
AtyrauRobo: Облыстық фестиваль болашақ инженерлер мен өнертапқыштарды анықтады
Жастардың техникалық шығармашылығы мен инновациялық әлеуетіне арналған алғашқы өзгеше форматтағы «AtyrauRobo» облыстық жастар фестивалі сәтті аяқталды. Екі күнге созылған ауқымды шараға 400-ден астам оқушы мен студент қатысып, өздерінің техникалық жобалары мен инновациялық идеяларын ортаға салды.

Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Gylym Dauiri» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және облыстық білім беру басқармасымен өзара серіктестік меморандумы аясында өткен фестиваль жастардың техникалық шығармашылық әлеуетін арттыру, инновациялық ойлау қабілеттерін дамыту және жаңа технологиялар мен ғылым салаларында терең білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге ынталандыру мақсатын көздегені анық. Расында, бұл – болашақ техниктер, инженерлер мен IT мамандар үшін бірегей алаң болды.
«AtyrauRobo» екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде облыстың жеті ауданында техникалық шығармашылыққа бағытталған оқыту жұмыстары ұйымдастырылып, инженерлік шешімдер байқауы өтті. Бүгінгі шара – екінші кезең.

Фестивальге арнайы қатысып, жұмыстармен танысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова шараның маңызына тоқталды.

– «AtyrauRobo» – бұл жай ғана фестиваль емес, бұл – жастардың ғылымға, техникалық шығармашылыққа, инженерлік ойлауға бет бұруының нақты дәлелі. Қазіргі заманда ғылым мен технология – елдің дамуының негізгі қозғаушы күші. Біздің міндетіміз – жастарға осы бағытта барлық мүмкіндік пен қолдауды көрсету. Облыста алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл фестиваль – соның айғағы. Бұл бастама өңіріміздегі техникалық білім мен инновациялық дамудың жаңа кезеңін бастап отыр десек артық емес.
«AtyrauRobo» жобасы арқылы біз жастардың бойындағы креативтілікті, сыни ойлауды және командалық жұмыс істеу қабілетін дамытуды мақсат тұтамыз. Себебі, болашақ – осындай дағдыларды меңгерген, ізденуден шаршамайтын, жаңашыл ұрпақтың қолында, – дей келе барша қатысушыға сәттілік, ал жоба авторларына шабыт пен жаңа биіктер тіледі.
Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше бағытта бақ сынады. «AtyrauRobo» робототехника турнирі (Робосумо, сызық бойымен жарыс, басқарылатын роботтар футболы), «AtyrauRobo Hackathon 2025» – 24 сағаттық техникалық марафон, мұнда қатысушылар күрделі инженерлік тапсырмаларға шешім ойлап тапты. Инновациялық жобалар көрмесінде қатысушылар өздерінің техникалық прототиптері мен концепцияларын қорғады. Ал, JasSpace кеңістігінде робототехника, электроника, 3D модельдеу, бағдарламалау, жасанды интеллект негіздері шеберлік сабақтары өтті. Қонақтар үшін интерактивті аймақтар мен VR технологиялары көрсетілді.
Фестивальдің екінші күні APEC PetroTechnic жоғары колледжінде жалғасты. Мұнда белгілі мамандардәрістер оқыды. Спикерлер қатарында – Мақсот Марс (робототехниканың болашағы), Сұлтан Бейбарыс(бағдарламалық қамтамасыз ету), Ануар Сарсенғалиев(жасанды интеллект негіздері), Азамат Багиткалиев(логикалық контроллерлер) болды. Сонымен қатар, студенттерге арналған өндірістік мекемелергеэкскурсия ұйымдастырылды.
Фестивальдің ерекшелігі – тәжірибе мен шабыттың тоғысуы болды. Қатысушылар өз қолдарымен жасалған роботтарды таныстырып, түрлі инженерлік міндеттерді шеше білді. Солардың бірі – Индер ауданынан келген Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің оқушысы Мәлікәждар Әжігерей. Ол сызық бойымен жүретін автономды робот жобасын сәтті қорғап, қазылар алқасының назарын аударды. Оның жұмысы сенсорлар мен бағдарлама арқылы жолды автоматты түрде анықтап, робот қозғалысын нақты бағытта ұстап тұруға бағытталған.
– Бұл робот түрлі кедергілерсіз алдын ала белгіленген қара сызықтың бойымен өздігінен қозғалуға арналған. Жобамның мақсаты – қозғалыс алгоритмдерін пайдалана отырып, нақты бағытта автоматты жүретін құрылғы жасау және оны практикада қолдануға болатын деңгейге жеткізу. Қозғалысты басқару үшін инфрақызыл (IR) сенсорлар пайдаландым. Бұл сенсорлар қара сызық пен ашық түсті беттің айырмашылығын анықтап, сигналдарды моторларға жібереді. Нәтижесінде робот жолдан шықпай, бағытынан ауытқымай жүріп отырады. Мұндай технологиялар өндіріс орындарында, қоймаларда немесе логистикалық жүйелерде тауар тасымалдау процесін автоматтандыруда кеңінен қолданылады. Менің жобам – осы идеяның шағын үлгісі, болашақта бұны күрделендіріп, кедергілерді айналып өту, бұрылу, бағдаршам жүйесіне жауап беру сияқты қосымша функциялармен толықтыруға болады. Бұл жоба маған бағдарламалау, электроника, сенсорлық басқару және логикалық ойлау сияқты көптеген маңызды дағдыларды үйренуге көмектесті. Өзім сияқты жастарды техника мен инженерияға баулитын осындай фестивальдерге қатысу — болашақ кәсібімді таңдауға үлкен әсер етуде, — дейді болашақ ғалым.
Расында фестиваль аясында өткізілген іс-шаралар оқушылар мен студенттердің шығармашылық және инженерлік қабілеттерін шыңдауға, олардың ғылыми-техникалық білімге деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталды. Және тек техникалық білімді емес, командалық жұмыс, жобалық ойлау және шығармашылық еркіндік сынды құндылықтарды дәріптеді. «Gylym Dauiri» қоғамдық қорының төрағасы Нұрсейіт Жәнібектің айтуына қарағанда, «AtyrauRobo» жобасын алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
«AtyrauRobo» – бұл тек жарыс емес, жастарды ғылым мен техникаға баулитын, болашақта жоғары деңгейдегі кәсіби маман болып қалыптасуына жол ашатын маңызды қадам. Фестиваль аясында техникалық білімберу, инновациялық жобалар мен заманауитехнологиялар тоғысып, қатысушылардың кәсібибағытын анықтауға мүмкіндік берді.
Фестивальдің жабылу салтанатында жеңімпаздар мен үздік жобалар иелері марапатталды. Қатысушыларға сертификаттар, бағалы сыйлықтар табысталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ