
Атыраулықтар Милләт Сабырқызын ақтық сапарға шығарып салды (+ФОТО)
Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Атырауда еңбек ардагері Милләт Сабырқызының ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға ағайын-туыстары мен замандастары, қала тұрғындары және қоғам қайраткерлері жиналды. Қоштасу рәсіміне жиылғандардың алдында алғаш болып Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөз сөйледі.
— Біз бүгін ерлерден еш қалыспай, заманында елеулі еңбек еткен апамызбен қоштасып тұрмыз. Бұл қайғы атыраулықтардың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. Өйткені, апамыздың өңірдің дамуына қосқан сүбелі үлесін жұртшылық жақсы біледі, — деді аймақ басшысы.
Еңбек ардагері Милләт Сабырқызының облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын қалыптастыруда еңбегі зор. Ол қос мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Құрманғазы және Жылыой аудандарының, Атырау қаласының Құрметті азаматы.
Аман ШАМАР




