Атыраулықтар кәсіпкерлік нысандардағы санитарлық нормалардың сақталмауын хабарлай алады
Atr.kz/14 тамыз, 2020 жыл. Info Kazakhstan электрондық платформасы карантин режимінде бизнес жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге қоғамдық бақылау қызметін де атқарады, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы ӨКҚ-нің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Атырау облысы бойынша директоры Абдулла Идресов айтты.
— Сайт тек өтініштерді қабылдаумен ғана шектелмейді, ол қоғамдық бақылау функциясын орындайды. Осы арқылы әрбір азамат кәсіпорындардың санитарлық нормаларды бұзғаны туралы шағым бере алады. Ал, кәсіпкерлер жеке кабинетінде қалдырған өтініштерінің статусын бақылап, электронды өтінішті, азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын көре алады, — деді Абдулла Идресов.
Айта кетейік, Info Kazakhstan электрондық платформасының жұмысына қатысты барлық сұрақтарды бірыңғай байланыс-орталығына 1432 (қоңырау шалу тегін) қоңырау шалып, қоюға болады. Сондай-ақ, 8 (71 22) 76- 36-57 және 8 702 500 13 08, 8 701 088 00 45 байланыс нөмірлері арқылы хабарласа аласыздар.