«Ауылдан келген базарлық»
Көбіне ата-аналары мен бауырларынан алыс жүріп, отбасының жан жылулығын сағынып жүретін балалар үшін химия – биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Төлепұлының ұсынысымен жүзеге асқан «Ауылдан базарлық», «Отбасы мүшелерінің күні», «Бір бөлменің балалары» сияқты жаңа жобалар оқушылардың көңілінен шығуда.
Жүз отыз екі орындық жатақханадағы оқушылардың елу жетісі Жылыой ауданынан екен. Жылыойлық ата-аналар қасиетті құрбан айт мейрамы тұсында жатақхана дастарқанын базарлықпен толтырды. Оқушылар туған жердің тарихына шолу жасап, ел мерейін тасытып, абыройын асқақтатып жүрген аға-апалары туралы сөз етті. Ән-күйден шашу шашқан әдемі кеш барша оқушылар мен ата-аналардың көңілінен шықты.
Балаларының ризашылықтары мен қуанышын көрген ата-аналар әрдайым оқушылардың ортасынан табылып, қолдау көрсетіп отырған мектеп директоры мен әкімшілігіне алғыстарын білдірді.
Жаңа жобаға қатысқан ұстаздар оқушылармен бірге қазақ тілінде ән салып, ауыл базарлығынан дәм татты. Жылыойлық ата-аналар «Кең Жылыой» атты кітапты тарту етті.
Ендігі кезекте ата-аналар ел егемендігінің 25 жылдық мерейтойына арналған спорттық турнирге қатысуға атсалысып жатса, әжелеріміз өсиет-өнеге мектебіне ұласатын «Отбасы мүшелері күні» айдарымен өтетін тәрбие шарасына қатысуға ниет білдіріп отыр.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.