Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ауылдағы нысандар – ел игілігіне

Ел экономикасын еселеп арттырып отырған «Ембімұнайгаз» АҚ аймақтың әлеуметтік саласын да ұдайы назарда ұстап келеді. Отандық кәсіпорынның жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім-шартқа қатысты әлеуметтік міндеттерін орындауда жаңылған жері жоқ. «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова атап көрсеткендей, компания акционерлік қоғам ретінде құрылған 2012 жылдан бастап күні бүгінге дейін Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға шамамен 2,3 млрд. теңге, республикалық және жергілікті бюджетке салық есебінен 654 млрд. теңге және демеушілік пен қайырымдылық ретінде 2 млрд. теңге қаражат бөлген.

Ауылдағы нысандар – ел игілігіне-2

Биыл компания жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімге сәйкес Өңірлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында 840 млн. теңге бөліп, қазіргі таңда бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бізге көптің игілігіне жаратылған Қызылқоға ауданының Сағыз және Тасшағыл ауылдарындағы екі пәтерлік бес үйді, жүз орындық балабақшаны, Мақат ауданындағы үш жүз орынға негізделген О.Сарғұнанов атындағы орта мектеп пен Исатай ауданының Тұщықұдық және Жанбай ауылдарындағы «Құлыншақ» балабақшасына салынған жапсаржай мен екі жүз орындық Мәдениет үйін  көзбен көріп, танысудың сәті түсті.

Сағыз ауылдық округінің әкімі Еркін Сұлтановтан алынған мәлімет бойынша, ауылда мың жарымға жуық үй бар. Биыл «Ембімұнайгаз» компаниясының қаржылай қолдауымен кезекте тұрған, әрі әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын тұрғындар мен жолдамамен келген қажетті мамандарға арнап сегіз үй тапсырылған. Осындай баспанаға ие болған еңбек ардагері Ару Шелтеуованың жасы 73-те, ұлы мен келіні бірдей өмірден өтіп, олардан қалған жеті немересін өзі бағып-қағып өсірген. Балалардың кішісі ата-анасынан айырылғанда үш жаста болған екен, қазірде алтыншы сыныпта оқиды.

«Бұл үй бізге құтты болып келді. Осыдан бір ай бұрын немеремнің тұңғышы үйленіп, келін түсірдік»,-дейді осындай сауапты істі атқарып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Ару анамыз.

Оның іргелес көршісі Балсұлу Медеуованың жолдасы 2005 жылы қайтыс болған. Ұзақ жылдар үш баласымен өз баспанасы болмағандықтан, қайын інісінің үйінде тұрып келіпті. Ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қызмет ететін Балсұлудың «қайран үйім, өз үйім» деп арқаны кеңге салып жататын жағдайға жеткізген кәсіпорынға алғыстан басқа айтары жоқ. Су жаңа, коммуналдық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілген тұрғын үйлердің бірі тәртіп сақшысына, екіншісі шақыртумен келген жас отбасына берілген екен. Сағыз ауылдық ауруханасында психолог және акушер-гинеколог болып еңбек ететін Оралбай Түгелбаев пен Сайран Смағұлова былтыр Ақтөбе қаласынан келіпті. Бірі – Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің, екіншісі – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің түлегі. Бұған дейін ауылда әйелдер дәрігерінің мүлдем болмағанын ескерсек, жас жұптың келуі сағыздықтардың денсаулық жағдайының жақсарып, дертінен айығуына үлкен септігін тигізіп отыр деуге әбден болатындай.

Біз кетуге оқталғанда ұзақ жылдар бойына екі ұлымен үйсіз жүріп, балаларының бағына орай баспанаға қол жеткізген жалғызбасты ана Асыл Есекенова әдейілеп жолыға келді. Мамандығы заңгер Асыл «Бізге қамқорлық көрсетіп, жұмыспен, үй-жаймен қамтамасыз етіп отырған мемлекетке, жергілікті басшылық пен компанияға рахмет айтқым келді» дейді.

Ауылдағы нысандар – ел игілігіне

Сонымен қатар, осы жылы Тасшағыл ауылындағы полиция қызметкері мен көп балалы шаңырақ иелері де екі үйлік тұрғын үйге жайғасып, «қоныс тойларын» атап өткен. Бұл ауылдың тұрғындары бұрын мектеп жасына дейінгі балаларын бар-жоғы 14 орындық балабақшаға апарушы еді. Екі мыңдай халқы бар елді мекен үшін оның аз екені айтпаса да түсінікті емес пе?! Енді екі қос қабатты, зәулім балабақша бой көтеріп, соның арқасында 4 топтағы 105 сәби қамтылып отыр. «Жазира» балабақшасының меңгерушісі Ұлан Керееваның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымда мамандар мен тәрбиешілер саны жеткілікті. Оң жаңалықтың бірі – ауылдық жерге жоғары оқу орнын бітірген білікті мамандар көптеп келіп жатыр. Солардың бірі, балабақшадағы саз жетекшісі Жаннұр Шәріп өткізген «Алтын күз» шарасының жоғары деңгейіне риза болып, сүйсініп қалдық.

Соңғы жылдары облыс көлемінде мектеп, балабақша, аурухана, емхана сынды әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Осындай оң бастамаға атсалысып отырған мұнай компанияларының бірі – «Ембімұнайгаз» АҚ Доссор поселкесіндегі О.Сарғұнанов атындағы орта мектептің құрылысына қаражат бөлді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары бой көтерген мектеп ғимараты ескіріп, заманауи талаптарға сай білім бере алмай тұрған. Ал, жаңа үш жүз орындық білім ошағында 471 бала оқып жатыр екен, ұстаздар саны – 48, ән-би, математика, ағылшын тілі сияқты он үш үйірме балалар үшін тегін. Лингафон, компьютер кабинеттері көптің игілігіне қызмет етуде, бес интерактивті тақта бар. Сонымен бірге, 32 бүлдіршінді қамтып отырған шағын орталық жұмысбасты ата-аналардың қолын ұзартып-ақ тұр.

Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы «Құлыншақ» балабақшасына – биыл 60 жыл. Осыдан екі жыл бұрын «Ембімұнайгаз» АҚ қаржылай қолдауымен балабақшаға іргелес нысан құрылысы салынып, қосымша екі топ, сәбилерді бір жарым жастан бастап алуға мүмкіндік беретін бөбекжай ашылды. Бұрын балалар шығармашылықпен спорт залында жаттығып келсе, енді өз алдына бөлек акт залы, Монтессори кабинеті, математика, тіл үйрену, сурет салу кабинеттері пайдалануға беріліп, медициналық бөлімше үлкейтілді.

– Ғимаратымыз кеңейгесін мүмкіндігіміз де артты. Алпысқа тарта баланы қамтып, он бес адамды жұмысқа алдық, — дейді балабақша директоры Алма Ғибатуллина. «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» дегендей, демеуші мекеме «Құлыншақтың» жиһазынан бастап ойыншықтарына дейін тегіс жаңартыпты.

Ауылдағы нысандар – ел игілігіне-3

Үш жарым мыңнан астам тұрғыны бар Жанбай ауылында мәдени-көпшілік орынның жоқтығы шешімін күткен мәселе болатын. Осыдан бірнеше ай бұрын отандық мұнай компаниясының қаражатына ауылда Мәдениет үйі салынып, аз уақыттың ішінде онда КВН, Қарттар күніне арналған концерт, айтыс өткізілді.

Осы аталғаннан бөлек, кәсіпорынның келісім-шарт міндеттемелеріне сәйкес ұстанған тағы бір бағыты қазақстандық мамандарды даярлауға байланысты. Компания қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және қазақстандық студенттердің жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы оқу ақысын төлеуге қомақты қаржы бөліп келеді. Қазақстандық мамандарды дайындау бағытындағы компанияның қолдауы төрт бағытта жүзеге асуда. Атап айтсақ, студенттердің оқу ақысын төлеу, Дуальдық оқыту, Стипендия төлеу бағдарламалары және студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі. Осы ретте, компанияның әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан, сонымен бірге, оқу үлгерімі жақсы, білім алуға құлшынысы жоғары жастарды әділ де принципті түрде қамтуға ұмтылатыны көзге түседі.

Атыраулық Айсана Мырзабай Атырау мұнай және газ университеті Индустриалды технология факультетінің «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығына оқып жатыр. Үшінші курстың студенті отандық кәсіпорынның квотасын осымен екінші жыл қатарынан ұтып алды. Ал, Нұрбек Сәкембай – Махамбет ауданынан. Ол да аталған оқу орнының экономика факультетінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығына оқып жатыр. Бір мүгедек жанды бағып-қағып отырған Айсананың, бірнеше студентті ақылы түрде оқытып отырған көп балалы Нұрбектің отбасыларына балалары үшін оқу төлемақысын «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының көтеріп отырғаны – үлкен жеңілдік. Болашақ мамандар бізбен әңгімесінде компанияның өздеріне қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп қана қоймай, жақсы оқуға жігерлендіріп отырғанын да атап көрсетті.

Қазіргі таңда Қызылқоға ауданының ауылдарында 424 орындық орта мектептің, 290 орындық балабақшаның, фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған он үйдің, Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы 160 адамға негізделген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Демек, алда атқарар іс көп! «Ембімұнайгаз» АҚ-ның мақсаты айқын, межесі биік! Лайым осы биіктен көрінгей!

Құралай ҚУАТОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button