
Әуесқой балықшылар сынға түсті
Атырау қаласында «ATYRAU FISH DAY» мұз астынан балық аулау фестивалі өтті.
«Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған іс-шара Атырау облысының табиғи байлығын насихаттау, өңірдегі экотуризмді дамыту және балық аулауды
қызығушылықпен өткізуді көздепті.

Жайық жағасындағы іс-шарада соңғы күндері жауған қар мен күннің ызғарына қарамастан бас-аяғы 11 командадағы 33 қатысушы белсенділік танытты.

– Бұл фестивальге облыстағы әуесқой балықшылар қатысып отыр. Команда құрамында кемінде 3 балық аулаушы болуы тиіс. Топтағы әрбір балықшыға екі қармақтан және бес ілмектен артық пайдалануға рұқсат етілмейді. Қатысушылардың өздерімен бірге қажетті жабдықтар мен құрал-жабдықтар болуы тиіс. Қатысушылардың балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауы
міндетті. Сонымен қатар экологиялық ережелерді сақтау, суды ластамау,
табиғатты қорғауға ерекше назар аударуы ескеріледі. Аулау нәтижесі мен оның сапасы, сондай-ақ қатысушының белсенділігі мен шеберлігі бағаланады. Конкурс ережелерін сақтау, тәртіпті болу да назарға алынады. Спорттық әдептілікті сақтау маңызды. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын, — дейді орталық басшысы Болатбек Нұрлыбайұлы.

Сонымен қатар іс-шарада командалар ең ірі, салмағы ауыр балықтарды аулап қана қоймай, ең жылдам балық аулау шеберлігін көрсетіп, балық аулау кезіндегі техникалары мен шеберліктерін де танытуға тырысты.
Оған қоса сирек кездесетін балықтарды аулап, белгілі бір балық аулау әдістерін
қолданған, қатысушылар өздерінің өміріндегі балық аулау сәтіндегі ерекше қызықты оқиғаларға тоқталса қосымша ұпай берілетіндігі айтылды.
Сәске уақытында басталып, талтүсте аяқталған фестивальдің қорытындысында «Золотой песок» командасы ең көп балық аулаған және салмағы көп балық аулаушы команда атанса, «Атырау Балықшылары» командасы ең үлкен балық аулаған команда болып тіркелді.
Ал фестиваллдің үздік балық аулау шебері аталымын Айбек Сәкенов иемденсе, қармағына бірінші болып балық түсірген қатысушы Азамат Ізбасаров жылдам қармақ аталымына ие болды.
Өзге де қатысушыларға Алғыс хат табысталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара барысында жергілікті полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері қауіпсіздік пен тәртіпке баса назар аударды.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ