Ауылдың болашағы – кооперативте
Елбасы Жолдауында ел Үкіметі мен барлық деңгейдегі әкімдерге «Бес жыл ішінде республика бойынша 500 мыңнан астам үй шаруашылығы мен шағын фермерлік құрылымдардың басын қосып, кооперативтерге біріктірудің оңтайлы жағдайын жасау туралы» нақты тапсырма берген болатын. Бұған Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған облыс активінің жиналысында да айрықша назар аударылды. Онда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Жолдау жүктеген осынау маңызды міндетті орындау бағытындағы жұмыстардың қазірден бастап қолға алынғандығын, ағымдағы жылдың аяғына дейін облыста 13 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылатынын мәлімдеді. Бұлардың алғашқы алтауы құрылып та үлгерген. Олар: «Атырау–Чифтлик» (Атырау қаласы), «Нарын», «Аққыстау» (Индер ауданы), «Бірлік–Миялы» (Қызылқоға), «Береке – 2» (Құрманғазы) және «Бақсай» (Махамбет) кооперативтері.
Бірінші кезекте – қаржылық қолдау
Тақырып төңірегінде өз ойымен бөліскен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Сәрсекеновтің айтуынша, бұл мәселені түпкілікті шешу үшін алдымен оның қаржылық жағынан қамтамасыз етілуіне көңіл бөлінеді. Бағдарламаға қатысушыларға алты пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 4 млн. теңге көлемінде қолжетімді несие беріледі. Сондай-ақ, кооперативтердің өздері де 50 млн. теңгеге дейінгі сомада жеңілдетілген несиемен қамтылады. Бір кооперативтің құрамында кемінде 20 қатысушы болуы және олардың әрқайсысында он басқа дейін малы болуы тиіс. Осылайша, кооперативтің әрбір мүшесі өз малын бордақылап, кооперативке өткізеді, кейін оны сатып-өткізумен айналысады. Кооператив шығындарының бір бөлігін өтеуді мемлекет өз міндетіне алады. Шаруагер бордықылаған әрбір мал басына 20 мың теңге, ал, кооперативке тапсырылған сүттің бір литріне 10 теңгеден субсидия беріледі. Мәселен, кооператив 1 литр сүтті 100 теңгеден қабылдап алса, тапсырушыға соның 90 теңгесін, ал, мемлекет 10 теңгесін төлейді.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Махамбет ауданындағы «Первомайский» ЖШС-нің директоры Аманжол Есқараевтың пікірінше, кооперативтер өз кезегінде қолдарына азын-аулақ мал ұстаған ауыл тұрғындарының өнімдерін өткізіп, нәпақасын айыруына, сайып келгенде табыс табуына мүмкіндік туғызады. «Кооперативтер өнімді өндіруден бастап сатылғанға дейінгі аралықтағы жұмыстардың барлығын ұйымдастырып, қамтамасыз етуі керек. Бұрын біздер сүтті сауып, оны комбинатқа өткізетінбіз, сонымен жұмысымыз бітетін. Бәлкім, бұл жерде үлкен болмағанымен кішілеу комбинат құрылысын салуды мойнына алатын инвестор табылып жатса да, артық етпейтін шығар» дейді ол.
Кезінде мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дотация (қосымша қаржы бөлу) арқылы қолдағанының да куәсіміз. Кооперативке әркім өзінің үлесімен кіреді. Осыны ескерсек, кейіннен кооперативтің кірістері мен оның әрбір мүшесіне тиесілі дивидендтер есептелгенде түсініспеушілік туындауы ықтимал екендігін де естен шығармағанымыз абзал.
Атыраудағы алғашқы ұжым
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы салада еңбек етіп келе жатқан индерлік Сәулен Нұғыманов – бүгіндері облысымызда алғашқылардың қатарында құрылған «Нарын» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы. Жаңа құрылымның 20 мүшесі, бағымында 1700-дің үстінде қой, 200-дей мүйізді ірі қара және 40 шамалы жылқы малы бар.
– Біздер бұл қадамға неге бардық? Біріншіден, Елбасының өзі соған шақырып отыр. Екіншіден, ауылдағы шаруагерге нақты көмек пен қолдау осы кооперативтер арқылы көрсетіледі. Үшіншіден, қазіргідей нарық қыспаққа алған қиын шақта бірлесіп іс қылғаннан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Саналы ғұмырын аграрлық салаға арнаған ардагер ретінде өз басым мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын толығымен қолдаймын. Кооперативіміз мал шаруашылығы бағытында құрылып отыр. Мүше болып кірушілерден кем дегенде 10 бас қойы мен бір сиырының болуы талап етілді. Енді артықшылығымызға келсек, кооперативтің құрамында үш бірдей шаруа қожалығы бар, қалғандары – ауласында азын-аулақ малын бағып отырған қарапайым ауыл адамдары.
Кооператив болғасын ең әуелі қолдағы малды жеткілікті жемшөппен қамтамасыз етуіміз қажет. Біздің жағдайымызда, бір көлік пішеннің бағасы 35 мың теңге болып тұрғаны – ауылдықтар үшін айтарлықтай жеңілдік. Негізінен алғанда, қысқы азық – малшылардың алдында тұрған бас ауыртар мәселе. Күннің ыстығы мен құрғақшылықтың салдарынан жаз шығысымен бар шөптің өзі күйіп, қурап кетеді. Сол себепті де қыстық пішенді жыл сайын көршілес Батыс Қазақстан облысының аумағынан дайындап алуымызға тура келеді. Осыған дейін де шаруа қожалығы ретінде жұмыс жасап келгендіктен бұл істе жинақтаған тәжірибеміз де баршылық. Екінші бір айтарым, кооператив әрі қарай селекциялық жұмыстармен айналысуы үшін өз мүшелерімізге асыл тұқымды аталық малдарды сатып алып беруді ойластырудамыз. Нәтижесінде оларға әрбір бас мал үшін мемлекеттен әжептәуір субсидия төленеді.
Ортақ меншік болғандықтан мал басының талапқа сай бағып-күтіліп, шығынсыз өсірілуін қамтамасыз ету де басты міндетіміз болып табылады. Өзіміздің қасапханамыз да бар. Осында сойылып, бұтарланған ет өз көлігімізбен сапалы күйінде облыс орталығындағы сауда орындарына жеткізіліп, сол жерден қолжетімді бағаға тұтынушысын табады. Оған қоса, кооператив мүшелері өздеріне қажетті материалдар мен қызмет түрлеріне белгіленген жеңілдік шарттарын пайдалана алады. Әрине, «бұдан кооператив мүшесінің көретін нақты пайдасы қандай?» деген сұрақтың туындауы да – заңдылық. Келісім-шарт бойынша мал тапсырған адам кооперативтен оның 50 пайыздық құнын алады. Қалғаны кооперативтің ақшасы болып есептеледі. Сондай-ақ, өткізген әрбір бас мүйізді ірі қара малы үшін мемлекеттен оған 20 мың теңге субсидия беріледі. Бордақылау алаңдары мен аула-қоралардан тасымалданып шығарылатын қоқыс-қалдықтар тиелетін көлікті жалдауға да жеңілдіктер қарастырылған.
Кооператив құрғасын қажетті техникаларды да несиеге алуға болады. Сәйкесінше, бұлардың қаржылай шығыны субсидия есебінен өтеледі. Жасыратыны жоқ, осы мезгілге дейін ауылдағы шаруаның алға басуына екінші деңгейлі банктерден берілетін несиені алудың қиындығы, кепілге салынатын мүліктің тапшылығы, табылғанының талапқа сай келмеуі себепші болғаны да шындық. Шаруалардың бас біріктіріп, кооперативтерге кіруі мұндай проблемалардың шешімін табуына септеседі деген сенім бар. Ісіміз оңғарылып, алға басып жатса «мал өсіріп, ет өндіріп қана қоймай, сүт өндірісін де жолға қоямыз деген ойдамыз» дейді шаруагер.
Мұнайлы өңірдегілер де мүдделі
Айтпақшы, жаңа құрылымға мүше болуға аймақтың малды өңірлерінен өзге мұнайлы Мақаттың тұрғындары да қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда ауданда 2455 бас қой-ешкі, 1161 мүйізді ірі қара, 593 жылқы мен 380 түйе малы тіркелген. Төрт түліктің саны аздау көрінгенімен, мұнда да атакәсіппен айналысатын төрт бірдей шаруа қожалығы бар екен. Солардың арасынан асыл тұқымды түлік шаруашылығын дамытуды ұйғарған «Болашақ» шаруа қожалығы «Құлан» бағдарламасымен 14 бас «жабы» тұқымды жылқы сатып алған.
Мәселеге қатысты жауапты мамандар жақында бұл өңірге де атбасын бұрып, жергілікті тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізген. Сол басқосуда ауылдықтар жеке қожалықтарындағы малдарын бір жерге шоғырландырып, қауымдасуға құлық танытқан.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ.