Кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады

2020 10 22 969c82e9c335a268862d3fb1fa0df74a 1 Жаңалықтар

Еріктілер форумында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде олар қоғамның түрлі саласында белсенді жұмыс істеп жүргенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Қазақстанда 2022 жылы «Еріктілер жылы» болды. Біраз жұмыс атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлер ұйымының саны үш есе өсті. Яғни 680 ұйым бар. Еріктілер саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған ерікті дайындықтан өтті. «Qazvolunteer.kz» платформасы жасалды. Яғни бүгінде елімізде кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл еріктілерге беріліп отырған зор мүмкіндік екенін атап өтті. Волонтерлер Иордания, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтағанын айтты.

«Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ-ның өкілдеріне алғысымды айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Еріктілер қатарында қоғамға адал қызмет ету – бір күндік немесе уақытша жұмыс емес, әр еріктінің өз еркімен таңдаған өмірлік мақсаты. Ерікті болу ең алдымен патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан өзге Президент еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосатынын және жанаршылық қазақтың қанында бар қасиет екенін атап өтті.

«Халқымыз қиындыққа тап болған жандарға көмегін аямаған. Елбасына күн туған, қиын-қыстау кезде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз. БҰҰ-ның 75-сессиясында халықаралық волонтерлерді жұмылдыру жылын жариялауды ұсындым. Бұл бастама осы тамаша дәстүрді одан әрі дамыту үшін қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз