жолдары қаралатын болады, — дейді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров.
Әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру 17 модуль арқылы жүргізіледі. Бұл жергілікті бюджетті тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алулар мен салықтар, коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау, аймаққа инвестиция тарту, мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану, қабылданған шешімдердің сәттілігіне әсер етуі мүмкін тәуекелдерді басқару, тиімді коммуникациялар және өзге дағдыларды дамытуды көздейді.

–“Әкімдер мектебі” – «AMANAT» партиясының қолға алған үлкен жобасы. Негізгі миссиясы ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсарту, табыс көзін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Мақсат ауылдық елдімекендерде шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің басын біріктіріп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы кооператив құру. Оның ішінде мал, егін, балық шаруашылығына басымдық беріледі. Сонымен қатар ауылдық жердегі ет, сүт, тері, жүн, балық, егін өнімдерін нарыққа заңдастырып шығару. Ол үшін ауыл әкімдері мемлекеттік қаржылай қолдауларды мейлінше тартып, аталған кооперативті құруына бастамашы, мұрындық болу. Жоба аясында “Ауыл аманаты” мен “Ауыл-ел бесігі” жобаларын біріктіріп, қаржылай қолдаудың көлемін үлкейту көзделуде. Жалпы осы жобаны Атырау облысы әкімдігі, Amanat партиясының Атырау облыстық филиалы және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы бірлесіп ұйымдастырушылық іс-шараларды ауыл әкімдеріне жан-жақты үйретуде, біліктілігін арттыруа, — дейді біз сөзге тартқан Құрманғазы ауданы Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрдәулет Дарелов.
Айтқандай, оқытудың қорытындысына сәйкес әкімдер өңірлерді экономикалық дамытуға қатысты жобаларын қорғайтын болады.
Айта кетелік, бағдарлама 17 ақпан мен 13 мамыр аралығында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалында жүргізіледі. Айтуларынша, бұл әкімдердің жұмысына кедергі келтірмейді, себебі онлайн, офлайн жүріп де оқуларын жалғастыра береді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ