Атыраулық «жасылелдіктер» 180 текше метр қоқыс шығарды (+ФОТО)
Atr.kz/22 тамыз, 2019 жыл. 1 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін «Жасыл ел» жасағы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ, 25-тен астам экологиялық акция ұйымдастырып, облыс аумағынан 180 текше метр қоқыс шығарған, содай-ақ, 9 мыңнан астам ағаштарды суарып ретке келтірді.
Ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында 2 000-нан астам сарбаз қала мен облыс аудандарының аумағындағы 1467 гектар жерді тазалады. Бұдан бөлек, күзгі маусымда «Жасыл ел» сарбаздары мұнайлы өлкені көгалдандыру бойынша кең ауқымды жұмыстарды жоспарлап отыр.
— «Жасыл ел» жасағы 1 маусымнан 31 қазанға дейін жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта жастар елдімекендерді абаттандыру, жасыл желектерді күту, суару бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Барлығы 2 200 сарбаз бар, олардың 199-і күзгі маусымда жұмыс жасайтын болады. Жастар көшеттерді отырғызу бойынша еңбек етеді, — дейді «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының басшысы Абылай Құрметұлы.
«Atr-Ақпарат»