Иманқара үңгірі жайында не білеміз?

i 1 Жаңалықтар

Қазақ  жерінің әр төбесі тұнған тарих.  Әр тауының, әр тасының таусылмас сыры, мол жұмбағы бар.  Хантәңірі, Қазығұрт, Ұлытау туралы аңыз әңгімелер ел ішінде аз емес. Ал, «төбелерін тау дескен» Атырау топырағында шынымен де тарихы мың жылдық таулар болған. Табиғаттың өзі тау қылып жаратқанмен, ғасырлар өте төбе, қырат деңгейіне дейін аласарған. Бүгінде тұрқы мен атауынан аңыз тараған таулардың бірі – Иманқара.

i

Ғасырлар  құпиясын   жасырған

Бұл тау – Жылыой ауданы, Құлсары кентінің солтүстік шығыс бетінде орналасқан. Ұзындығы – 2 шақырым, ені – 300 метр, биіктігі – 200 метр. Белгілі археолог, академик Зейнолла Самашевтың зерттеуінше, Иманқарада  сарматтар жерленген. Жергілікті халық бұл жерді «қасиетті» деп біледі. Тауға барып түнеп, құлшылық етушілер де кездеседі. Бұл үрдіс ерте темір дәуірінен бастал-ғанға ұқсайды. Орта ғасырларда да  адамдар  қасиетті Иманқара тауына келіп, арман-тілектеріне ниет ететін болған. Таудың батыс сілемінде құлпытастар бар. Топырақ пен тастан үйілген он зират, бор тасынан қаланып жасалған бір сағана там орналасқан. Көлемі – 3х4 метр. Өңделмеген тақта құлпытастардың бетіне ру таңбалары салынған. Қабірлер шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың бедері болса керек. Ал, батыс жақ етегінде асфальт құрамды тау жынысында үңгір орналасқан. Үңгір де тау атымен ел ішінде «Иманқара үңгірі» деп аталады.

Академик Зейнолла Самашев 1989-1991 жылдар аралығындағы археологиялық қазба жұмысының нәтиже-сінде алты обаны, біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын қабірлерді тапты. Қабірлерде адам сүйектерімен бірге қанжар, қола жебе, қола айна, шыны моншақ, қыш ыдыстар көмілген. Қорғандар биіктігі 0,5-1 метр аралығында, диаметрі 3-15 ме-трге дейін жетеді. Екінші рет 2005 жылы Атырау археологиялық экспедициясы арнайы зерттеу жұмысын ұйымдастырғанда 18 оба табылған. Үңгірдің биіктігі – 2 метр, ені 2,5 метр. Тереңдігі – 25 метр. Тік төрт бұрышты болып қазылған. Үш дәлізден және қуыстардан тұрады. Жұмсақ құмайт жынысты кеулеп қазып, қосалқы дәліздер жасалған. Қабырғаларында күрек, қайла іздері байқалады. Үңгір қабырғалары мен төбесі күйеден қарайған. Қазылған үңгірдің топырақ-тасы 10 метр қашықтықта үйіліп жатыр.

Қазіргі кезде кейбір зерттеушілер үңгірді 1911 жылы жасалған деп болжам жасайды. «Ағылшын кәсіпкері Нобель 1911 жылы Ембіде мұнай кендерін іздестіруге концессия алған. Сол кезде қойма ретінде қазуы мүмкін. Өйткені, мұнай қондырғысы «кездігінің» орны бар» дейді өлкетанушы Юрий Пастухов.

Үңгір қайдан  пайда болды?

Ал, Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау мемлекеттік  инспекциясының археология ғылыми-зерттеу секторының маманы Сейілхан Мираш қойма ретінде үңгір қазудың сол кездегі қиын, әрі қымбатқа түсетінін ескеріп: «Мұндай мәліметке сену қиын. Жертөле  немесе үй салынды десек, нанымды болар еді»  дейді.

– Үңгірлер жасанды және табиғи болып бөлінеді. Табиғи үңгірлер – әк, бор, гипс, тағы басқа тау жыныстарының суға еруінен пайда болатын кеңістік. Ғылым тілінде «карстабразиялы үңгір» деп аталған. Облыстық инспекцияның археология ғылыми-зерттеу секторы мамандарының пайымдауынша, Иманқара алғашында табиғи үңгір болуы мүмкін, кейін тау жыныстарының жұмсақтығынан кеңейтіліп, қазіргі жобасына өзгер-тілген. Алғашқы кезде адамдар бұл өңірді Жаңа тас (неолит) дәуірінде біздің эрамызға дейін 5-3 мың жыл мекендегені белгілі. Кейін ерте темір дәуірінде және орта ғасырда да Иман-қара тауында адамдар мекендеп, обалар мен қорымдар салған. Одан соң үңгір жер асты храмы ретінде пайдаланылған.

Жасанды үңгірлер пайдалы қазба байлықтары нәтижесінде қазылатыны анық. Мәселен, Жезқазған жерінде өте ерте кезде мыс кендерін қазып алған жасанды үңгірлер көп. Сондай-ақ, үңгірлерді отқа табынушылар, буддалықтар жер асты храмдары ретінде өздері қазып алғандары жайлы тарихта айтылады. Оңтүстік Қазақстанда, Маңғыстау жерінде ондаған жер асты үңгірлері мен қорымдары ислам діні келгенге дейін «киелі орындар» болып, кейіннен мешіттерге айналған.  Шақпақ  ата (9-10 ғ.), Шопан  ата (10-13 ғ.), Есен  ата (12-13 ғ.), Бекет ата (1777-80 жж.), Сопыбай әулие (18 ғ.), тағы басқа үңгірлер қазылып, жер асты мешіттері салынған.

Иманқара тауы ұшы қиырсыз жазық далада ондаған шақырымнан ерекше асқақтап көрінеді. Табиғаттың шеберлігіне тәнті боласың. Таудың жанында ақ ұлу, бор тастан жасалған кішігірім төбелер тұр. Бір кездері тау-тастың айналасынан ерте кездегі динозаврлар мен ежелгі акулалардың да қаңқа сүйектері, тістері табылған екен. Ерте дәуірдің тылсым да, таңғажайып дүниелері, көне жәдігерлері өлкетанушы Юрий Пастуховтың палеонтологиялық  мұражайында  бар.

Неге  Иманқара атанған?

Ал, енді «Иманқара» деген атау қайдан шықты?» деген сауалға жауап іздесек, екі болжам айтылады.  Біреуі – кісі аты. Иманқара деген адамның құрметіне қойылуы мүмкін. Өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев: «Иман-қара мен Қойқара таулары кезінде Адай көтерілісі бастау алған жер болды. Мүмкін, көтерілісті бастаған немесе ерлігімен көзге түскен батырлардың есімдерімен аталған болуы керек. Сондықтан, тарихты зерттегенде бір ғана нұсқаны алмай, жан-жақты дәлелдерді келтірген дұрыс» дейді.  Ө.Әлімгереев айтып отырған екінші тау – Қойқара тауы да Иманқараның дәл жанында орналасқан. Алыстан үлкенді-кішілі боп, иық тіресіп тұрады.

Екінші нұсқада  «Иман» сөзінің араб тілінен аударылғанымен байланыстырылады. Бұл жердегі сөздің түбірі «Иман» – биік, ұлы, қасиетті, киелі деген ұғымдарға саяды.   «Қара» сөзі – кәдімгі алыстан қарауытып, «көз ұшында тұр» деген мағынада.  Осыдан келіп ол толықтай Иманқара деген атау алған. Моңғолдарда да «хара» сөзімен бітетін биіктік атаулары кездеседі. Фоносемантикалық сипатына қарай, Иманқара, Қойқара жер атаулары XII-XIII ғасырлардан кейін пайда болса керек. Қойқара атауы төбенің биіктігін төрт түліктің бірі – қоймен салыстырып қойылған. Яғни, «биік емес, аласа төбе»  деген мағынаны береді.

«Иманқара тауында 1944 жылы неміс фашистерінің диверсиялық топтары жасырынған» деген аңыз-әңгіме де бар (Бұл туралы С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітабында сөз болған). Сондықтан, бұл жерге әлі де археологиялық зерттеу жұмыстарымен қоса, толық ғылыми еңбектер де қажет»  дейді белгілі тарихшы-археолог Марат Қасенов.

Көне мекенді туристік маршрутқа кіргізіп, «культтік ландшафт» ретінде мәдени мұра нысаны деп көрсетуге болады. Жақын маңда Ақкегершін мен Ақтолағай бор қырат-таулары мұнартып көрінеді. Таулар өзінің бор тастарымен, тік жар қабақтарымен ерекше асқақтап тұр. Онда да үңгірлер бар екені айтылып жүр.

Иманқара, Ақкегершін, Ақтолағай, Индер тауларындағы үңгірлерге архео-логиялық және спелеологиялық (үңгіртану) зерттеу жұмыстары әзірге бір ізге түскен жоқ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көне тарихымызды түгендеп, бүгінмен қауыштыру жайлы да айтылады. Ендеше, ғасырлар сырын ішіне бүккен қасиетті жерлердің қадіріне жетсек игі.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз