Атырауда азық-түлік арзандайды
Биыл аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған өңірлік тұрақтандыру қоры 1530 тоннадан астам ауыл-шаруашылығы өнімімен толығады. Соның ішінде, 1207 тонна картоп, 115 тонна пияз, 100 тонна сәбіз және 111 тонна қырыққабат қорға қосылады.
«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басшылығының мәлімдеуінше, бұл өнімдердерді жеткізіп беруді алдын ала қаржыландырылған форвардтық келісім-шарт негізінде «Агрофеликс» шаруа қожалығы өз міндетіне алған. Осылайша, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын картоптың көлемі екі есеге көбейтілмек. Ал, көкөніс түрлері арнаулы комиссия бекіткен қолжетімді (қосымша құн салығын қоса есептегенде базар бәсінен төмен) бағамен сатылады. Мұнда тауарларды сақтау мен тасымалдау шығындары ескерілген.
Бұған қоса, өңірлік тұрақтандыру қорының тізіміне ішінара өзгерістер енгізіліп, толықтырулар болуы ықтималдығын корпорация өкілдері ашық айтты.
Бұл мәселенің де нақты шешімі қорды басқару жөніндегі комиссияның ұйғарымына байланысты болмақ. Содан соң ғана корпорация тауарларды сатып алуға кіріспек.
Дәулетқали АРУЕВ