Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

АУРУ ТУҒЫЗАТЫН АРЗАН АС

Atr.kz/30 қазан, 2020 жыл. Зымырандай зулаған уақыт өзінің шарттарын алға тосатыны рас. Жұмысбасты замандастарымыздың тамақ дайындауға ғана емес, дұрыс тамақтануға да уақыты бола бермейтіні жасырын емес. Сондықтан, қызметтен қолы босаған санаулы минуттарда тез дайындалатын тағаммен қарын тойғызуға мәжбүр. Осынау уақыт жетпестіктің салдарынан тез дайындалатын кеспенің жұртшылық сұранысына айтарлықтай ие болғанын айтқан абзал.

Т е з д а й ы н д а л а т ы н қ ұ р ғ а қ тағамдардың таңғы асқа қолданыла бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Оның сұранысқа ие болуының ең бірінші себебі, арзандығында жатса керек. Әсіресе, орта және төменгі табыс табатын отбасыға өзі тез, өзі арзан кеспе қолайлы емес пе? Аталған тағамның қаншалықты сұранысқа ие екендігіне ғаламшар тұрғындарының 80 миллиардтан астамының «Роллтон», «Доширак», басқа да фирмалар шығарған тез дайындалатын кеспелерді тұтынатыны жөніндегі статистика жауап бере алады.

Былайша айтқанда, Жер шарында әрбір 4 минут сайын бір адам қайнаған суға кеспе порциясын бұқтырып отырады екен. Айта кетерлігі, аталған тағам Қытай мен Индонезия сияқты миллиардтаған т ұ р ғ ы н ы б а р елдердің ғана емес, жоғары технологиясы мықты дамыған жапондықтардың да сүйікті асы көрінеді. Ал, дәрігерлер, тез дайындалатын тағамдардың ағзаға айтарлықтай зияны туралы айтып, дабыл қағуда. Шындығында солай ма?

Кеспелер неден дайындалады?

Осы бір атышулы кеспелерді Қытайда сонау қытай-жапон соғысы кезінде ойлап тапқан деседі. Қытай армиясының әр сарбазына құрғақ азық-түлік ретінде кептірілген кеспелерді берген екен, оны сарбаздар печенье сияқты кеміріп жеп, асқазанның сұранысын басуға мәжбүр болыпты. Соңынан кеспелерді қуырып, оны ыстық суға бұқтырып жұмсарту идеясы туындаған. Бүгінде аталған тағамды әлемде әртүрлі фирмалар жасайды. Бірақ, олардың дайындау рецептісі, шынын айтқанда бірдей. Кеспені жасау үшін бидай ұнын суға илейді. Дайындалған қамырды сығымдап, қағаз сияқты жұқа етіп жазады, сосын мыңдаған шарғы жіп тәрізді бөліктерге кеседі. Әдейі жасалған конвейерден өткен кеспе баршаға таныс спираль тәрізді қалыпқа түседі, одан кейін кептіріледі және қуырылады.

Құрғақ тағамның құрамы

Енді тағамның құнарына көз жеткізіп көрелік. Неліктен диетологтар мен дәрігерлер оған осыншама сын айтады? Су мен бидай ұнынан басқа құрғақ тағамның құрамында әйгілі амин қышқылы – натрий глютаматы бар. Ол дәмдегіш және консервант ретінде қолданылады. Аталған тағамдық дәмдеуіш ағзаға зиянды канцерогендік зат болып есептеледі. Сондықтан, оны әлемнің көптеген елдерінде тағамға қолдануға тыйым салған. Посткеңестік кеңістік елдерінде натрий глютаматын ет, консерві және кондитерлік өнімдерге пайдалануға рұқсат берілген. Құрғақ кеспелердің екінші бір компоненті – пальма майы. Бұл өте арзан азық-түлік түріне жататын өнім. Пальма майында ағза үшін пайдалы май қышқылы бар. Бірақ, ағзаға зиян келтіретін май қышқылдарының бары да жасырын емес. Олар қандағы холестерин деңгейін көтеріп қана қоймайды, жүрек-қан тамырлары ауруының пайда болуын да тездетеді.

Тағы бір ескеретін жағдай – эмульгатор мен хошиістендіргіш «Премикс» тағамдық қоспасының қосылуы. Осы қоспаның әсерінен құрғақ кеспе қайнаған су қосқан кезде тез бөгеді және тауық, сиыр еті, басқа да сорпалардың дәмі мен иісін шығарады. Әлбетте, мұндай «химия» ағзаға пайда әкелмейді, оны қауқарынан айырады. Турасын айтқан жөн, тез дайындалатын кеспенің дайындау процесінен кейін қандай да болмасын тағамдық пайдалы құндылығы жоқ екені айқын. Мүмкін, көкөніс пен тауық етін, басқа да тағамдарды қосып жеуге болатын шығар, алайда, ағзаға «Роллтон» мен «Доширак» пайдалы деп айта алмаймыз.

P.S.

«Лидер» супермаркетінен шыққан жас әке жетегінде жылаған ұлына «Чипсы» қытырлақ картобының бір қорабын ұстатты. Дереу көз жасын тия қойған кекілді ұл кішкене саусақтарын жыбырлатып, қорап ішіндегі қытырлақ картопты жей бастады. Сол «Чипсыдың» құрамында тек крахмал мен ұн, натрий глютоматы, майдан басқа қоректік зат жоқ екенін жаңағы жас әке білмейді-ау! Өз ұлының ағзасын зиянды қоспа арқылы өзі улап тұрғанын білсе, бермес еді…

Иә, төрт түлік малмен көзін ашқан қазақ аштық пен жұт жылдары болмаса, өзен-көлдердегі балықты да құнарлы тағам ретінде санамаған. «Балық жегеннің қауқары жоқ», «Түсте жеген балық кешке жетпейді» деген сөздер – соның айғағы. Алайда, бүгінде қытай кеспесін қорек ететіндерді көрсе, сол бір қара шалдар не дер еді? «Адамның жасайтын тірлігі – жейтін тағамына байланысты» дегенді де сол кеудесі қазына қариялар айтып кеткен.

Олай болса, ойланған дұрыс. Пандемия кезінде ағзаны әлсіретіп, қытай кеспесін, қытырлақ картоп, кептірілген нан жемей, құнарлы тағамдарға, соның ішінде етке ден қойған дұрыс. Өйткені, ет тағамдарында белок, иммунитетті көтеретін дәрумендер бар, олар ағзаны күшейтеді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button