Атыраулықтар дәрігерлерге түскі ас таратып жатыр
Atr.kz/2 шілде, 2020 жыл. Атырауда «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігі дәрігерлерге күнделікті тегін 100 ыстық тамақ жеткізуде.
Адам жанының арашасы болған жандардың көңілін ауламақ ниетте жасалған игі іске атыраулықтар мен жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, қаражат жинаған. Бүгінде ұйымдастырылған акция аясында 650 медицина қызметкеріне ыстық тамақ берілді. Қайырымдылық шараға мұрындық болған «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Еркебұлан Серікқалиевтің айтуынша, ыстық тамақ облыс орталығындағы медициналық мекемелерге кезекпен жеткізілуде.
— Кейде өзіміз қарбалас кезеңде түскі ас ішуді ұмытып кетіп жатамыз. Ал, індетпен күресіп жатқан осындай қиын кезеңде дәрігерлердің тамақ туралы ойлауға уақыттары да жоқ. Десе де, оларға күш керек, халықтың қолдауы да аса маңызды. Сол себепті бұл бастаманы жүзеге асырып отырмыз. Бүгін акциямыздың алтыншы күні, — дейді Еркебұлан Серікқалиев.
Айта кетейік, осыған дейін облыс тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігі 300 отбасын тамақпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, 2 мүмкіндігі шектеулі жанның отасына және шалғай ауылдардағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек көрсеткен.
«Атырау облыстық коммуникациялар қызметі»