«Atyraý» газетінің әр санын асыға күтеміз…
Қазіргі таңда «мерзімді басылымды кім оқиды?» деген сауалдың қоғамда қызу талқыланып, түрлі кереғар пікірлердің де айтылатыны жасырын емес…
Газеттен гаджет озған заман болып тұрғаны шын. Алайда, ақпарат айдынында мерзімді басылымның өзіндік алар орны орасан, мүлдем бөлек. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық осы. Ғасырға жуық тарихы бар «Atyraý» газетінің бүгінге дейін жарыққа шығып келуі – мерзімді басылым өміршеңдігінің анық көрінісі.
Облыстың барлық аумағына тарайтын өңірдің бас басылымы өткен жылдан бері заманауи D2 форматына көшіп, сапалық тұрғыда да, көркемдік жағынан да жаңа деңгейге көтерілді. Ақпараттық технологияның қарыштап даму жағдайында дәстүрлі медианың оқылымдылығы күрт кемитіні заңдылық. Соған қарамастан, «Atyraý»-дың биылғы таралымы 10 мың данадан асты. Газетті оқылымды етудің бірден-бір жолы – өзекті де тартымды материал. Бұрынғыдай салақұлаш баяндама немесе бір беттік материалдан гөрі ықшам, әрі жинақы жазуға бағыт алған газет бетінде әр оқиға немесе жаңалық мамандар пікірімен толықтырылып, инфографикамен әрленеді. Жылт еткізіп болған жайды жедел беру – сайттардың басты кредосы. Ал, сол оқиғаны байыптап, себебі мен салдарын екшеу – газеттің озық тұсы.
«Сараптайм» айдары арқалаған жүк те осы. Яғни, мәселені жан-жақты талдап, пайымды пікір, оралымды ойларды оқырманға жеткізе отырып, үн қату. «Халық үні». Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі БАҚ арқалаған ауыр жүкті айқын көрсететін айдар бұл. Кәдуілгі принциптен ауытқып, алдымен ауыл адамдарының айтарына құлақ асып, кейін халық атаған мәселелердің шешілмеу себебін әкімдерден сұраған газеттің жаңа жобасының болашақтағы жоспарлары бұдан да ауқымды.
«Atyraý»-дың «Ныс анасына» алынған келелі мәселелердің күрмеуі шешіліп, құзырлы орындардан толымды жауап алып, оқырманға ұсынғаны да басылымның бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктерінің бірі. Т і р ш і л і к к ө з і с а н а л ат ы н су тапшылығы, әсіресе, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің бүгінгі күрделі ахуалы «Atyraý»-дың ауқымды жарияланымдарынан кейін Мәжіліс төрінде көтеріліп, мемлекеттік деңгейде мәселе қаралуы да газет пәрменінің бір парасы екені қуантады. Құзырлы органның басшысы, белгілі бір талаптардан ауытқымайтын м е м л е к е т т і к қ ы з м е т к е р , і с і н дөңгеленткен кәсіпкердің көңіл түкпірінде не жатыр? Қызметімен қоса өзгелерге өмірі де қызықты саналатын кез-келген кәсіп иесі «Бүкпесіз әңгіме» арқылы айтарымен бөліседі. Сан түрлы қырын танытып, өмір жолы, балалық шағын еске алады.
«Атыраудың» жаңа айдары да оқырман тарапынан оң ықыласқа ие болуда. Мұнайлы өңір топырағынан түлеп ұшып, бұл күнде байтақ елдің әр өңірінде, дүние жүзінің бір бұрышында табысты қызмет етіп, түрлі салада жетістікке жетіп жүргендер аз емес. Елге деген сағынышы мен ыстық ықыласын жеткізген «Алыстағы атыраулықтардың» да газет бетінде жиі жарияланауын сұраған хаттар легі – газет беделінің өсе түскенін аңғартады. Қай істің де тетігін кадрлар шешеді. Қолына қалам ұстаған журналистер – газеттің басты тірегі десек, корректорлар мен беттеуші дизайнерлер – оқырманға жететін өнімнің сапалы да мәнді болуына өз үлесін қосатын сала өкілдері.
Тұтастай ұжымдық еңбектің жемісі саналатын газетте бір адамның жұмысы ақсап қалса, басылымның шығуына елеулі әсер етеді. Мейлі ол журналист, мейлі ол дизайнер, мейлі ол корректор болсын. Сондықтан, «бәріміз біріміз үшін!» деген ұстаным редакция жұмысына тікелей қатысты айтылған. Редакциядағы жұмыс уақыты өзге мекемелер секілді таңертеңгі тоғыздан басталады. Кешігуге болмайды. Жиналыс, іс-шараларды ақпараттандыру мақсатында ғана журналистер мен фототілшіге жұмысқа келмей-ақ, тікелей оқиға орнына баруға рұқсат етіледі. Ал, жұмыстан шығу уақыты әр кезде әртүрлі. Ерте келіп, кеш кету – редакцияның жазылмаған заңдылығы. Газетті жоспарлап, шығару – кәдуілгі пазл жасақтаумен бірдей. Яғни, қиюын келістіріп, құрастыру. Оның ішінде тақырып алуандығы, өзекті мәселе, жанрлық сан түрліліктің сақталуы – ескерілуі тиіс талаптар.
Редакцияның әр бөліміндегі журналистердің өзіне тиесілі тақырып ауқымы бар. Десек те, тапсырма берілсе, «мынау менің мәселем емес» деп ешкім де бас тартпайды. Газеттің мазмұнды шығуына бәрі де мүдделі. Ортақ еңбектің жемісі де сапалы болуы тиіс. Бұл да маңызды. Сондықтан, мәдениет саласын жазып жүрген әріптесіне экономикалық терминдерді, қоғамдықсаяси өмірді жазатын тілшіге денсаулық саласына қатысты тіркестерді тәптіштеп түсіндіруді әр журналист парызы санайды.
Облыстағы газет басу нарығында көш бастап тұрған «Атырау-Ақпараттың» баспаханасында сапалы басылған газет аптасына екі рет оқырманына жетеді. Көңілге түйген кейбір ой-пікірлерін «Atyraý»-ға айтуға асығатын ойлы оқырман редакцияға арнайы келіп немесе телефон шалып, үнемі хабарласып отырады. Журналистерді өз танысындай көретін газет жанашырлары да басылыммен ұдайы байланысуды өз парызындай көреді. Бұл да газет өміршеңдігінің шын көрінісі емес пе?!.
Осыдан 98 жыл бұрын алғашқы саны жарық көріп, қазақтың талай танымал тұлғаларының өрлеу баспалдағының басында тұрған «Atyraý» газетінің бүгіні міне осындай. Ғасырға жуық тарихы бар газет қабырғасында еңбек еткен қаламгерлер ісі жарасымды жалғасып келеді. Ғасырлық белеске бағыт алған басылымның айтары таусылмағай!
Гүлжан ӘМІРОВА