Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық жастар денсаулық орталығында тексеруден өтті

Атырау қалалық №6 емханасы жанындағы «Самға» жастар денсаулық орталығында Отбасы күніне орай “Ашық есік” күні өтті.

Шара барысында жастар акушер-гинеколог, уролог, терапевт, андролог және психолог мамандарынан тегін кеңес алып, медициналық тексеруден өтті.

Келушілер артериялық қысымды, қандағы қант пен холестерин деңгейін өлшетіп, психологиялық және репродуктивті денсаулық туралы маңызды ақпарат алды.

— Біздің қызметіміздің басты мақсаты — жастар арасында денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және медициналық кеңестердің қолжетімділігін арттыру, — деді орталық директоры Алишер Талғат.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ерте жүктілік жағдайлары артып келеді, ал Атырау облысы да осы тізімге кіреді.

— Былтыр бізге жүктілігін ата-анасынан жасырып жүрген мектеп оқушысы жүгінді. Ол бұл жайында айтуға қорыққан. Біз онымен және анасымен жеке әңгіме өткіздік. Өкінішке қарай, жас жігіт қызды тастап кеткен, ал отбасы жүктілікті үзу туралы шешім қабылдады. Барлық рәсімдер заң аясында өтті. Қазір біз бұл пациентпен байланыста болуды жалғастырып келеміз, — деп бөлісті дәрігер.

Көбіне орталыққа көмек сұрап қыздар жүгінеді. Психолог Аружан Абужайытованың айтуынша, жастар арасындағы басты мәселе — өзін-өзі бағалаудың төмендігі:

— Біз 21 күн бойы жасөспірімдерге таңертең айнаға қарап, өзіне: «Мен сұлумын» деп айтуды ұсынамыз. Себебі белгілі бір әдет 21 күнде қалыптасады. Осы уақыт ішінде жасөспірімдердің өзін қабылдауы мен көзқарасы өзгере бастайды. Кейін біз арт-терапия өткіземіз: эмоцияларды сурет арқылы жеткіземіз, коллаждар жасаймыз, шығармашылық арқылы өз сезімдерін түсінуге көмектесеміз. Жақында бізге екі қыз бала жүгінді: біреуі буллингке ұшырап, басқа мектепке ауысты, ал екіншісі қатты күйзелісте болды. Орталықтың мәліметінше, Атырау облысында 10-29 жас аралығында 209 531 жас бар. Соның ішінде 114 676 жас «Самға» жастар денсаулық орталығына тіркелген, қалғандары №7 қалалық емхана жанындағы «Сенім» орталығына қарайды. «Самға» орталығының қамқорлығында 91 мектеп, 7 колледж және 1 жоғары оқу орны бар. Биыл 13 анонимді өтініш пен екі отбасылық кеңес тіркелді. Ашық есік күніне №39 мектептің 11-сынып оқушылары қатысты.

— Біз сыныптастарымызбен бірге флюорографиядан өтіп, психологиялық тренингке қатыстық. Маған бәрі ұнады. Мұндай орталық бар екенін білмеппін, — деді оқушы Рамазан Аманжанұлы.

Арайлым Елеубаева терапевт пен гинекологтың қабылдауында болды: — Дәрігерлердің кеңестерін жазып алдым. Көп пайдалы ақпарат білдім. Орталыққа алғаш рет келген Даурен есімді жас жігіт те өз пікірімен бөлісті:

— Бұл орталық туралы жақында білдім. Денсаулықты үнемі тексеріп тұру керек деп ойлаймын, әсіресе ер адамдар үшін. Өкінішке қарай, көпшілігіміз дәрігерге жиі жүгінбейміз. Мен урологқа қаралдым, маған бірнеше анализ тапсыру ұсынылды. Ең бастысы — бұл қызметтердің қолжетімді әрі тегін болғаны қуантады. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар жастарды тек ақпараттандырып қана қоймай, дәрігерлерге деген сенімді арттырады, ең бастысы — кез келген уақытта көмекке жүгінуге болатынын көрсетеді.

Рахима ХАЛЕЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button